Жадағай бесікте жатқан бала

Жадағай бесікте жатқан бала

Жадағай бесікте жатқан бала
ашық дереккөзі
  «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген ата- бабамыз еліңнің болашағын ойласаң, ұрпағыңның тәрбиесіне жасынан жіті мән бер дегенді көксеген ғой. Бүгінгі заманауи технологиялардың дамыған кезінде, балаларымыздың тәрбиесінде айрықша орын алып отырған көгілдір экрандағы сан түрлі мульт сериалдардың сапасына көңіл бөлу – басты міндетіміз.

Шетелдік өнімдер өз елінің ғана мүддесін қорғайды

 Қазіргі таңда балапандарымыздың көгілдір экраннан, интернет желісінен, бейне-таспалардан көріп жүрген мультфильмдерінің көбі шет елдік. «Шрек», «Человек Паук», «Бэтмэн», «Губка Боб», «Кун фу Панда», «Маша мен аю», «Робака Поли» тағысын тағылар. Біздің менталитетімізге жат дүниелер. Бірі американың болашағы үшін күрессе, екіншісі қытайдың Кун фу мектебін насихаттайды, Машаңыз тұнып тұрған саясат. Балаға қай елдің мультфилімін көргені маңызды емес, ең бастысы, қызықты болса болды. Бірақ ол бойына өзге елдің менталитетін сіңіріп жатқанын білмейді. Сары шашты, орыстың ұлттық киімін киген Маша қыз – оған ең әдемі қыз. Ол жолбарыстан да, қытайдың пандасынан да қорықпайды. Аю оған жол сілтеуші. «Кашу, кашу!»,- деп ызыңдаған Маша арқылы біз сүт қаймақ жеп өскен қазақтың қара домалағын тәрбиелемейміз. Қой бағып, атқа шаппаймыз, таңқурай мен саңырауқұлақ теріп, балық аулаймыз. Шошқамен ойнаймыз. Сонда біз тұп- тура орыстың Машасын тәрбиелеп шығамыз. Балаларымыз дүкенге барса, сыртында тек Машаның суреті бар сағызды шайнайды, Маша мен аюы бар шоколад пен кәмпитті жейді, Машаның суреті бар орамалмен сүртінеді, Машаның суреті бар кеудешені киеді. Мұның бәрі өзгенің дүниетанымы балалардың санасын жаулап алды деген сөз. Шетелдік қайсыбір туынды болсын, өз ұлтының, нақты бір ұлты болмаса да өз мемлекетінің мүддесін қорғайды, өзіне еліктіреді, тап-таза, кіршіксіз жан иесі – бала психологиясын жаулау арқылы бүкіл бір ұлттың алдында үнсіз ғана бас идіреді.

Қазақ мультипликациясына қолдау аз

 Ал қазақ мультфильмдері десек, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан » дейміз де, «Қазіргі мультфильмдер ше?», – деп, атын есімізге түсіре алмай кідіреміз. «Қазақ фольклорындағы батырлар жыры, ғашықтар жыры, қазақтың таңғажайып ертегілерінің негізінде неге заманауи мультсериалдар түсірмеске» деп талай рет баспасөзде, телеэкрандарда мәселе көтерілді. Қош, осындай келелі мәселелер көтерілісімен-ақ «Қазақфильм» киностудиясы да, еліміздегі тілдерді дамыту орталықтарының тапсырысымен жекелеген студиялар да қазақша мультфильмдерді шығара бастады. Солардың алғашқылары болып, «Қазақфильм» киностудиясының «Ер Төстік» ертегісінің желісімен балаларды қызықтырамыз деген әдіспен бүгінгі заманауи құралдар: ұялы телефон, сенсорлы экран сияқты дүниелерді ертегі желісіне кіргізіп, жаңаша стильде қазақ тіліндегі мультфильм өмірге келді. Алғаш экранға шыққанда жарнамасын дардай қылып, елді қызықтырып, кинотеатрларда берілгенмен, іздеп жүріп көрер фильмге айналған жоқ. Артынша «Алдар Көсе» , «Қошқар мен теке» мультсериалдары өмірге келіп жатты. «AZIA ANIMATION» студиясының «Алдар Көсе» мультсериалы ұлттық арналардан үздіксіз, кейде қайталанып та беріліп жүрді. Өз көрерменін де тауып үлгерді. Көрермен қатары кішкентай бүлдіршіндерден гөрі ересектермен толықты. Себебі Алдар Көсенің қулыққа құрылған тапқыр ойлары істен гөрі сөзге, яғни диалогқа құрылған. Ал жас бала мультфильмдегі қимылмен істелген әрекеттерге көп көңіл бөлетінін білеміз. Дегенмен, қазақ баласының ұғымына Алдар Көсе деген кейіпкерді енгіздік. Бастысы бүлдіршіндеріміз қазақ даласында Алдар Көсе деген айлакер, қу адамның болғанын, бірақ айлакерлігін өзгеге көмектесу үшін қолданатынын, оның ақ жүрек, ақ көңіл екенін білді. Бірақ мультфильм жоғарыда айтқандай балаларды баурап әкетіп, санасын жаулайтындай деңгейге жете алмаған. Көп ұзамай, «Қошқар мен теке» атты мультфильм елдің назарын бірден өзіне аударды. 2011 жылы құрылған «Сақ» киностудиясының аталмыш мультфильмі экраннан жиі көрсетілмегенімен, интернет желісінде көп көрінеді, тіпті кейбір жеткіншектердің ұялы телефондарына басып алып тамашалап жүргенін жиі байқайсың. «Қошқар мен теке», «Қошқар мен теке-2» деп аталатын сериалдарды бүлдіршін де, жеткіншек те, ересектер де қосыла көріп отырады. Бұл дегеніміз, сериалдың сөзден гөрі қимылға құрылғандығының жемісі, заманауи би қимылдары мен күресудің әдіс- тәсілдерін мультфильм персонаждарына ойната отырып, қазақы әзілді де орынды жеткізе білгендігі . Ең бастысы, фильмнен қазақылықтың исі шығады. Қазақпен бірге жасасып келе жатқан төрт түлік малды, яғни қошқар мен текені айнымас дос етіп, өгіз бен бұзауды туыс етіп, қасқырды жағымсыз кейіпкер ретінде алып, таза қазақы ұғымды қалыптастыратын персонаждарды баланың санасына сіңіре білгендік. Қошқар – нағыз қазақтың мінезін сипаттайды. Қожайындары ата мен әжеге, жан досы текеге адал. Көп сөзі жоқ. Бірақ өзін және жақындарын ренжіткендерді аямайтын қара күш иесі. Бұл фильмінің жарнамасы, елге таралу, ел экрандарынан көрсетілу деңгейінің төмен болуы, жалпы айтқанда қолдауы жетіңкіремей тұрған секілді. Еліміздің телеарналарынан неге көрсетілмейтінін қарапайым халық түсінбейді. Мүмкін арна басшылары кәсіби тұрғыда кем-кетіктер тауып, телеарна саясатына немесе техникалық қалыбына сай келмейді деп шешкен болар. Әйтпесе, «Қошқар мен теке» Ресейдің «Маша мен аю» мультсериалынан кем түспейтін-ақ еді. Бірақ халық қашан да өз жүрегінен орын алған дүниені іздейді. «Қошқар мен текенің» жалғасын күтеді. Биік деңгейде түсірілмесе, мультфильм Қытайдың Хонжу қаласында өткен дүбірлі анимациялық фильмдер фестивальінен «Отансүйгіштікке тәрбиелеу» және « Ұлттық ерекшелік» деген екі бірдей номинацияны иеленбес еді ғой. Жақында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильмді жасау міндеті де осы «Сақ» киностудиясына сеніп тапсырылыпты. Фильмнің үзінділерін телеэкраннан да байқап қалдық. Желтоқсан айында тұсаукесері де болады деп естідік. Халықты өз туындыларымен елең еткізіп үлгерген «Сақ» киностудиясы көрерменін бұл жолы да таң қалдыратынына сенімдіміз.

Ұлт үшін жасалған еңбек желге ұшпауы керек

Мультсериалдарды таратуың ең бір сенімді жолы – бейне таспаларға басып шығару. Бала қалаған уақытында, кез-келген жерде арнайы дүкеннен өзі қалаған сүйікті мульттоптамасын сатып алып, қанша қайталап көрем десе де өз еркі. «Алматы қаласы, Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының» тапсырысымен «AZIA ANIMATION» студиясы қазақтың халық эпостарының желісі бойынша түсірілген тағы бір анимациялық фильмдерді ұсынды. Көздің жауын алар бейне таспа мұқабасының ішінде «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын батыр», «Қамбар батыр» атты 4 диск және қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 20 фильмнен жинақталған 2 диск салынған. Балаларымызды қазақ эпостары мен халық ертегілеріне қандыратын төл дүниеміз де шығыпты ғой деп тақиямызды аспанға лақтыра қуандық. Әттең, қуанышымыз алғашқы дискіні көргенде-ақ, су сепкендей басылды. Біріншіден, фильмді көргенде мультфильм емес, балаларымыздың санасын улап жүрген шетелдің компьютерлік «GTA», «Counter - Stike» секілді ойындарын қосып отырғандай әсер аласың. Кейіпкерлер ебедейсіз, роботтар секілді жүреді. Алғашқы диск Алпамыс батырға арналыпты, Алпамыстың түр-тұлғасы барынша батырға икемделіп жасалғанмен, көзі өзге ғаламшарлықтар секілді шарасынан шығып кетердей. Алпамыстың әкесі – Байбөрі бай кеудесін кере жүргенімен, шешесі Аналық екі тізесі алдыға шығып, қомпаң-қомпаң етеді. Қазақ әйелінің болмысын көз алдыңа елестеткенде кеудесін тік ұстап, аяғын тік басып, басын сәл төмен салған ұяң, одыраңдамай анық басып, жарқын жүзбен жүрген сүйкімді жан келмей ме көз алдымызға. Жалғыз Аналық қана емес, бүкіл қыз-қырқын осылай одыраңдап жүреді бұл фильмде. Қазақ қыздары осылай жүреді дегені ме сонда? Байбөрі ұлды болып, ұлан-асыр той жасағанда билеген қыздарды көрсеңіз, тіпті күлесіз. Мың құбылған биші емес, екі қолын екі жаққа сермеп, талтаң- талтаң еткен жабайы тайпалардың отты айнала билеген биі елестейді. Қош, бұның бәрі заманауи техниканың көркем дүниені бейнелеуге мүмкіншілігінің жетпегені шығар дедік. Қимылды жеткізу қиынырақ шығар мүмкін. Ал сіз қазақтың бала жатқан бесікті ашық ұстағанын көріп пе едіңіз? Бесікте жабу болады емес пе? Ал сәби Ұлтан (Байбөрінің күңнен туған өгей баласы) жатқан бесікте жабу да жоқ, баланы тартып байлайтын тартпасы да жоқ, тартпа тұрмақ астында көрпе- жастығы да жоқ. Сәби бесіктің жадағай тақтайында жатыр. Бұған қалай налымайсың? Қазақтың киелі бесігі деген ұғым қайда қалды сонда? Мультипликатор суретшілердің бесікті салғанда оның жабдығын неге салмағаны түсініксіз? Тағы бір қисынсыз жайт, Алпамыс бір қолын алдына ұстап, ал екінші қолын артына сермейді де отырады. Ер жігіт атқа отырғанда бір қолымен жүгенді тізгіндеп отырса, екінші қолында қамшы болмай ма? Алпамыстың қолына қылыш пен найзаны ұстатқанда, қамшы мен жүгенді неге ұстатпаған? Бұның бәрі фильмдегі ұсақ-түйек болғанмен, нағыз қазақы ұғымды қалыптастыратын, қазақтың болмысын танытатын дүниелер емес пе? Бала осындай ұсақ-түйектен ой түйетінін шығарушылар неге ескермеген? Тізе берсең, бұл фильмде кем-кетіктер жетерлік. Логикалық жағынан да қателіктер кеткен секілді. Байбөрі бір перзентке зар болып, Аналық екеуі әулиелі жерлерді аралап жүргенде алдарынан шыққан барысқа Байбөрі мылтық кезенеді. Алпамыстың уақытында жұрт найза мен қылыш ұстаса, Байбөрінің заманында мылтық қайдан жүр? Тағы бір жайт, Алпамыс еліне кемпір бейнесінде келіп, жамбыға садақ атқанда, жамбы деп қораның қоршауына асқабақты қадап қояды. Мал баққан қазақта қайдан асқабақ болғанын да түсіну қиын. Ал жамбының түрі қандай болатынына фильм жасаушылар мүлдем назар аудармаған секілді. Мұндай қателіктер «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» фильмдерінде де қылаң беріп жатады. Мысалы логикалық қателердің қатарын толықтырып кетсек, «Қобыланды батыр» фильмінде соғыс құралдарында зеңбірек қолданады. Ол заманда зеңбірек болған ба? деген сұрақ туындайды. Ал «Қамбар батыр» жырын жырлап отырған жыршы Қамбарды жалаң қолымен жолбарысты жеңген батыр деп суреттейді де, сюжетінде жалын желбіретіп, арыстанды көрсетеді. Бұл баланы шатастырады емес пе? Барыс деп арыстанды атап жүре ме сонда? Ал қазақ қыздарының болмысын жоғарыдағыдай етіп суреттегеніне налып отырып, «Қазақ халық ертегілері» дейтін соңғы дискіні қосқанда, Тотамбай деген ертегіні көріп, тіптен көңіліміз қалды. Тотамбай деген шашы сап-сары, бұйра-бұйра, беті шұп-шұбар қойшы. Құдды айнымаған орыс ертегісіндегі Иванушка. Оған үкілі бөрік киген бір бойжеткен ғашық болады. Ғашық болғанда дәл осы түлкінің жүні түстес шашына ерекше ғашық болады. Сонда фильм жасаушылардың мақсаты не деп таң қаласың. Жас балаға беті шұбар, сары кейіпкерді тұлға етіп көрсету ме? Түсініксіз. Шатастырудың не қажеті бар? Титрда, жоба авторлары – Краус Артур, Краус Игорь деген өзге ұлт өкілдерінің есімдері бірден көзге түсіп, есте жақсы сақталады. Жобаны жасаған азаматтар өзге ұлт өкілі болса, ұлттық құндылықты олар қалай жете түсінсін, бірақ тапсырыс беріп отырған «Алматы қаласы, Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының » жауапты қызметкерлері қайда қараған? Жоғарыда тізіп өткен қателерді байқайтын біреу табылмағаны ма? «Біткен іске сыншы көп» – деген бар. Әрине төл дүниемізге, әсіресе қазақ мультипликациясы жаңа шығармаларға сусап отырғанда, елдің алды болып, іс бітіру оңай дүние емес. Дегенмен, қандай іс бітірсек те одан өз еліміздің пайдасына шешілер ұлттық құндылықтарымыз төмендемеуге тиіс. Әйтпесе ұлттық құндылықтарымызды сақтап қала алмай, жаһандану деген аждаһаның бір-ақ жұтар жеміне айналғанымыз.  

Жадыра Жақсытай