Рейтинг: жел сөз бен төл сөзді ажырата алдық па?

Рейтинг: жел сөз бен төл сөзді ажырата алдық па?

Рейтинг: жел сөз бен төл сөзді ажырата алдық па?
ашық дереккөзі
Қазір қайсыбір телеарнаны қоссаңыз да, интернет сайтын ашсаңыз да, тек рейтинг үшін жұмыс істейтін болды. Себебі, талап солай. Мемлекеттік тап­сырыс та, жарнама да рейтингі жоғары ақпарат көзінің енші­сін­де. Ал олар рейтингі қалай және қандай жолмен көтеріп отыр? Бұл жағына мән беріп жатқандар жоқтың қасы. Кезін­де ағартушылық, тәрбиелік, идеологиялық қызметті атқара­тын ақпарат құралдарының бүгінгі насихаттағаны не сонда?

 Сенсация қуған оза ма, әлде...

«Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді» деген тәмсіл бар. Сол айтқандай, бүгінгі БАҚ-тың тара­тып отырған ақпараты да кәдімгі жұқпалы вирус сияқты. Бірінің жел сөзін екіншісі көшіріп әлек. Рейтинг бойынша алдыңғы қатарда тұрған бірқатар интернет сайттарының ұста­ны­мы – сенсация қуып, рейтинг кө­теру. Соны желеу еткен журналистер xалықты «таң қалдыратын» жаңа­лықтарды теріп кетті. Бұған дейінгілер ақпарат таратуды көздесе, қазіргілер елді таңқалды­руға тырысып бағуда. Осы жолда кез кел­ген нәрсеге барады, адамның жеке өміріне ара­ласады, атақ-абыройына нұқсан келті­ре­ді. Ал оның арғы жағында ұлттың тұтас­ты­ғы, рулық алауыздық және тағы бас­­қа мәселелерді қаперге алмайды. Қыс­қасы, интернет енгелі бері сүзгісіз қабыл­дау мен тоқтаусыз ұрандау әдеті пайда болды. Осыдан оншақты жыл бұрын ақпарат әлемінде салиқалылық, салқын­қан­дылық, сараптамаға жүгіну тән болса, бүгінде тек рейтинг қуалау, сенсация жасау, елді таң­ғал­дыру, арсыздықпен бол­са да атын шығару етек алды. Шын мә­нін­де, рейтинг қалай көтерілуде? Таңнан кешке дейін елді бір-біріне айдап салу, рушыл­дық­ты қоздыру, моральдық құнды­лық­тарды таптау арқы­лы жиналған рейтинг кімге қажет? Ақпарат – идеологияның құралы бол­ған. Қазір ақшаның көзіне айналыпты. Ал БАҚ өнімін – тауар десек, оқырманға не ұсынып отырмыз?  Мемлекеттік тапсырыс саясаты тәрбие, тағлым, моральдық құндылықтар деген мәселеге көңіл бөлмей ме? Біз мемлекеттің қаржысына қандай идеология  жүргізіп отырмыз? «Қоғам бізден соны талап етеді» дегенше, оқырманның сұранысын қалып­тас­тыру жағын неге ойламаймыз? Сауатты, тағылымы мол сараптаманы ысырып қойып, елді «таң қалдырумен» ай­налыса береміз бе? Өздерін ақылман, оқырманды тобыр деп ойлайтын мұндай сайттар әлгіндей «жеп кетті», «то­нап кетті», «зорлап кетті» деген са­рындағы ақ­параттарды бір-бірінен жа­па-тармағай көшірумен әлек. Егер қазақ сайттары көшіргіш болса, жібі түзу, бүгін­гі қоғамның жанды жарасын анықтауға ұмтылатын, ойлы да тұщымды дүниелер баршылық. Тіпті болмаса, газеттегі оқыла­тын мақала­лар­ды берсін. Ешкім қарсы бола қоймас, сірә. Шын мәнінде, қоғамды алапеске айнал­дырар ақпарат­тар­ға жұмсаған күшін сана сүзгісінен өт­кізіп, пайдалы, мағыналы, ой саларлық мақалалар мен өзекті ақпарат­тар­ға жұм­саған болса, онда біздің оқыр­ман­дардың да тұрақты контенті пайда болар еді. Осыдан біраз жыл бұрын газетімізге пікір берген белгілі журналист Нұртөре Жүсіп: «Сайттың жыл санап, ай санап емес, сағат санап, сәт санап жетіле беруі күмән тудырмайды. Қазақтың ақпарат кеңістігі алдағы уақытта да жаңа сайт­тар­мен толығады. Одан үркіп, қорқудың қажеті шамалы. Бір кезде коммерциялық видеоны бүкіл халықтың жаппай, таласа, тармаса көр­гені естеріңізде болар. Қайда сол ки­нолар? Сайт та сол секілді күй