Шам шаһарындағы қазына: Әл-Фараби мавзолейі екі елдің дәнекеріне айналуы тиіс

Шам шаһарындағы қазына: Әл-Фараби мавзолейі екі елдің дәнекеріне айналуы тиіс

Шам шаһарындағы қазына: Әл-Фараби мавзолейі екі елдің дәнекеріне айналуы тиіс
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев 2019 жылғы 2-і қыр­­­кү­йек­­­тегі Парламент палата­лары­­­ның бірлескен отырысындағы кезек­ті сессияның ашылуында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда келер жы­лы тойлана­тын Әбу Насыр әл-­Фараби баба­мыздың 1150 жыл­дығын халық­аралық деңгейде атап өтуге Үкіметке тапсырма берді. Президент Жолдауындағы, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы да­ла­­ның жеті қыры» мақаласындағы негіз­­гі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақ­­­сатында ұлы ғұламалардың біре­гейі, «екін­­­ші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фара­­бидің 1150 жылдық мерей­тойы­ның қар­­са­ңында бүгінге дейін ат­­­қа­рылған іс­тер­­дің қорытындысын көруге және келер жылы мерейтой шең­­­берінде жүзеге асырыла­тын шаралар туралы білу үшін фараби­та­ну­­шы ғалым­дармен, құрылысшы-ма­ман­­­­дар­мен бірге қазақстандық арнайы деле­­­­га­цияның құрамында Түркияның Ыстан­бұл, Ливанның Бейрут, Сирияның Дамаск қалаларына іссапармен барып қайттық. Сапар барысында ғұлама ғалым, ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фараби баба­мыз бен Дешті Қыпшақ даласынан ерік­сіз келіп, 17 жыл Мысырды биле­ген Сұлтан Әз-Зәхир Бейбарыс бабамыз­дың басына зиярат етуді Қазақстан тарапының қар­жыландыруымен салынған «Әл-Фара­би мәдени-тарихи орталығы және кесенесі» құрылысының қазіргі жай-күйі­мен жақынырақ танысуды, 2020 жы­лы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­дығын өткізуге дайындық шараларын ұйым­дастыруды мақсат тұттық. Сондай-ақ Қазақстан мен Сирияны жақындастыру үшін екі ел арасындағы ортақ тарихи және мәдени құндылықтарды насихаттап, гуманитарлық қарым-қатынастың тиім­ді тұғырнамасын құру да басты миссия­мыздың бірі болды. Қазақстандық делегация құрамында осы жолдардың авторымен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов, танымал кинорежиссер, сценарист Сергей Әзімов және оның түсіру тобы, белгілі журналист, «QAZAQSTAN» телеарнасындағы «Парасат майданы» бағдарламасының жүргізушісі Дархан Әбдік және телеарнаның түсірушілер тобы, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазУҰ-дың шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре болды.

