Жаңалықтар

Мемлекет басшысы «Валдай» пікірталас клубының отырысына қатысты

ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы «Валдай» пікірталас клубының отырысына қатысты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Валдай» пікірталас клубының отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорда. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыртуымен жыл сайын өтетін «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XVI пленарлық сессиясына қатысты. Әлемнің ондаған елінен келген беделді саясаткерлер мен белгілі сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан биылғы форум ғаламдық геосаясаттағы Шығыстың рөлі тақырыбына арналды. Мемлекет басшысы шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан тарихи және географиялық орналасу жағынан Шығыспен де, Батыспен де байланыс орнатқанын атап өтті. – Біз исламдық, конфуциандық және шығысхристиандық өркениеттердің тоғысында орналасқанбыз. Ұлы Жібек жолы, Алтын Орда, еуразиялық өмір салты қазақтардың мәдени кодының негізгі бөлшегін құрайды,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің айтуынша, «Азия ғасыры» дегеніміз, бұл – халықтың өсу қарқыны, жалпы ішкі өнім, сауда, өнеркәсіп және жоғары технологиялық өндіріс. – 2018 жылы әлемнің ең табысты 500 ірі компаниясының 210-ы азиялық болған. Азия компаниялары цифрлық технологиялар саласында әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Бұл құрлықтағы елдер ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етіп, халықаралық сауда мен инвестицияларды ынталандыруда,– деді Мемлекет басшысы. Баяндама барысында ғаламдық және аймақтық дамудың оң тенденцияларымен қатар, сын-қатерлері де айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Корей түбегі, Оңтүстік Қытай теңізі, Кашмир, Ауғанстан, Йемен, Сирия, Палестина-Израиль қақтығыс аймағы, Иран мәселесі секілді көптеген аймақтағы қақтығыс ошақтары геосаясаттағы «баяу жарылатын минаға» айналғанын айтты. Қазақстан Президенті аймақтағы негізгі елдердің арасындағы бір-біріне деген сенім тапшылығы, «қырғи-қабақ соғыс» элементтерінің қайта бас көтеруі, қақтығыстар, санкциялар мен сенімсіздіктерге жетелейтінін атады.