Жаңалықтар

ЖОШЫ ХАН ҚҰПИЯСЫ

ашық дереккөзі

ЖОШЫ ХАН ҚҰПИЯСЫ

 Теңіз бастан былғанса,

Тұндырар ұлыс – Жошы-дүр!

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы-дүр!»

Жошы хан бейнесі – халқымыздың тарихи жадында Қыпшақ елінің билеу­ші­сі, қазақ хандары мен сұлтандарының арғы бабасы ретінде сақталып, үлкен ілтипат, құрметпен аталады. Бүгінгі күнге дейін  Жошы есімі аталғанда Ұлы даланың қаһарманы, әке мен баланың арасындағы әрі нәзік, әрі күрделі әкелік және перзенттік махаббат, қайшылықты тағдыр туралы пәлсәпалық ойлар қатар оралады.

Алғашқы жорықтары:

Тарихи деректерде Жошының балалық шағы мен жасөспірім кезеңі қалай өткені туралы мәліметтер сақталмаған. Дегенмен, «Моңғолдың құ­пия шежіресінде» оның 1207 жы­лы әкесінің тікелей тапсырмасымен Байкалдан батысқа қарай орналасқан «орман тайпаларын» бағындыру үшін жорыққа аттанғаны баяндалады. Құпия шежіреге сүйенсек ол «орман тайпаларын» бейбіт жолмен ба­ғын­дырып қана қоймай,  ақ тұйғын құс, ақ боз ат сәйгүліктерден тұ­ратын зор тарту таралғылармен оралған. Жошы осы жолы Енесейдің жоғарғы ағысы аймағын мекендеген енесей қырғыздарын да бағындырады. Бұдан әрі Жошы 2213 жылы әкесімен бірге Цзинь патшалығын жаулап алуға қатысса, 2217 жылы туматтардың (Байқалдан батысқа қарай мекендеген орман тайпаларының бірі) көтерілісіне қосылған қырғыздардың бү­лігін басуға аттанып, жеңіспен орал­­ғаны туралы мәліметтер сақталған. Жошының бүгінгі қазақ даласына аяқ басуы меркіттердің аман қалған бөлігін талқандаумен байланысты болды. Ортағасырлық автор Джувейни меркіттердің моңғолдар қырғынынан аман қалған бөлігі Кұм-қыпшақ аймағына кетіп, паналағаны туралы мәлімет береді.  Шыңғыс ханға: «мер­кіт­тер басшысының моңғолдардан қаң­лылар орналасқан Қарақұмға қашып кеткені туралы хабар жеткен» кезде оларды түпкілікті талқандау ісі Жошыға тапсырылған. Осы орайда бұл деректегі «Қарақұм» немесе «Құм-Қыпшақ» қай жер деген заңды сауал туындайды. Белгілі қазақстандық тарихшы-ғалым С.М. Ахинжанов «Қарақұм» аты топонимдерге талдау жасай келе, И.Маркварттың түркі тіліндегі «құм» деген географиялық терминінің парсы тіліндегі синонимінің «дешт» (дала), ал араб тілінде «сахри» (шөл, дала) екендігін алға тарта келе, Джузджанидің қаңлылар мен қыпшақтар орналасқан аймағын сахри деп атайтындығын алға тартады. Ал, бұл тайпалар Джувейни бойынша «Қарақұмда» немесе «Құм-қыпшақта» өмір сүрген. Осылайша, автор мынадай тұжырымға келеді: «ХІ-ХІІІ ғасырларда қыпшақтар мекендеген даланың төрт түрлі атауы болған. Түркі тілінде «Құм-қыпшақ» және «Қарақұм», парсы тілінде «Дешті-Қыпшақ», араб тілінде – «Сахри». Міне, осы жерге 1216 жылға қарай Моңғолдардан қашқан меркіттер келіп паналаған». Осы меркіттерді Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы бастаған моңғол әскері түбегейлі күйрете жеңеді. Келесі күні моңғолдар кездейсоқ жерден қыпшақтарға қарсы жорыққа аттанған Мұхаммед Хорезмшах әскерімен Торғай даласында кездесіп қалады. Бірақ, негізгі мақсаттары Мұхаммед Хорезмшах әскерімен шайқасу болмағандықтан, моңғол әскері түнде ұрыс алаңын тастап, шегініп кетеді. Жошы бастаған моңғолдар мен Хорезмшах әскерінің қазақ даласындағы алғашқы кездесуі осылайша аяқталады.

