«Мені өзіңмен алып кет..»: Елордада қараусыз үй жануарларының жәрмеңкесі өтеді
«Мені өзіңмен алып кет..»: Елордада қараусыз үй жануарларының жәрмеңкесі өтеді
5 қазанда «Астана» концерт залы аймағында иесіз қалған иттер мен мысықтардың «Мені өзіңмен алып кет..» атты көрме-жәрмеңкесі өтеді. Елорда Инфо порталының хабарлауынша, бұл жолы 40-тан астам ит пен мысық жәрмеңкеге қойылады.
Шараны «Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ, «Астана ветсервис» КМ және жанаулардың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйым өкілдері ұйымдастырады.
Көрме-жәрмеңкеде ұнаған ит пен мысықты үйге алып кету мүмкіндігі бар. Сонымен қатар шараға келушілерге Ақсүмбе орамы, 1 үйде орналасқан уақытша баспанадағы өзге де жануарларының суреттері ұсынылады.
Аталған жәрмеңке әр сенбі сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шараға айналып, осымен 8-рет өткізілуде. Өткен жәрмеңке нәтижесі бойынша 60 қараусыз қалған ит пен мысық жаңа иесін тапқан.
Айта кету керек, жәрмеңкеге иттер мен мысықтар қаңғыбас және қараусыз жануарларға арналған уақытша баспанадан алып келінеді. Баспана 2017 жылдан бастап жұмыс істеуде. Қаладағы жануарларға арналған ең үлкен уақытша баспана осы. Бұл жерді 700-ге жуық ит, 60-тан астам мысық пана еткен. Аталған жануарлардың барлығы карантин, вакцинациялаудан өтіп, бүгінде мал дәрігері маманының бақылауында.
Көрме-жәрмеңке 2019 жылдың 5 қазанында сағат 12:00-де «Астана» концерт залының маңында өтеді.