Жаңалықтар

Украина Саакашвилиді депортациялау туралы шешімді қайта тексермек

ашық дереккөзі

Украина Саакашвилиді депортациялау туралы шешімді қайта тексермек

Украина прокуратурасы Саакашвилиді депортациялау туралы 2018 жылғы шешімді тексеруге кірісті. Украина прокуратурасы Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді депортациялау жөнінде 2018 жылы шыққан шешім бойынша қылмыстық іс қозғады. Украинаның бас әскери прокуратурасы 7 қазанда "Польшаға заңсыз депортациялағаны" және "ұрлап әкеткені, күш қолданғаны" жайлы Саакашвилидің шағымынан кейін тексеру басталғанын мәлімдеді. Биыл мамырда Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленский Саакашвилиге Украина азаматтығын қайтарып берген еді. Одан екі жыл бұрын Украинаның сол кездегі президенті Петр Порошенко Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған. 2018 жылы ақпанда Саакашвилиді Киевте кідіртіп, әуежайға жеткізген соң Польшаға асырып жіберген болатын. Украина шекара қызметі Саакашвилиге 2021 жылдың 13 ақпанына дейін Украина аумағына кіруге тыйым салған. 2015 жылы Саакашвили Украина азаматтығын алып, Порошенконың жарлығымен Одесса облысының басшылығына тағайындалды. Осыдан кейін Грузия «қос азаматтыққа жол берілмейді» деген уәжбен Саакашвилиді Грузия азаматтығынан айырды. Порошенко пен Саакашвили қатынасы 2016 жылы жемқорлықпен күрес және реформа жасау туралы бастамалардан кейін бұзылып, қараша айында Саакашвили қызметінен босатылды. 2017 жылы шілде айында Саакашвили «Жаңа күштер рухы» (украин тілінде: Рух нових сил – ред.) деп аталатын оппозициялық партия құрған соң Порошенконың жарлығымен Украина азаматтығынан айырылды.