Жошы  есімінің құпиясы

Жошы туралы сөз қозғалғанда міндетті түрде айтылатын жайт: 1219 жылғы Хорезм жорығы алдында моңғол елінің Шыңғыс ханнан кейінгі мұрагері кім болуы керек деген мәселе талқыланған тұста ханның екінші ұлы Шағатайдың аузынан шыққан «меркіттің шатасы» деген айыптау ащы шындық па еді деген сауал әрқашан кесе қөлденең тұрады. Оқырманды да «Шыңғыс хан ата жауына айналған меркіттерді талқандауға неліктен Жошыны аттандырды екен» деген сауал да мазалайтыны анық. Бұл мәселе ғылыми әдебиеттер мен басқа да басылым беттерінде көп талқыланғандықтан, қысқаша оқырман назарын Жошы есімінің мағынасына аударуды көздедік. Жошының дүниеге келуі анасы Бөртенің меркіттердің тұтқынына түсуіне байланысты күмәнға оранды. Жау қолында қалған жарын құтқару үшін Темужін мәңгілік дос болуға серттескен андасы Жамұқа мен әкесі Есугейдің досы, әке орнына әке болуға уәде берген керей ханы Тоғрыл ханның біріккен әскерімен меркіттерге басып кіріп, Бөртені меркіттер тұтқынынан босатқаны белгілі. Осы кезеңдегі Бөртенің бойындағы өзгерістерді түсінбеген бойы Темужін моңғол деректері бойынша інісі Хасарға, Рашид ад дин бойынша жалайыр тайпасынан шыққан Сабаға Бөртені өз жұртына жеткізуді тапсырады. Барлық шығармаларда көрсетілгендей Бөрте жол жөнекей  босанып, баланың атын моңғолша «Зочин», яғни «қонақ» деген мағынада қойған деген пікір қалыптасқан. Белгілі зерттеуші Зардыхан Қинаятұлы ағамыз, осы пікірлерді талдай келе, Жошы деген ат Шыңғыс хан әулетінде бұған дейін болғанын таратып айтады да, сонда олардың барлығы Боданчар әулетіне қонақ ретінде келген бе еді деген сауал тастайды. Автордың пайымдауынша, Жошыға ат қойғанда Шыңғыс хан моңғолдардың салт-дәстүріне сәйкес әйгілі ата-бабасының есімін берген, екіншіден моңғолдарда апайтөс, алып адамдардың атының алдына «Жошы» атауын жалғайтын дәстүр болғанын атап өтеді.  Мысалы, «құнан өгіздің етін жалғыз жейтін» Шыңғыс ханның інісі Хасарды кейде Жошы-Хасар деп атаған. З. Қинаятұлы моңғолша ұсталардың төс темірін «дөші» деп айтатынын алға тарта отырып, Жошы есімінің осындай «алып», «апайтөс» деген мағына беретін екінші  мағынасы болғанын да алға тартады. Қалай дегенмен, Жошының өмірге келуі мен атына байланысты құпияға толы сырға толық нүкте қойылуы екіталай. Адам тағдырының сан қилы қатпарлары туралы, жалпы өмірдің мәні туралы сансыз ойларға жетелейтін сұрақ ретінде Жошы тағдырының бұл құпиясы  оның есімімен бірге ұрпақтан ұрпаққа жете берері сөзсіз. Сондықтан, Жошы Шыңғыс ханның бел баласы ма,  әлде қаны меркіт пе деген сауалға да нүкте қою қиын. Дегенмен, деректерге сүйенсек, Шыңғыс ханның Жошыны әрқашан тұңғыш әрі сүйікті перзенті ретінде қабылдағаны анық.

