Рейтинг: жел сөз бен төл сөзді ажырата алдық па?
Рейтинг: жел сөз бен төл сөзді ажырата алдық па?
Қазір қайсыбір телеарнаны қоссаңыз да, интернет сайтын ашсаңыз да, тек рейтинг үшін жұмыс істейтін болды. Себебі, талап солай. Мемлекеттік тапсырыс та, жарнама да рейтингі жоғары ақпарат көзінің еншісінде. Ал олар рейтингі қалай және қандай жолмен көтеріп отыр? Бұл жағына мән беріп жатқандар жоқтың қасы. Кезінде ағартушылық, тәрбиелік, идеологиялық қызметті атқаратын ақпарат құралдарының бүгінгі насихаттағаны не сонда?
Сенсация қуған оза ма, әлде...
«Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді» деген тәмсіл бар. Сол айтқандай, бүгінгі БАҚ-тың таратып отырған ақпараты да кәдімгі жұқпалы вирус сияқты. Бірінің жел сөзін екіншісі көшіріп әлек. Рейтинг бойынша алдыңғы қатарда тұрған бірқатар интернет сайттарының ұстанымы – сенсация қуып, рейтинг көтеру. Соны желеу еткен журналистер xалықты «таң қалдыратын» жаңалықтарды теріп кетті. Бұған дейінгілер ақпарат таратуды көздесе, қазіргілер елді таңқалдыруға тырысып бағуда. Осы жолда кез келген нәрсеге барады, адамның жеке өміріне араласады, атақ-абыройына нұқсан келтіреді. Ал оның арғы жағында ұлттың тұтастығы, рулық алауыздық және тағы басқа мәселелерді қаперге алмайды. Қысқасы, интернет енгелі бері сүзгісіз қабылдау мен тоқтаусыз ұрандау әдеті пайда болды. Осыдан оншақты жыл бұрын ақпарат әлемінде салиқалылық, салқынқандылық, сараптамаға жүгіну тән болса, бүгінде тек рейтинг қуалау, сенсация жасау, елді таңғалдыру, арсыздықпен болса да атын шығару етек алды. Шын мәнінде, рейтинг қалай көтерілуде? Таңнан кешке дейін елді бір-біріне айдап салу, рушылдықты қоздыру, моральдық құндылықтарды таптау арқылы жиналған рейтинг кімге қажет? Ақпарат – идеологияның құралы болған. Қазір ақшаның көзіне айналыпты. Ал БАҚ өнімін – тауар десек, оқырманға не ұсынып отырмыз? Мемлекеттік тапсырыс саясаты тәрбие, тағлым, моральдық құндылықтар деген мәселеге көңіл бөлмей ме? Біз мемлекеттің қаржысына қандай идеология жүргізіп отырмыз? «Қоғам бізден соны талап етеді» дегенше, оқырманның сұранысын қалыптастыру жағын неге ойламаймыз? Сауатты, тағылымы мол сараптаманы ысырып қойып, елді «таң қалдырумен» айналыса береміз бе? Өздерін ақылман, оқырманды тобыр деп ойлайтын мұндай сайттар әлгіндей «жеп кетті», «тонап кетті», «зорлап кетті» деген сарындағы ақпараттарды бір-бірінен жапа-тармағай көшірумен әлек. Егер қазақ сайттары көшіргіш болса, жібі түзу, бүгінгі қоғамның жанды жарасын анықтауға ұмтылатын, ойлы да тұщымды дүниелер баршылық. Тіпті болмаса, газеттегі оқылатын мақалаларды берсін. Ешкім қарсы бола қоймас, сірә. Шын мәнінде, қоғамды алапеске айналдырар ақпараттарға жұмсаған күшін сана сүзгісінен өткізіп, пайдалы, мағыналы, ой саларлық мақалалар мен өзекті ақпараттарға жұмсаған болса, онда біздің оқырмандардың да тұрақты контенті пайда болар еді. Осыдан біраз жыл бұрын газетімізге пікір берген белгілі журналист Нұртөре Жүсіп: «Сайттың жыл санап, ай санап емес, сағат санап, сәт санап жетіле беруі күмән тудырмайды. Қазақтың ақпарат кеңістігі алдағы уақытта да жаңа сайттармен толығады. Одан үркіп, қорқудың қажеті шамалы. Бір кезде коммерциялық видеоны бүкіл халықтың жаппай, таласа, тармаса көргені естеріңізде болар. Қайда сол кинолар? Сайт та сол секілді күй кешуі ықтимал. Озығы қалады, тозығы кетеді. Интернет басылымдар не жазса да, қандай өткір мәселе қозғаса да, қалың қазақ ондағы жарияланымдарға 100 пайыз сеніммен қарай алмайды. Бұл қалыптасқан менталитет. Оны өзгертуге талпыну опынудан өзге ештеңе де бермейді» деген ойын айтқан. Осы мақаланы жазу барысында Facebook әлеуметтік желісінде сауалнама жүргіздім. «Газет тиімді ме, әлде сайт па?» деген сұраққа тілші қауымы әр түрлі жауап қатты. Мәселен, журналист Мәриям Әбсаттардың пікірі ойға қонымды. «Адам және көлеңке: қайсысы