кешуі ықти­мал. Озығы қалады, тозығы ке­теді. Интер­нет басылымдар не жазса да, қандай өткір мәселе қозғаса да, қалың қа­зақ ондағы жарияланымдарға 100 пайыз сеніммен қарай алмайды. Бұл қалып­­тасқан мента­ли­тет. Оны өзгертуге талпыну опынудан өз­ге ештеңе де бермейді» деген ойын айт­қан. Осы мақаланы жазу барысында Face­bo­ok әлеуметтік желісінде сауалнама жүр­гіздім. «Газет тиімді ме, әлде сайт па?» деген сұраққа тілші қауымы әр түрлі жауап қатты. Мәселен, журналист Мәриям Әбсат­тардың пікірі ойға қонымды. «Адам және көлеңке: қайсысы нақты? Әрине, адам! Бей­нелеп айтқанда, газет – адам, сайт – оның көлеңкесі секілді. Күн бұлт арасына сіңген сәтте көлеңкенің өзі түгілі, ізін де тап­­пай қаламыз. Яғни, қан­ша жерден шұғыл ақпарат таратады, оқу­ға икемді де­сек те, бірақ кенет интернет жо­ғалып кет­се ше? Сайтыңыз да бір, сайтан да бір сияқ­ты зым-зия жоғалады. Ал газет тасқа ба­сыл­ған таңбадай боп ғасырларға қалады. Нелік­тен Батыс елдері газетті жауып тас­тамай отыр? Олар бізден әлденеше ғасырға озып кеткенін мойын­дай­мыз, солар газетті керісінше таңертең-кешке шығарып отыр ғой?.. Әйтпесе, сайт жетеді десе солардың айтар жөні бар: технологиясы да техни­ка­сы да жетерлік. Демек, газет керек. Ол – құ­жат, ол – жазбаша тарих, ол – тіл... Әр нәр­сенің өз орны бар. «Адамға көз керек пе, құлақ па?» деп сұрай алмайсыз ғой?! Екеуі де керек, өйткені. Сауалнамаға қаты­сып, пікір біл­діргендердің 60 пайызы газет­ті, 40 пайы­зы интернет сайттарын, ал 20 пайызы газет пен сайттың бірін-бірі то­лықтырып отырғаны дұрыс деп са­найды.  Яғни, сайт – «дәм таттыратын», ал газет – «қарын тойғызатын» қызметті атқаруы қажет десек, жөн болар. Сол сияқты қазіргі кезде ең көп оқы­ла­тын сайттардың да рейтингін анықтау мақсатында сауалнама жүргізіп көрдік. Әлеуметтік желі қолданушыларының дені сол күнделікті өсек-аяң, әншілердің өмірі­­нен құлағдар етіп отырған сайт­тар­ды тізіп кетті. Мәселен, журналист Гүл­вира Биғали: «Ақпарат жедел шығады. Жә­не кез келген өсек те осында бар. Со­сын дизайны жақсы. Ақпарат жалған бо­лып шықса, бірер сағат­тан соң жалған ақ­парат болып шықты деп теріс­тей сала­ды. Ақпараттың тілі – жеңіл. Миға күш сал­майсың. Бір сөйлемін оқисың да, ары қарай түсініп аласың» десе, тағы бір сайт тілшісі: «Өкінішке қарай, «зорлап кетті», «өгей шеше қыздарын қорлады» деген сияқты ақпараттар резонанс туғы­зады. Мысалы, өткендегі алпыстағы ер кісінің 12 жасар қызды зорлағаны сұмдық оқыл­ды» деді. Неге бұлай? Қоғам іздеп оқитын, сұраныстағы дүниелер осы ма? Неге жұрт ізденіп, өзін-өзі дамытатын ақпараттарды оқымайды? Біз бұдан кейін интернет статис­ти­ка­сын жүргізетін «Zero» сайтына үңілдік. Әри­не, мұнда еліміздегі ақпарат таратып отырған барлық интернет ресурсы тір­кел­­ме­ген. Дегенмен, 2749 сайттың рей­тин­гі көз алдымызға шыға келді. Соны­мен, ал­ғашқы отыздыққа енген интернет пор­­тал­дарына шолу жасадық. Айталық, тұщымды дүние жариялайтын сайт­тар­дың көбі тізімнің соңынан табылады. Бізге ұшырас­қаны, қоғамдағы өзекті мәселе­лер­ді сарап­тап беретін «Абай.кz» пор­талы 32-орында, ал соңғы кезде негатив, анайы мәселелерді қаузайтын ақпараттары ар­қылы танымал «Алаш айнасы» порталы 23-орында. «Қан­дай өнімі арқылы көш басында тұр?» деген сауалға әп-сәтте жауап алдық та. Себебін білу үшін осы интернет сайттарының иелеріне хабарластық. Дәурен Қуат, «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры ҚҚ президенті:

