«Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпаздары анықталды
«Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпаздары анықталды
Ұлағатты ұстаздарымыздың кәсіби мерекесі қарсаңында республикалық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мұғалімдер мен білім беру саласының ардагер-ұстаздары қатысты.
Айта кеткен жөн, 8 жыл ішінде аталған байқауға 35 127 педагог қатысқан, оның ішінде мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі 432 педагог 1000 АЕК көлемінде ақшалай сыйақымен және "Үздік педагог" белгісімен марапатталған.
Өз кезегінде, қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту Қорының құрылтайшысы – Әлия Назарбаева "Әлем мұғалімі"сыйлығының іріктеу турында ел намысын қорғайтын он бір мұғалімнің есімін жариялады. Биылғы салтанатты шараның тағы бір ерекшелігі – байқау жеңімпаздарын құттықтаумен қатар жеңімпаздардың біріне қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорымен "Қазақстан мұғалімі" сыйлықақысы берілді. Аталған сыйлықақы Нұр-Сұлтан қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған "Білім-инновация" лицей интернатының математика пәнінің мұғалімі Гул Муаммер мырзаға табысталды.
Сондай-ақ, педагогтарға арналған Нобель сыйлығының баламасы болып саналатын "Әлем мұғалімі" жаһандық премиясының іріктеу турына қатысуға жұмыстары бағытталатын тағы да он ұстаздың есімдері аталды. "Әлем мұғалімі" халықаралық байқауы Дубайда 2020 жылдың наурыз айында өткізілетін болады.
«Үздік педагог-2019» республикалық конкурсы жеңімпаздарының тізімімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар:
http://edu.gov.kz/kz/news/detail.php?ELEMENT_ID=12191&#