Ғұлама мұрасы – зор қазына

Сапар кезінде қазақстандық делегация мүшелері Дамаск университетінің ректоры, профессор Мұхаммед Маһир Қабақибимен кездесті. Университет ректоры М.М.Қабақиби қазақстандық делегациямен, оның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғ.Мұтановпен әріптес ретінде кездесіп отырғаны зор мәртебе екенін айтты. Екі университет басшысы өзара құрылымдық диалог құрып, қарым-қатынастарды нығайту бағытында пікір алмасты. ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов әл-Фарабиге деген жалпы көпшіліктің таным көкжиегін кеңейтіп, бізге жазып қалдырған философиялық ой-толғамдары мен жалпы адамзаттың бақытты өмір сүруіне қатысты айтқан маңызды ойларын бүгінгі күнмен байланыстырудың өзектілігіне ерекше тоқталды. Бейбіт әрі бақытты өмір сүру жолында жастарды, жалпы қоғамның әрбір мүшесін сауатты, салиқалы әрі төзімді болуға тәрбиелеуде университеттердің рөлі зор екендігін жеткізді. Біздің келгендегі ең басты мақсатымыз – екі елдің арасын жақындастыру болып табылады. Соның ішінде, гуманитарлық, мәдени саладағы байланыстарды орнату да бар. Себебі екі елдің ортақ тарихы, діні бар, мәдениетінің тамыры терең. Көне білім ордасы, әлемге әйгілі Дамаск университетінде болу – біз үшін зор мәртебе. Себебі Сирияны өзімізге жа­қын ел деп санаймыз. Бұл – күллі адам­заттық өркениеттің, мәдениеттің тоғыс­қан жері. Алғашқы білім мен ғы­лым­ның өркендеген жері. Сол себепті уни­верситеттің мәртебесі де жоғары деңгейде екенін білеміз. Сирия елі орта ғасырлардың басында, ислам ренессансына үлкен үлес қосты, сондықтан мұндай білім шаңырағының беделін мойындап қана қоймай, зор ықылас білдіреміз. Негізгі дініміз ислам болғандықтан, тарихымызда ортақ нәрселер көп екені даусыз. Қазақтың көрнекті тұлғалары – әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс баба­ларымыздың осы жерде мәңгілік мекен тапқанын тарихтың өзі көрсетіп отыр. Ол жайдан-жай емес. Өйткені оған үлкен негіздемелер барын бәріміз білеміз. Соңғы кездері Сириядағы қиын жағдай бізді де алаңдатады. Сол себептен Елбасымыз бастама көтеріп, «Астана процесі» деп аталатын үлкен алаңды құрды. Сириядағы шиеленіс мәселесін шешуге Қазақстан да зор үлес қосты. Қазір Сирияда сәл тыныштық орнаса, оған Елбасымыз бастамасының оң әсері болғанына көңіліміз толады. Ол ортақ мәдениет, дін, тарих негізінде болашақта Дамаск университетіндегі әріптестерімен ортақ жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі екенін мәлім етті. «Осы жолғы сапарымыздың негізгі себептерінің бірі – осы. Егер университеттер, білім мен ғылым саласында еңбек етіп жүрген қайраткерлер, жастар бір-бірімен жақындасса, ол алдағы уақытта екі елдің арасын жақындастырады. Әл-Фарабидің есімін иеленіп отыр­ған Қазақ ұлттық университеті әл-Фа­ра­бидің ізгілік қоғамы идеясы негі­зінде ҚазҰУ инновациялық-тех­ноло­гиялық тұғырнамамен қатар руха­ни-адамгершілік құндылықтарға негіз­делген «Университет 4.0» жаңа буын универ­ситетінің моделін жасағандығын айтты. Бұл жобаны Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде таныстырып, осы ұйымның қолдауымен оны халықаралық деңгейде жүзеге асыруға ұсыныс білдіргендігін тілге тиек етті. Осылайша Қазақ ұлттық университеті БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп «Қайырымды қоғам аза­мат­тарын қалыптастыру. Қазіргі заман­ғы университеттердің миссиясы» атты халықаралық жобаны жүзеге асыра баста­ғандығын түсіндіріп берді. Сондай-ақ күні бүгінге дейін әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті Түркия, Иор­дания, Мысыр, Италия, Қытай, Үнді­стан, Болгария сияқты тағы басқа ел­дер­дің жетекші университеттерінде «әл-Фараби» атында 12 ғылыми-білім беру орталығы, Түркия мен Үндістанда «әл-Фараби» атында музей үйінің ашыл­ғандығын жеткізді. Сөз кезегі келгенде Қазақстан мен Си­рияны терең тарих біріктіретінін атап өттім. Қазақ халқында «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Осындай қағиданы ұстанған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы Сирияға барған сапарында қос бабамыздың басына зиярат етіп, әл-Фараби мавзолейі құрылысының қазығын қаққанын және Сұлтан Бейбарыс мавзолейінің күрделі жөндеуіне батасын бергенін еске салдым. Аталған құрылыстар Қазақстан тарапынан 2011 жылы аяқталды. Бірақ олардың ашылуы, іске қосылуы Сириядағы сая­си ахуалдың қиындығына байланыс­ты іске аспады. Сондықтан барша қазақстандықтардың Сириядағы жағдайдың тезірек қалыпқа түсіп, осы елде бейбітшілік орнауына тілекші екенін жеткіздім. Елбасымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы әл-Фараби баба­мыздың «Қайырымды қаланың тұрғын­дары» еңбегінен бастау алады. Шынында да осынау елдік идеяны жүзеге асыруымыз үшін, бізге әл-Фарабидей ғұлама бабамыздың артында қалған ғылыми мұрасын халқымыздың игілігіне пайдаланатын кез келді. Сол себептен мерейлі датаның алдында әл-Фараби бабамыздың бізге әлі беймәлім Иранда, Түркияда, Си­рия­да және Еуропаның елдерінде жат­қан­ барлық құнды еңбек­терін жинастырып, жаңа заманға сай қазақ, орыс тілдеріне аударуымыз керек. Сол еңбектерді болашақ ұрпақты тәрбиелеуге оқу құралы ретінде пайдалануымыз қажет. Қазір әл-Фарабидің еңбектерінің саны әртүрлі айтылып жүр, оның ішінде 20 шақтысы ғана қазақ, орыс тілдеріне аударылған. Бірақ ол кеңес заманындағы атеистік көзқараспен аударылды. Ендеше ұлы ойшылдың ең­бек­терін жинастырып, аудару – алдағы уақыттың еншісіндегі іс. Кездесу соңында екі университет бас­шылары бірлесе мамандар даярлау­­да өзара әріптестікті нығайту, академия­лық алмасу бағдарламасын, магистранттар мен докторанттардың ғылыми тағы­лым­­дамаларын жүзеге асыру, оқытушы­лардың біліктілігін арттыру, ғылыми білім беру бағдарламаларын жасау сияқты мәселелерді қарастыра келе өзара әріптестік туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты.