нақты? Әрине, адам! Бейнелеп айтқанда, газет – адам, сайт – оның көлеңкесі секілді. Күн бұлт арасына сіңген сәтте көлеңкенің өзі түгілі, ізін де таппай қаламыз. Яғни, қанша жерден шұғыл ақпарат таратады, оқуға икемді десек те, бірақ кенет интернет жоғалып кетсе ше? Сайтыңыз да бір, сайтан да бір сияқты зым-зия жоғалады. Ал газет тасқа басылған таңбадай боп ғасырларға қалады. Неліктен Батыс елдері газетті жауып тастамай отыр? Олар бізден әлденеше ғасырға озып кеткенін мойындаймыз, солар газетті керісінше таңертең-кешке шығарып отыр ғой?.. Әйтпесе, сайт жетеді десе солардың айтар жөні бар: технологиясы да техникасы да жетерлік. Демек, газет керек. Ол – құжат, ол – жазбаша тарих, ол – тіл... Әр нәрсенің өз орны бар. «Адамға көз керек пе, құлақ па?» деп сұрай алмайсыз ғой?! Екеуі де керек, өйткені. Сауалнамаға қатысып, пікір білдіргендердің 60 пайызы газетті, 40 пайызы интернет сайттарын, ал 20 пайызы газет пен сайттың бірін-бірі толықтырып отырғаны дұрыс деп санайды. Яғни, сайт – «дәм таттыратын», ал газет – «қарын тойғызатын» қызметті атқаруы қажет десек, жөн болар. Сол сияқты қазіргі кезде ең көп оқылатын сайттардың да рейтингін анықтау мақсатында сауалнама жүргізіп көрдік. Әлеуметтік желі қолданушыларының дені сол күнделікті өсек-аяң, әншілердің өмірінен құлағдар етіп отырған сайттарды тізіп кетті. Мәселен, журналист Гүлвира Биғали: «Ақпарат жедел шығады. Және кез келген өсек те осында бар. Сосын дизайны жақсы. Ақпарат жалған болып шықса, бірер сағаттан соң жалған ақпарат болып шықты деп терістей салады. Ақпараттың тілі – жеңіл. Миға күш салмайсың. Бір сөйлемін оқисың да, ары қарай түсініп аласың» десе, тағы бір сайт тілшісі: «Өкінішке қарай, «зорлап кетті», «өгей шеше қыздарын қорлады» деген сияқты ақпараттар резонанс туғызады. Мысалы, өткендегі алпыстағы ер кісінің 12 жасар қызды зорлағаны сұмдық оқылды» деді. Неге бұлай? Қоғам іздеп оқитын, сұраныстағы дүниелер осы ма? Неге жұрт ізденіп, өзін-өзі дамытатын ақпараттарды оқымайды? Біз бұдан кейін интернет статистикасын жүргізетін «Zero» сайтына үңілдік. Әрине, мұнда еліміздегі ақпарат таратып отырған барлық интернет ресурсы тіркелмеген. Дегенмен, 2749 сайттың рейтингі көз алдымызға шыға келді. Сонымен, алғашқы отыздыққа енген интернет порталдарына шолу жасадық. Айталық, тұщымды дүние жариялайтын сайттардың көбі тізімнің соңынан табылады. Бізге ұшырасқаны, қоғамдағы өзекті мәселелерді сараптап беретін «Абай.кz» порталы 32-орында, ал соңғы кезде негатив, анайы мәселелерді қаузайтын ақпараттары арқылы танымал «Алаш айнасы» порталы 23-орында. «Қандай өнімі арқылы көш басында тұр?» деген сауалға әп-сәтте жауап алдық та. Себебін білу үшін осы интернет сайттарының иелеріне хабарластық. Дәурен Қуат, «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры ҚҚ президенті:Деңгей түсіп кетті
– Жалпы, рейтингтік жүйе қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс? Оны жүргізудің әлемде бірнеше әдіс-тәсілі бар. Бізде өмірде бар дүние жарияланады. Арнайы төсек қатынасына арналған мақала жоқ. Рейтингтің көш басында тұрған сайттарға қарасаңыз, түбегейлі осы тақырыпқа көшіп кеткен. Қазір «Алаш айнасы» кәдімгі сайт қой, ал алғашқы ондыққа кіретін сайттарды оқысам, жағамды ұстаймын. Ал біз күніне әр тақырыпта 70 материал береміз. Бірақ қоғамның сұранысы, оқырманның талғамы сондай. Біз де сол тақырыпта материал беруге мәжбүрміз. Себебі бізге оқырман керек. Әркім не оқитынын өзі біледі. Бірақ біз экономика, саясат, әлеумет, мистиканы, дінді, бәрін қамтуға тырысамыз. Біз бастапқыда салмақты дүниелерді бердік. Жазған еңбегің еш кетеді. Ешкім оқымайтын болды. Сөйтіп, кезінде Шымкенттен шыққан газеттің тақырыбына көштік. Мұнда әркім өз тағдырын баяндайды. Серікқазы Кәкібала, Ұлттық интернет қауымдастығының президенті:Рейтингті қолдан көтеру үшін трафик сатып алады