Дүйсенәлі Бықыбаев: Киелі топырақта баба өнері кенжелемейді
Дүйсенәлі Бықыбаев: Киелі топырақта баба өнері кенжелемейді
Қазір Қазақстанның әр өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде көптеген игілікті істер қолға алынып, жергілікті өңірлерде бұл рухани-мәдени шара жақсы жалғасын тауып отыр. 2000 жылдық тарихы бар Тараз өлкесінде де бұл жобаның аясында нақты жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевпен болған тілшіміздің шағын сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
– Сұхбатымызды Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қиюын тапқан тірліктерден бастасақ. Өңірде өлкеміздің бай тарихы мен мәдениетін дәріптеу бағытында жаңа ірі жобалар жоспарланып, іске асырылып жатқанынан хабардармыз. Солардың бір сыпырасынан хабар бере кетсеңіз...
– Дұрыс айтасыз. Рухани жаңғырудың рәуішіндей болған бағдарламаны бас қылып, ілкімді істердің ілгерілеуіне сеп болып жатқан жайымыз бар. Мәселен, биыл республикалық деңгейде «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты ақындар айтысын ұйымдастырдық. Ауылдық округтерден бастау алған бұл шара елдімекендердің, аудандардың өзінен айтыс өнеріне бейімі бар 90-ға жуық жастарды іріктеп алды. Ал үздік деп танылған 31 ақын 15 ақпанда өткен облыстық ақындар айтысына қатысты. Жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлығын иеленген 8 ақын республикалық додада бәсекеге түсіп, көрермен алдында бақ сынасқанына куәсіздер. Бас жүлдені жамбылдық ақын Қанат Мырзаxанның иеленуі де бекер емес. Бұл киелі топырақта баба салтындай болған өнердің кенжелемегенін айғақтады. Ел айтысының алға басуына тамшыдай болса да үлес қосты деп айта аламын.
Бағдарлама аясындағы атқарылған жұмыстар ішінде тағы да ауданнан бастау алған «Әулиеата бояулары» атты бірінші халық шығармашылығы фестивалін ауыз толтырып айтатын жаңалық болды деуге негіз бар. Оған өңірден 300 үміткер қатысып, 134 қылқалам шебері облыстық кезеңге жолдама алды. Фестиваль аясындағы пленэрге жергілікті суретшілермен қатар, республикаға танымал 20 суретші қатысты. Ақтық кезеңде арнайы көрме ұйымдастырылып, «Шахристан» этно-тарихи орталығынан ашылатын галерея, көрме залы жаңа 60 картинамен, 100 фотосуретпен және 15 қолөнер бұйымдарымен толықтырылатын болады. Мұның өзін үлкен жетістікке балауға әбден лайық. Бұл Жамбыл жерінде бейнелеу өнерінің де бір ізге түсіп, даму даңғылын тапқанын айғақтайды.
«Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобасы да көпшілікке танымал. Бұл жобаға біз де атсалысып, Әулиеатаның қасиетті жерлерінің тізіміне енген нысандарды насихаттау бойынша «Әулиеатаның қасиетті орындары» атты кітап-альбомы мен картасын жарыққа шығардық. Ондағы 53 қасиетті орынның 3Д моделі жасалып, мақалалар «Қасиетті Тараз» сайтына жарияланды. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі голограммаға өңірлік деңгейдегі 15 нысанның 3Д моделі енгізілді.
– «Шахристан» дегеніңізден шығады, ол этно-тарихи орталық өңірдің сексен жылдық мерейтойына орай, туризм саласын дамыту бағытында қолға алынып отырған үлкен жобалардың бірі екені анық. Сол сексен жылдық мерейтой аясында Әулиеата тарихын баяндайтын сексен томдық кітап жарық көреді деген ақпаратты көзіміз шалып қалғаны бар еді...
– Иә, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан облыс орталығын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тараз – тарихымыздың темірқазығы... Рухани байлығымыздың алтын діңгегі» деген сөзін нақты көріністермен айғақтау бағытында көне қаланың тарихи кескінін қайта жаңғыртып, туристердің назарын аудару мақсатында шығыстық үлгіде «Шахристан» этно-тарихи кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Онда «Руханият және тарихтану» орталығы, тарихи-өлкетану музейі, көрме орталығы, көркемсурет галереясы, амфитеатр, жергілікті қолөнершілердің шеберханасы сынды өзге де нысандар орналасатын болады. Сондай-ақ, «Тектұрмас» тарихи-этнографиялық кешені салынып, онда ортағасырлық үлгідегі қорғаныс бекінісі тұрғызылып, өткен ғасырларда облыс аумағында болған ірі тарихи оқиғалардың панорамасы көрініс таппақ. Атап айтқанда, ислам дінінің Орталық Азияға тарауында шешуші рөл атқарған Атлах шайқасының, тәуелсіздігімізді сақтап қалуда ерекше орны бар Аңырақай шайқасының және Қазақ хандығының алғаш туы тігілген Қозыбасыдағы салтанатты сәттердің көріністері де айшықталады.