 Деңгей түсіп кетті

 width= – Рейтинг деген пәле бар. Оқылымын, кө­рілімін арттыру үшін кейде сайт­тар­дың жеңіл-желпі та­қы­рыптарға бара­ты­ны бар. Әншілердің өмірі, өздеріне жаса­ған жарнамасын жиі береді. Сол сияқты қо­ғам­дағы негативті нәр­селерді көбірек беру­ге құмар. Айтуға ауыз бар­майтын оқи­ғаларды жариялап отыратындарды жоққа шығара алмаймын. Бі­рақ мұның бәрі солай екен деген көз­қарас тумау керек. Әсіресе, қазақ жур­налис­тикасы бір-бірімізге қол­дау көрсет­кен дұрыс. Қоғамдық пікір туғы­зып, ықпал ету жағын интернет кеңістік алып кеткені рас. 2009 жылы «Абай.кз» ашыл­ғанда газет ма­териалдарын да беріп отырдық. Сол кез­де оқырманмен кері бай­ланыс орнат­тық. Қысқасы, оқырман сені­мі­не ие бол­дық. Уақыт өте келе бізге мем­ле­кеттік тапсырыс беруге ұсыныс түсті. Қа­зір сауатты сайт­тар­дың қатары көбейді. Бір жағынан интер­­нет қазақ журналис­ти­касының мүм­кін­дігін ашты. Әлеуметтік желі азаматтық журналистиканы арттыр­са, интернет сайт­тары – кәсіби журналис­тер­дің тыны­сын ашты. Жалпы, бұл сайт басшылары мен тілшілерінің таразы-талғамына да бай­ланысты. Мысалы, бізде жеңіл-желпі, адам жанын түршіктіретін ақпарат беріл­мей­ді. Ақпараттық кеңіс­тік­те ықпа­лы­мыз­ды арттырып, дәстүрлі бас­па­­сөз­дің мүм­кін­дігін дамыттық деп ойлай­мын. Жаңа медианың мүмкіндігін пайда­ла­нуымыз керек. «Сайт – бүгін бар, ертең жоқ» дей­тін­дер бар. Керісінше, бір-бірімізді толық­тырып, бірімізде барды екін­шіміз бағалап үйрену керек. Сонда ға­на нағыз кәсіби бәсекелестік орта қалып­тасады. Кейбір сайтты айыптай алмаймын. Жар­­­нама тартудың, рейтинг көтерудің жо­лы шығар. Бәлкім, ол сайттың да өз оқыр­маны бар болар. «Оқырманның сұранысы осы» деп сол сұранысты әрмен қарай дамы­тып жіберуге атсалысып жа­тыр­мыз. Рейтинг дегенді тоқтатып, ық­пал­дылығын, салмақтылығын арттыру керек. Негізі сұранысқа жұмыс істемеу керек, сұра­ныс­ты қалыптастыру керек. Әйтпесе, көп­ші­ліктің сұранысы десек, халықтың деңгейі түсіп кетеді. Мәселен, қазір үлкен кісілер Тұрсынбек Қаба­товтың жыртың дүние­сіне күлетін бол­ды, бұрынғы қария­лар «Мынау не айтып тұр?!» дейтін. Деңгей соған түсіп кетті. Серік Жанболат,  «Алаш айнасы» интернет-порталының бас редакторы:

Салмақты дүние жарияласаң, ешкім оқымайды

 width=

– Жалпы, рей­тинг­­­тік жүйе қанша­лық­ты дұрыс, қанша­лық­ты бұрыс? Оны жүргізудің әлемде бір­неше әдіс-тәсілі бар. Бізде өмірде бар дү­ние жарияланады. Арнайы төсек қаты­насына арналған ма­қала жоқ. Рейтингтің көш басында тұр­ған сайттарға қарасаңыз, түбегейлі осы тақырыпқа көшіп кеткен. Қазір «Алаш айнасы» кәдімгі сайт қой, ал алғашқы ондыққа кіретін сайттарды оқысам, жағамды ұстаймын. Ал біз күніне әр тақырыпта 70 материал береміз. Бірақ қоғамның сұранысы, оқырманның тал­ғамы сондай. Біз де сол тақырыпта ма­те­риал беруге мәжбүрміз. Себебі бізге оқыр­ман керек. Әркім не оқитынын өзі біледі. Бірақ біз экономика, саясат, әлеумет, мис­ти­каны, дінді, бәрін қамтуға тырысамыз. Біз бастапқыда салмақ­ты дүниелерді бер­дік. Жазған еңбегің еш кетеді. Ешкім оқы­май­тын болды. Сөйтіп, кезінде Шымкент­тен шыққан газеттің тақырыбына көштік. Мұнда әркім өз тағдырын баяндайды. Серікқазы Кәкібала,  Ұлттық интернет қауымдастығының президенті:

Рейтингті қолдан көтеру үшін трафик сатып алады

 width= – Қазір бізде ин­тернет ресурс­та­ры­ның нақты саны жоқ. Бір жерде 8 мың, енді бір деректе 20 мың делініп жүр. «Zero» интернет статистикасын жүргізе­тін сайт­та 8 мың сайт болған. Қазір көбі шығып кетті. Мысалы, сайттың рейтингі оқыр­ман санына байланысты. Бірақ кейбір сайт шетелдік оқырмандарды тіркеп алады. «Zero» мұны есептемейтін­дік­тен, көп сайт бұл жүйеден шығып кетті. Сөйтеді де, рей­тингті қолдан көтеру үшін трафик сатып алады. Бұл әдіс сол сайттың әлеу­мет­тік желідегі парақшасын да көтеріп бе­реді. Мұның бәрі жалған статистиканы алға тартады. Ал қандай дүние жазса да, еңбегі арқылы рейтингін жоға­рылатып жүрген порталдарды түсіну­ге болады. Қоғамның өзі негатив дү­ние­лерді көп қарайды. Егер оқырман­ның тәрбиелік, моральдық жағы­на көңіл бөлсек, рейтинг дегенге қара­мау керек. Салмақты дүниелер жазатын сайт­тарға мемлекеттік тапсырысты грант есебінде беру қажет. Әйтпесе, рейтингті сатып алып, мемлекеттің ақшасын жеп отыра беретіндер азаймайды. Олардың ісін на­ғыз қастандық дер едім. Мұны министрлік те көріп отыр. Таң қалатыным, мем­ле­кет­тік тапсырыс алып, билікті сы­найтын сайттар бар. «Nur.kz», «Stan.kz», «Tengri­news.kz» интернет сайттарына тиіс­пейді. Ал біз сынасақ, көріп қояды. Осын­дай құпия жайттарды түсінбеймін.  «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдыр­әлі бір пікірінде: «Интернеттегі 7 жаңалықтың алтауы негативке толы. Мұның өзі құқық бұзушылық. Өйткені, әлеумет­тану ғылы­мын­да жаман ақпараттардың көп болуы адам жүйкесіне кері әсерін тигізетіні мәлім» деген еді. Алайда, таяқтың екінші ұшына мән бе­ріп жатқан ешкім жоқ. Телеарнаны қосып, интернет сайттарын ашып қалсаңыз, әлгіндей жағымсыз дүниелерден көз сүрінеді. Егер қо­ғам, әрбір азамат сондай ақпаратқа сусап отырса, жетіскен екен­біз. Әлде, оқырман  талғам мен таразы мәселесін естен шығарып алды ма?