Шам мен Отырардың байланыстары жандануы керек

Сапар барысында біз Дамаск қаласы­ның мэрі Әдел Әл Олабидің қабыл­дауында болып, құрылысы аяқталған «әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы және кесенесі» ғимаратының болашағы туралы пікір алмастық. Делегация атынан сөз сөйлеп, Дамаск қаласының әкім­шілігіне өз атымнан ризашылығымды білдіріп, жұмыстарына табыс тіледім. Киелі Отырар қаласының тумасы ретін­де Дамаск мен Отырар қалалары ара­сын­дағы байланыстардың жаңа сипатта, әсіресе екі қала әкімшіліктерін бір-бірімен жақындастыруға үлес қоса­ты­­ны­мызды айта келіп, келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұйымдастырылатын шаралардың бір бөлігін Дамаск қаласында, әкімдіктің қолдауымен өткізуге ұсыныс жасадым. Сөз кезегін алған академик Ғ.Мұтанов Дамаск қаласының әкімшілігіне ұлы бабамыздың жатқан жеріне салынған ғимаратты соғыс кезінде сақтап қалуға атсалысқаны үшін ризашылық білдірді. Дамаск қаласы, бұрынғы Шам шаһа­ры ғұлама ғалым, ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фараби мен Дешті Қып­шақ даласынан еркінен тыс келіп, 17 жыл Мысырды билеген Сұлтан Әз-Зә­хир Бейбарыс және басқа да көптеген бабамыздың мәңгілікке тыныс тапқан жері. Өкінішке қарай, бабаларымыздың есімдері талай ғасыр бойы туған жерінде ескерусіз, белгісіз болды. Өткен ғасырдың 60-70-жылдары Ақжан Машанов, Қаныш Сәтбаев, Шахмардан Есенов, Ағын Қасымжанов, Әбсаттар Дербісәлі сияқты ғалымдардың арқасында бұл бабалардың есімдері елге таныс бола бастады. 2006 жылы сол кездегі бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі бастап әл-Фараби атындағы университеттің сол кездегі ректоры Төлеген Қожамқұлов, «Жазушы» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабай, әл-Фараби музейінің директоры Абдулла Жұмашев сынды азаматтармен бірге әл-Фарабидің туған жері – Отырардың бұрынғы Оқсыз қалашығының орнынан бір уыс топы­рақ пен бір түп жусан алып, бабаларымыз жерге әкеліп, «жусан иісін иіскеп жатсын» деген оймен бабалардың басына зиярат еткен болатынбыз. Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс бабаларымыз мазарының басынан бір уыс топырақ алып, Отырардағы Арыстан баб әулиенің қасына апарып, қастерлеп қойғанбыз. Бабалар рухы елге оралды деп, ас бергенбіз. Әдел Әл Олаби екі елдің жақын­дасуы­на, достық қарым-қатынастарды нығай­туға әрдайым қолдау жасайтын­дығын айта келе әкімшіліктің күн тәр­тібінде тұрған соғыс салдарынан қираған, мүлде жарамсыз болып қалған тұрғын үйлердің орнына салынатын жаңа зәулім, заманауи ғимараттардың жобалық үлгі­сімен таныстырып, осы құрылыс саласы­на қазақстандық кәсіпкерлердің жұ­мыс жасауына, қаржы салуына болатын­дық­тарын ерекше айтып өтті. Қала басшысы Дамаскідегі мәдени орталықтың ашы­луы­­на және болашақта оның дамуына жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