Киіз туырлықтылар

Жошының бұдан кейінгі тағдыры қыпшақ даласымен байланысты болды. Оның бастамасы Шыңғыс ханның 1218 жылы Жетісуды, одан әрі Орта Азия мен Шығыс Дешті қыпшақ аумағын жаулап алу соғыстарымен байланысты. Орыс зерттеушісі  В.В. Трепавлов Шыңғыс хан бастаған моңғолдардың жаулап алу соғыстарын екі кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқы кезең – 1207-1218 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде моңғолдардың Моңғолия аумағынан тыс жерлерде жүргізген жаулап алушылықтары «киіз туырлықтылардың» бірлігі идеясы аясында жүзеге асты. Осылайша, көптеген түркі тайпалары мен халықтары моңғолдардың билігін өз еріктерімен қабылдап, олармен одақтық қарым-қатынастар орнатқанын атап өтеді. Тіпті ендігі жерде моңғол әскерінің құрамы түркілерден құралды. Мысалы, Алмалықтың сол кездегі билеушісі Бұзардың (Озардың)  баласы Суқнақ-тегін бастаған қаңлылар Шыңғыс ханның әскері құрамын толықтырған. Моңғолдардың Қазақстан мен Орта Азия аумағына басып кіруі қарсаңындағы Жетісудағы саяси жағдайға тоқтала кетейік. ХІІІ ғасырдың басында күрес негізінен Жетісуды жаулап алған қарақытайлар мен Хорезмшах арасында өрбіді. Мұхаммед Хорезмшах бұрынғы қараханидтер иелігіне мұсылмандарды кәпірлерден азат етуші ретінде келгеніне қарамастан, оның шапқыншылық жорықтары өлкені тонаушылыққа ұшыратып, жергілікті халықты қырып-жоюға бағытталды. Дәл осы кезеңде шығыста моңғолдардың күшейе бастаған тұсы еді. Сондықтан көп ұзамай қарлұқ ханы Арслан мен ұйғыр билеушісі Баурчик Шыңғыс ханның билігін мойындап үлгереді. Ал, Орхон мен Ертіс аралығындағы наймандар Шыңғыс ханнан жеңілгеннен кейін, Күшілік бастаған бір бөлігі Жетісуға, қарақытай билеушісінің қол астына келіп, пана табады. Көп ұзамай Күшлік гурханның қызына үйленіп, Хорезмшах пен қайын атасына қарсы одақ құрады. Осылайша, Жетісудағы билік Күш­лік­тің қолына өткенімен, әртүрлі аймақтардың жеке билеушілері дербес саясат ұста­­нып, оған бағына қойған жоқ. Дәл осын­дай жағдайда кейбір аймақтар ішкі алауыздықтар мен саяси тұрақсыздықты пайдаланған жергілікті халық билікті өз қолдарына алады. Сондай иеліктердің бірі – орталығы Алмалық қаласы болған қаңлылар иелігі еді. Әбілғазының хабарлауынша моңғолдардың Шу, Талас бойына басып кіруінің қарсаңында 50-60 мыңдай қаңлылар Хорезмшахтың қол астына нөкер болып кеткен. Ал, аталған аймақта 10 мың үйдей ғана қаңлылар қалған. Парсы тарихшысы Джувейнидің жазуынша, қаңлылардың осы бөлігінен шыққан, ұзақ уақыт бойы елді тонаумен, қарақшылықпен айналысқан Озардың күшейгені соншалықты, ол көп ұзамай Алмалық және бірқатар қалаларды иеленіп алған. Ортағасырлық автор Жамал Қаршы бойынша, Бұзар Тоғрыл хан өз ұлы Суқнақ-тегінді Шыңғыс ханға қызмет етуге аттандырса да, қызы Айуқ-хатунды достығының, туыстығының белгісі ретінде сыйлыққа беріп, одан жауларына қарсы көмек сұраған. Сондықтан, 1218 жылы моңғолдар Алмалыққа келгенде қаланы басқару құқығын Бұзардың ұлы Суқнақ-тегінге береді. Ал, Жошының қызы Булған-бикені Суқнақ-тегінге ұзатқан. Моңғолдардың жаулап алу жорықтары 1219 жылы Ертіс бойынан басталып, моңғол әскері Сырдарияға дейін бұрынғы жаулап алушылардың жолымен Жетісу арқылы жүрген. Моңғол әскері Ертіс бойынан күзде жылжыған кезде, оған қарлұқ Арслан хан, ұйғыр билеушісі Баурчик және Алмалықтың билеушісі қаңлы Озардың баласы Суқнақ-тегін өз жасақтарымен барып қосылады. Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыны Оты­рардан кейін Сырдарияның бойымен төмен қарайғы жерлерді бағындыруға аттандырды. В.В. Бартольд Шыңғысханның Жошыға мұндай тапсырма беруінің себебі, Моңғол империясының солтүстік-батыс аймақтарын үлкен ұлының иелігіне бергісі келгендігінен болар деп тұжырымдайды. Осы жорықта Жошы Сырдың төменгі ағысы бойындағы қалаларды қоршауға аттанған. Келесі топ Сырдың жоғарғы ағысы бойы қалаларын бағындыруды міндеттеріне алғаны белгілі. Деректерге сүйенсек Жошы бастаған моңғол әскеріне қатты қарсылық көрсеткен Сығанақ халқын жау әскерлері түгел қырып тастады. Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Ашнас халқы да осындай жағдайды бастарынан кешеді. Ал, Жент, Үзкент, Баршынкент қалалары жаппай қырып-жоюдан біршама аман қалды. Мұның себебі кейбір деректерде Жошының жаппай қырып-жоюға қарсылық көрсетіп, халықты бейбіт келісіммен көндіруге ұмтылған саясатының нәтижесі ретінде түсіндіріледі.  Зерттеуші В.В. Бартольд та кезінде Жошының Шағатаймен салыстырғанда барынша жұмсақ саясат ұстанғандығын атап өткен болатын.