Кітапхана әлемі – жастар әлеуеті мен жүзеге асырылатын мүмкіндіктер мекені

Кітапхана әлемі – жастар әлеуеті мен жүзеге асырылатын мүмкіндіктер мекені

Кітапхана әлемі – жастар әлеуеті мен жүзеге асырылатын мүмкіндіктер мекені
ашық дереккөзі
Елімізде Елбасының 2018 жылғы 13 қарашадағы № 784 Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Жастар жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет аталып өтілуде. Жастардың әлеуетін көтеруге бағытталған осынау бастама аясында Республика деңгейінде алғаш рет 2019 жылдың 26-27 қыркүйегінде «Кітапхана әлемі – жастар әлеуеті мен жүзеге асырылатын мүмкіндіктер мекені» атты ҚР арнайы кітапханалары жас кітапханашыларының I Слеті өтті. Бұл шараны «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ (әрі қарай, ЗНКААРК) ұйымдастырды. Жастар жылына орай ұйымдастырылған Слеттің негізгі мақсаты – жас мамандарымыздың шығармашылық жетістіктерін айқындау және осы салада тың әдістерді енгізу, ұжымда позитивті жұмыс тәртібін қалыптастыру. Сонымен қатар, кітапхана саласының мамандарының өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруды қарастырды. Екі күнге жоспарланған жас кітапханашылар Слетінің ашылу салтанаты ҚР Ұлттық кітапханасында өткізіліп, екінші күнгі негізгі шаралар «ЗНКААРК» РММ-сінде өтті. Слетке Қазақстан Республикасы бойынша ЗНКААРК қарасты облыстық, қалалық арнайы кітапханалары мен арнайы бөлімдерінің басшылары мен жас кітапханашылары қатысты. Шара барысында аталған мекеменің директоры Асхат Байұзақов алғысөз сөйлеп, биылғы Жастар жылында жас мамандарға ерекше назар аударып, олардың біліктілігін арттыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқанын айта келе, шақырылған қонақтармен таныстырды. Слет барысында мынадай шаралар өтті: Слеттің пленарлық отырысында Л.Н. Гумилев атындағы мемлекеттік университеті ғылыми кітапханасының қызметкері Гүлхая Жyaшбaeвa, Қазақ Ұлттық Университетінің тарих, археология және этнология факультетінің аға оқытушысы,кітапхана ісінің магистрі Назгүл Денгельбаева, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультетінің аға оқытушысы, докторанты – Шынар Усенбаева, Қазақ Ұлттық Университетінің Тарих, археология және этнология факультетінің кітапхана ісі мамандығының студенттері Ернар Ергеш пен Рысгүл Даутановалар және ЗНКААРК қарасты республика бойынша арнайы кітапханалардан келген жас кітапханашылары мен «Рухани Қазына – 2019» фестиваліне қатысып, жүлдегер атанған арнайы кітапханалар мамандары кітапхана ісіне байланысты түрлі тақырыптардағы өзекті мәселелерді қозғайтын жас мамандар баяндамалар жасады. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханамен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстандық Кітапханалық Одақ" ЗТБ маманы, Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Ажар Юсупова арнайы кітапхана басшыларына "Қоғам трансформациясы – кітапханалар трансформациясы" тақырыбында семинар- тренинг, ал, республика бойынша жиналған жас кітапханашыларға ҚР Ұлттық кітапханасының Ұлттық библиография қызметінің жетекшісі Әлия Сайдембаева "Қазіргі қоғамдағы кітапханалардың инновациялық қызметі" атты шеберлік сыныбын өткізді. Автоматтандырылған ақпарат жүйесі – ҚР-ның арнаулы кітапханасы («ААЖ – ҚР АК») бағдарламасының авторы, Дина Ізбасарова және Кітап қорын толықтыру, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Татьяна Рогаткина Слетке қатысушыларға «Әмбебап ондық жіктеуге (ӘОЖ) көшу және «ААЖ – ҚР АК» бағдарламасының ӘОЖ-ге өтуін бағдарламалық қамтамасыз етуге бейімдеу» арнайы бағдарламасы бойынша 3 сағаттық тәжірибелік семинар өткізді. Қазақ Ұлттық Университетінің ұстазы, PhD докторант, Аян Жолдасов жас мамандарға «Әлеуметтік желілерде арнайы кітапхаларды және кітапхана қызметін насихаттау» тақырыбында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана мен ҚР Ұлттық кітапханасының facebook, instagram, vkontakte парақшаларын салыстырып шолу жасады. Жас маман өзінің шеберлік сыныбында әлеуметтік желіде қоғамдағы рухани маңызды орындардың бірі болып саналатын арнайы және ұлттық санаттағы кітапханалардың қазіргі замандағы даму тенденцияларын атап өтіп, мейлінше ел арасында кеңінен насихаттаудың жолдарын атап өтті. Слетке арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келген, «Global Inclusive innovation мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Ғалымжан Габдрешов зағип жандардың кеңістіктегі бағдарын анықтайтын «Sezual» тифлоқұрылғысының авторы, әрі осы бірлестіктің төрағасы. Ғалымжан Габдрешов «Sezual» тифлоқұрылғысының көмегімен зағип жандар алдындағы кедергіні, оның қашықтығы мен биіктігін, не зат екенін 0.12 сек ішінде анықтай алатынын, қозғалатын заттарды (автомобильдер, жаяу жүргіншілер және т.