Ресейде өлім жазасы қайта енгізілуі мүмкін
Ресейде өлім жазасы қайта енгізілуі мүмкін
Ресей Федерациясының сот-процессуалдық саласына өлім жазасы қайтадан енгізілуі мүмкін. Ресей тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин осы мәселені мінберлерде көтере бастады, деп хабарлайды Вести.ru-ға сілтеме жасаған ras.kz. «Либералдар мұны: «өлім жазасы керек пе, жоқ па, не жоғары, не артық, бұл христиандыққа келе ме, келмей ме?» деген тұрғыдан қарап, талқылап жатыр. Бірақ менің жеке өзім, ең алдымен адам ретінде оны керек деп есептеймін. Осындай аса ауыр қылмыс жасаған адамдар жер басып жүруге тиіс емес», – дейді Александр Бастрыкин. Ол өз көзқарасын журналистерге былай түсіндірді: «Мен осындай ой білдіргенім үшін өзімді немесе өзім сияқты ойлайтындарды сынаушылардан қорықпаймын. Жәдігөйліктің керегі жоқ. Зұлымдық жазалануы керек. Бөтеннің өмірін алдың ба, әсіресе, кішкентай қорғансыз баланы өлтірдің бе, сол үшін дәл сондай жазаны сен де алуға тиісссің». Александр Бастрыкин өзінің құқық қорғау органдарында 1975 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанын, сондықтан көп жылдық тәжірибесі арқылы мұндай адамдардың «бәрінен де аттап өте беретіндерін, тек өз өмірлерінен ғана аттап өте алмайтындарын» жақсы білетінін атап өтті. «Біз өзіміз тұратын әлемнің қолданылып жүрген заңдарына бағынамыз. Тергеу комитеті барлық уақыттарда заңның шеңберінде жұмыс жасайды», – деді комитет басшысы. Мұндай мәлімдемені Бастыркин қарындасын қанышер педофилден қорғау барысында қаза тапқан удмуртиялық 13 жасар бала Андрей Касимовті еске түсіруге арналған шара барысында жасады. Марқұм жасөспірім бала осы жанқиярлық ерлігі арқылы Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығы бойынша «Қаза табушыларды құтқарғаны үшін» медалімен наградталған. Оқиға Удмуртияда 2014 жылғы қазан айында орын алған. Бала өзінің 11 жастағы қарындасымен бірге жоғалып кетеді. Кейінірек олардың мәйіттері Белезино кентінің жанынан табылады. Тергеудің болжамы бойынша, қылмыскер ағалы-қарындасты балаларды орманға алдап апарған. Жасөспірім бала сол жерде өздерінен әлдеқайда үлкен еркектен қарындасын қорғаймын деп жүріп жантәсілім еткен. Екі баланы айуандықпен өлтірді деген күдік бұрын сотты болған Константин Русскихке түсті. Ол көп ұзамай қолға түсті. Биылғы мамыр айында Удмуртия жоғары соты Русскихті өмір бойы түрмеде отыру жазасын кесті. Алайда Александр Бастрыкиннің айтуынша, ол өлім жазасына лайықты.