Ғимаратқа қатысты заңды шешім шығарылуы керек

Делегация құрамындағы түсірілім тобы Дамаск қаласындағы «әл-Фара­би мәдени-тарихи орталығы және кесе­несі» ғимаратын, Сұлтан Бейбарыс баба­мыз­дың жатқан жерін және тағы басқа көне Дамаск көріністерін, тарих-мәдени орындарын таспаға түсіріп, қолға алған фильмге қажетті мол бейнематериалдар жинақтады. Қаладағы экскурсияда Дамаскі­дегі әйгілі бекіністі көрдік. Бізді алып жүрген Самир әл-Дерихтің айтуынша, бұл бекіністің жоғары жағында Әз-Захир Бейбарыс Сұлтанның өзі отырған. Оның әскерлері төменгі жағында жайғасқан. Әулие Павел де Еуропаға христиан дінін таратпас бұрын сапарын осы жерден бастаған көрінеді. Көптеген іргелі діндер бастауын Сириядан алады. Сол себептен, Шам Шариф атанған, яғни қасиетті Шам деген мағынаны білдіреді. Самир әл-Дерихтің пайымдауынша, әл-Фараби бабамыз 1150 жыл бұрын, дін туралы, өмір туралы еңбектер жазып, оны адамдарға қарапайым тілмен түсіндірген. Ал бүгін дінді уағыздаушылар оның канондарын бұрмалап жүр. Әл-Фараби бабамыздың музейін аралаған сәтте бұрын естімеген кейір деректерге тап болдық. Бабаның мавзо­лейіне жақын жерде Мұхаммед саллал-лаһу-ғалейһи-уәссәлемнің үш жұбайы жерленіпті. Есімдері – Хафса, Сукайна, Умхабиба. Музейдегі көрнекті жерде «Ұлы ойшыл, ғұлама, физик, математик, астролог Әбу Насыр әл-Фараби Отырар қаласында дүниеге келген» деген жазуды көрдік. Сол сәтте тұла бойымды зор сүйініш, мақтаныш сезімі кернеді. Ата тарихтан ойып орын алатын ұлы Отырар өркениеті болған, «әлемнің екінші ұстазы» атанған Ұлы даланың ұлы тұлғасымен бір топырақта туып-өскенімді мақтан тұттым. Алланың қалауымен екі мәрте бабаларымыздың басына барып, зяират жасағаныма шүкіршілік еттім. Жалпы әл-Фараби бабамыздың басына тұрғызылған музей маған өте ұнады. Ол Дамаскінің дәл ортасында тұр. Музейдің ауданы – 5200 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі заманғы құрылыс талаптарына сай салынған ғимарат. Ендігі мәселе, осы ғимаратқа қатысты заңды шешім шығаруымыз керек. Себебі ол қазір не Сирияның, не Қазақстанның мен­­ші­гінде емес, меншіксіз тұрған жайы бар. Бұл ғимарат ашылуы қажет. Пай­дала­нуға берілгеннен кейін Қазақтан мен Сирия­ның арасындағы туристік бағдарды дамытуға өз үлесін қосады деп ойлаймын. Сапар аясында қазақстандық делегация Сирияның халықаралық академиясында дөңгелек үстел өткізіп, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өмірі мен шығармашылығына, философиялық ой-толғамдарына, әсіресе «Қайырымды қала» орнату туралы айтқан ой-пікірлері кеңінен талқыға салынды. Жиын соңында халықаралық академиядағы дөңгелек үстел өткен үлкен залды бұдан бұлай «әл-Фараби» атындағы үлкен зал деп атау туралы шешім шығарылды. Академия басшысы доктор Незар Михоуб мұндай шешім ең алдымен әлем мойындайтын ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің рухына тағзым мен ерекше құрметтің белгісі, сондай-ақ Қазақстаннан арнайы келген делегацияның келу құрметіне орай жасалды деп түсіндірді. Академия басшылығы Дамаск қаласындағы ғылыми ошақтар мен кітапханалардағы ұлы баба­мыздың жазып қалдырған түпнұсқа еңбек­терін анықтауға, қазіргі кезде қан­дай еңбектерінің сақталып отырғаны тура­лы мәліметтерді жинақтауға қол ұшын беретіндіктерін де зор ықыласпен жет­кізді. Осылайша алдағы уақытта бірге атқа­ры­латын жұмыстарымызды жүйелеп, көңі­л­іміз марқайып елге қайттық.

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты