Құтқарушылар 55 жастан зейнетке шығуы мүмкін
Құтқарушылар 55 жастан зейнетке шығуы мүмкін
Қазақстанда құтқару қызметінің қызметкерлеріне 55 жастан зейнетке шығуына мүмкіндік берілмек. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына ҚР Премьер-министр Асқар Маминнің жауабында айтылған.
Оның атап өтуінше, ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1562 қаулысымен өндірістердің, жұмыстардың, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесі бекітілген. Қазіргі уақытта аталған тізбеге «құтқарушы» кәсібін қосу мәселесін ҚР Ішкі істер министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге бекітілген тәртіппен қарастырып жатыр. «Аталған тізімге «құтқарушы» кәсібін қосу жұмыс берушіге меншікті қаражаты есебінен жалақы қорынан 5 пайыз мөлшерінде құтқару қызметі қызметкерлерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын төлеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар олардың зейнет аннуитеті шартын жасасу жолымен 55 жаста зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығуын қамтамасыз етеді», - деп атап өткен Үкімет басшысы.