"Департамент басшысының орынбасары Асан Сәдуов пен қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Сәуле Жұмалина сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілініп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Берік Біләлов атқарып отырған лауазымынан босату туралы рапорт берді", - делінген хабарламада.
Министрдің бұйрығымен Ақмола облысы бойынша полиция департаменті басшысы міндетін атқарушы болып криминалды полиция департаментін басқаратын полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин тағайындалды. Өңірде жоғары шенді полиция басшыларының ұсталғаны жөнінде ақпарат осы жылдың 4 қазанында тараған. Олар сеніп тапсырылған мүлікті иемденді немесе талан-таражға салды деген күдікке ілінген. Кейін екі полиция полковнигі қамауға алынды. Ведомство өкілдері Ақмола облысы бойынша полиция департаментінің орынбасары ішкі істер органдарынан шығарылғанын атап өтті. Бүгінде тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.