«Ғалым да, шахтер де бас иетін», Білдік пе ұстаздың қасиетін?...
«Ғалым да, шахтер де бас иетін», Білдік пе ұстаздың қасиетін?...
Адам баласы үшін мәңгілік маңызды нәрсе – білім болса, соған жеткізетін мектеп пен мұғалімнің де маңызы да ешқашан құнын жоймақ емес. Бүгінде қара танымау деген ұғымның өзі архаизмге айналып бара жатқандай. Бірақ мектеп пен мұғалімге қатысты проблемалар жыл сайын түрін өзгертіп, алдымыздан шыға беретіні несі?
Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғалы бері, яғни, еліміздің білім саласын басқаруға 28 жылда 16 рет министр тағайындалып, әрқайсысы өз жобасын ұсынып, мектеп пен мұғалімдерді түрлі «эсперимент-жаңалықтармен» қарқ қылған елде білім берудің берекесі біраз кетіңкіреп қалғаны жұрттың көз алдында.
Алдымен оқулықтар бірнеше рет қайта жасалып, осыдан отыз жыл әріде қалыпқа түскен оқулықтар жүйесі бұзылды. Тарих, тіл, әдебиет, география секілді пәндерді тәуелсіз елдің идеологиясына сай жасауға болар, бірақ математика, физика, химия, алгебра, геометрия секілді жаратылыстану пәндеріне арналған оқулықтарға өзгеріс енгізудің керегі бар ма еді? Олардың қандай жаңа сапаға ие болғанын әлі күнге жөндеп түсіндіріп берген адам жоқ.
Мектепте математика пәндерін 40 жылдап оқытқан тәжірибелі ұстаздармен оқулық мәселесі жайында сөйлесіп көргенімізде, олар оқушыларға элементарлық ұғымдарды түсіндірудің тым күрделеніп кеткенін, сондай-ақ, оқулықтағы берілген көптеген есептердің оқушының жас ерекшелігін ескерілмей берілгенін айтады. Мысалы, белгілі математик ғалым, академик Асқар Жұмаділдаев орта мектептің бесінші не алтыншы сыныбына арналған математика оқулығындағы бір есепті шығара алмағанын айтқаны бар. Себебі есептің берілуі қате. Яғни, есепті шығаруға қойылған шарт теріс болған.
Қай салада болса да, өзгертуге көнбейтін, сақталуы тиіс нәрселер болады. Өйткені олар сол саланың маңызын сақтап тұрады. Ал ондаған жылдар бойы мектеп есігін енді ашқан баланың қолына ұстап, хат тануға бірден-бір септігін тигізетін құнды оқулық «Әліппенің» жойылып, оның орнына жүйесіздеу «Сауат ашудың» ұсынылуы – бастауыш сынып мұғалімдерін де, ата-аналарды да біраз абыржытты. Біріншіден, ұзақ жылдар бойы әбден жүйеге түскен «Әліппемен» бала оқытып келген ұстаздар сынақтан өте қоймаған «Сауат ашумен» білім беруге дағдылана алмай қиналса, бір кезде мектепте өздері оқыған «Әліппемен» баланың сабағын үйде пысықтауға үйренген ата-аналар «Сауат ашудың» не нәрсе екенін, онымен балаға не үйрету керегін білмей дағдарды. Осыны ескерген болуы керек, Қазақстан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырза алдағы жылдарда «Әліппенің» мектептерге қайта оралатынын айтып, жұртты қуандырып қойды.
Сосын мектеп оқулықтарындағы деректердің бір-біріне сәйкестігі қатаң қадағалануы тиіс болса, біздің елдің оқулықтары бұл жөнінен де ақсап жатқан сияқты. Мәселен, орта мектептің 7-қазақ сыныптарына арналған дүниежүзі тарихы оқулығы мен 9-қазақ сыныбында факультативті оқытуға арналған дінтану оқулығында Мұхаммед пайғамбардың туған жылы екі түрлі берілген. Сонда оқушы қайсы деректі дұрыс деп таниды? Айта берсек, оқулықтың жыры көп...
Енді мұғалім мәртебесі мәселесіне келейік.
Жалпы, осыдан бір ғасыр әріде қоғамда мұғалімдер культі өте жоғары болды. Себебі халыққа білім беріп, ғылымды үйрететін тұлғалар өте аз еді. Одан кейін ол салада, негізінен, аса қабілетті адамдар тер төкті. Мұғалімдер Кеңес өкіметі кезінде елге білім беріп қана қоймай, халықтың саяси сауатын ашатын тұлғаға айналды. Себебі ақпараттық тапшылық бар және сауатты адамдар аз кезде ондай тұлғалардың елдің алдында жүруі заңды еді.
Дегенмен, ХХ ғасырдың екінші жартысынан өткенде газет-журналдардың көбеюі, радио мен теледидардың халыққа қолжетімді болуы, түрлі саладағы кітаптардың көптеп басылуы, олардың аудан-ауылдарға дейін жетіп, мол қоры бар кітапханалардың ашылуы – халықтың сауатын көтеріп, білімін өз бетінше толықтыруға мол мүмкіндік жасалған кезде мұғалімдердің рөлі бұрынғыдай аса жоғары болмаса да, олар бәрібір білім беру саласында басты тұлға болып қалды.