Ел аузында өңіріміз «Әулиеата» деп аталатындығы белгілі. Ғасырлардан алтын арқау болып, ерекше танылған осы ұлы тұлғаға Тектұрмастың ең биік шоқысынан ескерткіш орнату – баршамызға ортақ парыз. Ескерткішке апарар баспалдақтың екі жағында Түрік қағандарының аты-жөні жазылған тас тұғырлар орнатылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында «Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек» деп атап көрсеткендей, Әулиеатаның тұлғалық ескерткіші – ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналмақ.
– Осы айдың басында облыс орталығында орын тепкен тарихи-өлкетану музейінде Елбасы қорының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі ашылғанын білеміз. Бұл шара өңір тұрғындарын қаншалықты қызықтыруда? Жалпы көрменің тағылымдық мәні жайында да білгіміз келеді.
–Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы Тұңғыш Президенттің рөлін жүйелі баяндайтын көрмеде Елбасының архив, кітапхана, музей қорларынан алынған бірегей материалдар қойылды. Тараз қаласының қалың жұрты Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарғы мемлекеттік марапаттар коллекциясымен, мемлекет басшылары мен беделді жазушылардың қолтаңбасы бар тартулық басылымдар және Елбасының шет тілде жарық көрген еңбектерімен алғаш рет танысты.
Көрменің төрт бөлімнен құралғанын да айта кетейін. «Елбасы жолы» деп аталатын алғашқы бөлімі Тұңғыш Президенттің өмір кезеңдерінен сыр шертеді. Елбасының жолы рухани жаңғыру дәуірінің басталуына түрткі болған тарихи оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетіледі. «Елбасы феномені» деген екінші бөлімі ел тізгінін ұстап, жаһандық кеңістікке тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын таратқан Н.Назарбаевтың мемлекет құрудағы басты тұжырымдамасын баяндайды. Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасының көшірілуіне дейін тарихқа ізі басылған маңызды оқиғалардан, атап айтқанда Тұңғыш Президенттің батыл шешімдері мен бастамаларынан Елбасы феномені айқын көрініс табады.
«Әлем таныған Елбасы» бөлімінде Қазақстан Республикасының қарқынды сыртқы саясаты көрсетіледі. Бұл – әлемдік деңгейдегі саясаткер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың биік беделі мен асқақ абыройының жемісі. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық тарту-таралғылар, жеке жазбалар, архивтік материалдар арқылы көрсетілген. Әрбір сый-сияпаттан кез келген қауіп-қатер мен түсінбеушіліктен азат бейбіт әлемді қалыптастырудағы Елбасының ерен еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметі айқын аңғарылады. Соңғы «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Тұңғыш Президент пен Қазақстан халқына жаһандық даму мен тұрақтылыққа қосқан үлесі үшін табыс етілген жоғары мемлекеттік марапаттар ұсынылған. Экспозиция негізінде шолу экскурсияларынан бөлек «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Президент мәртебесі – ел мәртебесі», «Бір экспонаттың тарихы» тақырыптық экскурсиялар өткізілуде.
– Қазіргі таңда сандық технология барлық салаға дендеп енуде. Өйткені, уақыттың талабы сол. Білуімізше, жамбылдық кітапханалар да бұл үдерістен шет қалып жатқан жоқ. Жалпы, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қандай шаруалар атқарылуда?
– Иә, заманның көшіне ілеспесең, не нәрсенің де құны көк тиын болып тұр ғой. Қазіргі таңда облыстағы кітапханалар жанынан 130 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Ақпараттық орталықтарда «cao-zhambyl» сайты арқылы ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына қажетті 13 сала бойынша ақпараттар (білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, жер мәселесі, құрылыс, энергетика, ветеринария, туризм, жұмыспен қамту, мәліметтер базасы және ауыл жаңалықтары) беріліп, 2500 сұраныс қанағаттандырылды.
Еліміздегі бірегей жоба саналатын еgov.kz порталы арқылы біздің салаға қатысты 13 қызмет түрі көрсетілуде. Бүгінгі күнге дейін портал арқылы 9100 анықтама берілді. Ал биылғы жылдың аяғына дейін ауылдық аймақтардан 20 цифрлық ақпараттық орталық ашылады деп жоспарланып отыр. Олардың ішінде шалғай елдімекендер де бар. Бұдан бөлек, 19 кітапханадан цифрландырылған ақпараттық орталық ашу мүмкіндігі туып тұр. Сондай-ақ, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінде QR-код арқылы құнды жәдігерлер туралы ақпараттың қолжетімділігі мен онлайн аудармашы қызметі қосылған.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген
А. Қойшығараұлы