Жаңалықтар

Балабақшалар салуға 15 млрд, мектептерді жөндеуге 61,9 млрд теңге бөлiнді

ашық дереккөзі

Балабақшалар салуға 15 млрд, мектептерді жөндеуге 61,9 млрд теңге бөлiнді

ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде БАҚ өкілдерімен бас қосқан ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Есенғазы Иманғалиев Елiмiзде балабақшалар салуға Ұлттық қордан 15 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгендігін жеткізді.

Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстары мен Алматы, Астана қалаларында балаларды мектепке дейiнгi бiлiм мекемелерiмен қамту республикалық көрсеткiштен төмен екендігі анықталған. Осыған байланысты Ұлттық қордан 15,39 млрд теңге қарастырылып, балабақша салу мәселесі аталмыш аймақтарда өз шешімін таппақ.

«Республиканың 6 өңiрiнде Ұлттық қор қаражаты есебiнен үш балабақшадан, ал басқа өңiрлерде бiр балабақшадан салынады. Жалпы 2015 жылы - 17, 2016 жылы - 2, 2017 жылы - 8 жаңа балабақшаның құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2015 жылы республикалық бюджет есебiнен 45 балабақша және жергiлiктi бюджет есебiнен 31 балабақша салу көзделген. Аталған өңiрлерде балаларды мектепке дейiнгi орындармен қамту мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк аясында салынатын 16 балабақша, 324 жеке меншiк балабақша және 50 шағын орталық ашу есебiнен шешiлетiн болады», - дедi Е.Иманғалиев.

Сонымен қатар, кездесу барысында  үш ауысымды және апатты мектептер мәселесiн шешу үшiн 2015-2017 жылдарға Ұлттық қордан 61,9 млрд теңге бөлiнiп, бұл қаражатқа республиканың 12 өңiрiнде 73 мектеп салынатындығы да анықталды. «2014-2015 оқу жылында республиканың 99 мектебiнде сабақтар үш ауысымда жүргiзiледi. 136 мектеп апаттық жағдайда. Министрлiк жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесе отырып, Ұлттық қордың қаржысы есебiнен апатты және үш ауысымды мектептердiң орнына салынатын оқу орындарының санын анықтады.

Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының шеңберiнде жүргiзiлген жұмыстың нәтижесiнде Ұлттық қор есебiнен 2015-2017 жылдарға жалпы сомасы 61,9 млрд теңге бөлiнген», - дедi Е.Иманғалиев. Вице-министр бекітілген жоспар бойынша 2015 жылға 14,3 млрд теңге, 2016 жылға 23,9 млрд теңге, 2017 жылға 24,5 млрд теңге қарастырылғандығын да тілге тиек етті.

«Құрылысы жоспарланған мектептердiң тiзiмi қалыптастырылды. Ұлттық қордан бөлiнетiн қаражатқа республиканың 12 өңiрiнде 73 мектеп салынады. Мұнда 162 проблемалық мектептiң 42-сi үш ауысымды, 120-сы апатты, республикалық бюджет есебiнен 44 мектеп және жергiлiктi бюджет есебiнен 118 мектеп салынады», - дедi Е.Иманғалиев.