МӘМС: жаңа жүйе жарылқай ма?
Бұған дейін халық арасында жиі талқыланған Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне 2020 жылдан бастап түбегейлі көшетін болдық. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов Үкіметте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтердің жаңа пакеттерімен таныстырып, медициналық көмекті кімнің тегін алу құқы бар, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне не кіреді, жарна төлегендерге көрсетілетін қызметтер несімен ерекшеленетінін тәптіштеп берді. Оған сай тұрғындар екі түрлі медициналық пакет бойынша көмек алады. Яғни, келер жылы кепілдендірілген медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қатар жүреді. Бірінші пакет бойынша Үкімет жарналардан түскен қаржыны өз мойнына алады. Яғни, Үкімет 15 категория бойынша жарнаны өзі төлеп отырады. Оның ішінде балалар, мүгедектер, ҰОС ардагерлері, зейнеткерлер, батыр аналар, үш жасқа дейін баламен отырғандар кепілдендірілген медициналық пакет арқылы тегін көмек алады. Бұрынғыдай алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем шақыру, санитарлық авиация көмегі, басқа да науқастың өмірін құтқаруға қажетті дәрігерлік көмектің барлығы тегін көрсетіле береді. Екіншіден, науқастың дертін анықтау мен толықтай емдеуге қажетті шығынды жабу ендігі жерде МӘМС жүйесі арқылы іске асырылады. Бұған маман дәрігердің кеңесінен бастап, дертті анықтау мен емдеуге қажетті шараның барлығы кіреді. Стационарлық ем алу түрі мен дәрі-дәрмек тізбесі ұлғаяды. Қажетті диагностикалық құрылғылар мен қондырғылар қызметі де қолжетімді болмақ. Яғни, қазіргі күні тұрғындар қосымша қаржы шығындап отырған медициналық қызметтердің барлығы міндетті сақтандыру жарнасы есебінен төленеді. Азаматтар өз табысынан тиісті мөлшердегі соманы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының есебіне аудара алады. Жинақтау жүйесіне төлейтін жарна мөлшері сатылап өсетіні тағы бар. Мысалға, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті жарна табыстың 1 пайызын құраса, 2018-2019 жыл аралығында 1,5 пайызға өзгерді. Ал алдағы жылдан бастап жарна 2 пайызға көбейіп, 2022 жылдан 3 пайызды құрауы тиіс. Бұл емдеу мекемелеріне қойылатын талапты күшейтіп, бәсекелестікті арттырады. Тек жарна уақытылы төленуі тиіс. Мәселен, медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден Алматы қаласы көш бастап тұр. Қорға жиналған жалпы қаржының 20 пайыздан астамы мегаполис тұрғындарына тиесілі. Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақтың айтуынша, 2020 жылы толық қолданысқа енгізілетін жүйе 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде іске қосылды. «1996 жылы тәжірибе ретінде енгізілген медициналық сақтандыруға енді дайын болдық. Ол кезде қазіргідей тәжірибе болған жоқ, қағазбастылық көп еді, мүмкін сондықтан да қателік болған шығар. Медициналық сақтандыру тәсілі мен оны жүзеге асыратын тетіктері жұмыс істемеді. Кім білсін, мамандардың жауапсыздығы мен білігінің төмен болуы да жобаның іске аспауына әкелген шығар. Сондай-ақ, қаржыны жинақтау мен төлем желісі нақтыланбады және жинақтау жүйесінде ашықтық болмады. 2016 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша медициналық қауымдастық арасында және жұмыс берушілер мен тұрғындарға да кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келді» дегенді жеткізді. Демек, медицина да жаңарып, өсіп, қайта жабдықталып отыруы керек. Бұл әлбетте қаржыны қажет етеді. Осы уақытқа дейін тұрғындардың денсаулығын сақтауға мемлекет қана жауапты болып келді. Қазір өмір үшін күрес тым қымбатқа түсуде. Дерек бойынша, елімізде тәулік бойы ем алудың құны 1,5 есеге, ал күндізгі станционар бойынша 2,5 есеге өскен. Неге? Мамандардың айтуынша, медицина саласына қатысты технологияның қызметі қымбат. Қазір қолданысқа озық медициналық технологияның жемісі саналатын диагностиканың 450 түрлі әдісі мен құрылғысы еніп үлгерді. Мемлекет қаржысы медициналық қызметті реформалауға міндетті болғанымен, науқастың ем-дом алуына қажетті шығынды өтей алмайды. Адамдар сол себептен де ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр. Соңғы 5 жыл ішінде адамдардың түрлі меншік түріндегі емханалар мен ауруханаларға жұмсаған қаржысы 680 млрд теңгені құрапты. Бұл – жеке адам жұмсауға тиісті шығынның 42 пайызына жетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы талабы бойынша мұндай шығын 20 пайыздан аспауы тиіс. Демек, медицина саласына міндетті сақтандыру жүйесін енгізудің қажеттілігі де, тиімділігі де осы.Bloomberg агенттігі: Қазақстан 44-орында
Қазақстанның әрбір азаматы тегін медициналық көмек алуға құқы бар. Алайда, тегіннің сапасы ойдан шыға бермейді. Сондықтан да қалтасы қалың азаматтар басы ауырып, балтыры сыздаса ақылы қызметке жүгінеді. Мұндағы дәрігердің де жалақысы тәуір, сенімен адам жанын емдеуші маман ретінде сөйлеседі. Жалпы, дәрігердің жылышырай танытып, тіл табысуы да науқастың көңіл-күйін едәуір көтереді. Осы жағынан алғанда тегін медициналық қызмет көрсететін мекемеде жұмыс істейтін кейбір қызметкерлердің мәдениеті де, білігі де төмен екенін жасырып қайтеміз. Ал мұның бәрі еліміздің әлем алдындағы көрсеткіштеріне кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. 2018 жылдың күзінде американдық Bloomberg агенттігі денсаулық сақтау саласының сапасы мен тиімділігі жөнінде әлемдік рейтинг жүргізді. Мұнда негізінен адамның өмір сүру жасының ұзақтығы, денсаулық сақтау саласына бөлінетін бюджет шығыны, әр тұрғын басына шаққанда кететін медициналық қызмет құны есепке алынған. Бұл тізімде көшті Гонконг, Сингапур, Испания үштігі бастап тұр. Ал Қазақстан тізімдегі 56 мемлекеттің ішінде 44-орында. Мәселен, Гонконгта өмір сүру ұзақтығы 84,3 жас болса, денсаулық сақтау саласына кететін шығын ЖІӨ-нің 5,7 пайызын құрайды, бір тұрғынға кететін медициналық қызмет 2,2 АҚШ долларына жетеғабыл. Ал Сингапурде өмір сүру ұзақтығы – 82,7 жас, ЖІӨ-нің 4,3 пайызы осы салаға жұмсалады. Тіпті, биыл медицинаға 11,7 АҚШ доллары (4,5 трлн теңге) бөлінген көрінеді. Үштікті аяқтаған Испания тұрғындарының ұзақ жасы – 82,8. Мұнда ЖІӨ-нің 9,2 пайызы осы салаға бағытталады. Енді өзімізге келсек, Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы – 72 жас, медицинаға бөлінетін шығын ЖІӨ-нің 3,9 пайызын құраса, бір адамға 379 АҚШ доллары жұмсалады. Былтыр денсаулық сақтау саласына мемлекеттік бюджеттен шамамен 1,17 трлн теңге бөлінсе, биыл – 1,18 трлн теңге, келер жылға – 1,15 трлн теңге көзделмек. 2018 жылы елімізде 6,8 мың мемлекеттік, 113 ведомствалық және 1,4 мың жекеменшік ұйымдары (194 аурухана, 11162 амбулаторлық-емханалық, 44 медициналық орталықтар мен ұйымдар) жұмыс істеген. Әрине, әлемнің экономикасы дамыған, әлеуметтік жағдайы жоғары, білім мен медицинасы бірізге түскен елдерімен салыстыру, оларға таяу уақытта жетеміз деу әбестік шығар. Алайда, ахуал өзгерсін десек, бәрін өзімізден бастау керек. Дәрігер мамандығына адал, ісіне жауапкершілікпен қараса, оларға тиісті мөлшерде жоғары жалақы төленсе, одан бергіде медициналық мекемелер соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталса, науқастың диагнозы дұрыс қойылса, сонда ғана қызмет көрсету сапасы жақсарып, халықтың өмір сүру жасы ұзарар ма еді, кім білсін?!