Жаңалықтар

Несиесі кешірілгендер: Қарызынан құтылғандардың көбі қай өңірден?

ашық дереккөзі

Несиесі кешірілгендер: Қарызынан құтылғандардың көбі қай өңірден?

Кредиті кешірілгендердің көбі Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының тұрғындары, деп хабарлайды Қазақ радиосының жаңалықтар қызметі.  Алматы қаласы бойынша 115 998 кредиттің қарызы кешірілсе, Түркістан облысында 83 895, Шымкент қаласында 74 731 несие өтелген. Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында да кешіруге жататын кепілдіксіз кредиттер көп болған. Көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, асыраушысынан айырылған отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар және  жетім балалардың берешегін өтеу жұмысы жалғасуда. Қазір осы бес санатқа кіретін кредиті өтелмегендердің қосымша тізімі жасақталып жатыр. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінде борышкерлер жайлы кейбір ақпарат болмай шыққан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық банкке тізімге енбей қалған азаматтар туралы мәліметті екі апта сайын жолдап отыр. Бұл жұмыс желтоқсан айына дейін жалғасады. Бұдан соң Ұлттық банк тізімді кредит бюросымен нақтылайды. Жыл соңына дейін қалған борышкерлердің берешегі өтеледі. Айта кетсек, биыл 26 маусымда президент тұрғындардың кепілсіз кредиті бойынша борыш жүктемесін азайтуға қатысты жарлыққа қол қойған болатын. 507 мыңнан астам адамның банк алдындағы 620 мыңдай берешегі өтелді. Бұған мемлекет тарапынан 105 миллиард теңге жұмсалды. Бұл бір реттік акция екені айтылған болатын.