б.) бақылауға мүмкіндік беретінін тәжірибе жүзінде көрсетті. Бұл технология алғашқы тәжірибелік сатыда Халықаралық ғалымдар кеңесінде сыналып, зағип адамдарды кеңістікте бағыттау үшін тифлоқұралдар саласындағы маңызды жаңалық ретінде танылғанын слайд жүзінде көрсетті. ҚР арнайы кітапханаларының интеграциясы, заманауи форматта дамыту тақырыбындағы өзекті мәселе – қазақ латын әліпбиінің Брайль қарпіне көшіру. Кітапхана директорының орынбасары, Мақсұт Джумабеков Нұр-Сұлтан қаласы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына сараптама жасауға жолданған, қазақ латын әліпбиінің Брайль қарпіне бейімделген жобасының таныстырылымымен Слетке қатысуға келген арнайы кітапхана өкілдері мен қатысушыларға таныстырды. «Арнайы кітапханаларда тифлотехникалық құралдарды қолдану» тақырыбында ЖШС «САТР орталығы» менеджері, Сергей Дядюля пен тифлотехникалық құралдарды қолдану бойынша нұсқаушы Анатолий Мигай сөз алып, орталықтың зағип жандарға арналған тифлотехникалық құралдары мен мектеп оқушыларына арналған оқулықтары жайында мәліметтер берді. Осы орайда айта кету керек, жоғары оқу орын (ЖОО) студенттері мен оқуды жаңа бітірген жас мамандар ЖОО-да зағип жандарға арнайы нүктелі-бедерлі қаріптегі және дыбыстандырылған кітаптардың тапшылығы жайында мәселе көтерді. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, қолжазба бөлімінің меңгерушісі – Тоқтар Әлібек, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Рашид Оразов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих ғылымдарының кандидаты Талдыбек Нұрпейіс және Жетісу жыршысы, белгілі композитор Жылбек Тоқтасыновтардың қатысуымен «Рухани жаңғыру және Ұлы даланың жеті қыры: тарихи сабақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ғалымдар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттың идеологиялық ұстанымына айналып бара жатқанын сөз ете келіп, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Рухани жаңғырудың тұғырнамалық жалғасы екендігі туралы ой қозғады. 248 410 қоры бар Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада «Кітапхана – руханият мекені» атты ауқымды кітап көрмесі жасақталды. Кітапхана – нүктелі-бедерлі және үлкейтілген қаріптегі әдебиеттердің, жайпақ баспадағы әдебиеттердің, тактильді, дыбыстандырылған кітаптардың, фонографтардың, фильмдердің баға жетпес қоры болып табылады. Қазіргі уақытта түрлі классикалық туындылар, орфографиялық, ғылыми фантастика, көркем әдебиеттер, сонымен қатар, көптеген басқа тілдерде жазылған әдебиеттер қордан орын алған. Кітапхана жыл сайын 3000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Баршаға белгілі, кітапхана ісі қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Жалақысы аздығына қарай, бүгінгі таңда кітапхана мамандары басқа салаларға кетіп жатқаны жасырын емес. Әйтсе де, жастарымыздың осы іске қайта бет бұрып, қызығушылық танытып отырғаны қуантарлық жай. ҚР бойынша зағип жандарға 1 республикалық, 9 облыстық 5 қалалық кітапханалар мен 2 кітапханалық бөлім қызмет көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі зағип жандармен жұмыс істеу үшін ерекше шыдамдылық пен көркем мінез қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылдың басынан кітапханашылардың жалақысын көтеру туралы айтылған. Бұл, жалақысы төмен, еліміздегі мәдени салада тегін қызмет көрсететін жалғыз мекеме «КІТАПХАНА» қызметкерлері үшін көңіл қуантарлық үлкен жаңалық. Міне, екі күндік «Кітапхана әлемі – жастар әлеуеті мен жүзеге асырылатын мүмкіндіктер мекені» атты ҚР арнайы кітапханалары жас кітапханашыларының I Слеті өз мәресіне жетті. Слет аясында қатысушылар зағип жандардың сұраныстарына орай пайдалы деректерді жинақтап, біліктілігін арттыруға мейлінше қолдау білдірді. Кітапханашылар жиыны жоғары деңгейде өтті. Рухани-мәдени саланың дамытуда айрықша үлес қосып жүрген әріптестеріміздің еңбектеріне мол табыс, береке-бірлік және сәттілік тілей отырып, үлкен ризашылығымызды білдіреміз!

Захра Маханова,

Зағип және нашар көретін азаматтарға

арналған республикалық кітапхана

директорының кеңесшісі