Заман өзгерістері қай салаға болса да әсер етпей тұрмайды. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталып, біраз жылдарға созылған өтпелі кезеңнің кесапаты білім саласына да тимей қалған жоқ. Сол жылдардағы жұмыссыздықтың кесірінен, жалақы алып жан бағудың көзіне айналған білім саласына бойында педагогтік қасиеті аз адамдар лап қойды. Ілдәлдалап жүріп педагогикалық оқу орнын бітіргендер көбейіп, білім беру саласын «орташа» мұғалімдердің тасқыны басты. Оның үстіне, бар ойы бала-шаға бағумен болған ата-аналар балаларының білімін бақылауға мұршасы болмады. Шамамен он жылдан аса уақытқа созылған бұл үдеріс білім беру саласына айтарлықтай «із» қалдырды. Солайша, елде мұғалімдерге деген нашар көзқарас қалыптасып, мектептің қадірі кетіңкіреп қалғандай болды. Оның үстіне жыл сайын «мектеп қажеттілігі үшін жиналатын ақша» мұғалімдер арқылы алынатын болғандықтан көптеген ата-аналар ұстаздардың осы бір әрекетін ұнатпайды. Ұнатпағанмен не шара, көптеген мектептерде мектеп директоры «өзі би, өзі қожа». Мектеп директорларының осындай астамшылдығын әшкерелеймін деп, басы дауға қалған мұғалімдер де жоқ емес. Себебі жеме-жемге келгенде ұстаздардың өзара ауызбірлігі болмай қалады немесе мектеп директорларының қолдаушылары күшті болып, мәселенің соңы сиырқұйымшақтанып барып, шешілмей қалады.
Бірақ бүгінде білімді ұстаздар көбейіп, білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалған заманауи мектеп ғимараттары көптеп салынып жатқан дәуірде мектептердегі білім беру жағдайы нашар деуге болмайды.
Бүгінде, жасыратын несі бар, мектеп пен ата-аналардың арасында жиі-жиі даулы мәселелер болып тұрады. Ол мәселелер, әрине, баланың тәртібі мен сабаққа деген үлгеріміне қатысты десек те, көбіне мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы субьективті жағдайлардың әсерінен болып жатады.
Ата-аналар «мектеп баламызға жөнді білім бермейді, мұғалімдер нашар» деп кінәласа, мұғалімдер «ата-аналардың балаларының сабаққа қатысуын, дайындығын бақыламайтынын», сондай-ақ, тәртібінің қиындығы жөнінде шағымданады.
Шынын айтқанда, бүгінгі мұғалімдердің заңдық тұрғыдан құқығының қорғалуы тым нашар. Себебі, баладан сабақты талап етсе, дайындалмай келгені үшін шара қолданса, соған шыдамайтын өркөкірек оқушылар жылап қалса немесе мектепке барғым келмейді деп ата-анасына қиғылық салса да мұғалімді кінәлі қыла салатын ата-аналар көп. Баспасөзде кейбір оқушылардың ұстаздарына әдепсіздік көрсеткен жағдайлары, тіпті ата-аналарына, туыстарына сабатып, ауруханаға түсірген жайттары туралы да жазылып жатады. Мұның бәрі бүгінгі қоғамда мұғалім мәртебесінің төмендеп кеткенін, оларды құқықтық жақтан мемлекеттің қорғай бермейтінін көрсетсе керек.
Бірақ соңғы кезде мемлекетте бұл мәселелерде ілгерілеу бар. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне ұсынылған «Педагог мәртебесі туралы» және «Педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобасы. Бұл соңғы он жылда жиі әңгіме болып, кейінгі бір жылда қоғамда кең талқыланған еді. Заң жобасына елден 18 мың ұсыныс келіп түскен. 4 бағыт бойынша жасалған жобадағы нормаларды іске асыру үшін қосымша 1 трлн теңгеден аса қаржы қажет көрінеді. Өткен айда еліміздің заң шығару органына ұсынылып, өзгертулер мен толықтырулар қажет деп, бірінші тыңдалымда қабылданбаған заңда не көрсетіліп еді?
Заңда мұғалімнің құқығын қорғау, қосымша жүктемеден босату, материалдық және материалдық емес қолдауларды арттыру, білім жүйесін дамытуға серпін беру мәселелері көтерілген. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, алдымен заңның құрылымдық жүйесін бекітіп алу керек, содан кейін оны керегінше жетілдіре беруге болады.
Заңда депутаттар қабылдамаған нәрсе мұғалімдердің еңбек өтілін және зейнетке шығу жасын қысқарту мәселесі еді. Оны парламенттің жұмыс тобы жеке-жеке қарап, шешетін болды.
Жаңа заң жобасы бойынша мұғалімдердің құқығын аяқасты етіп, басы артық іске пайдалану (көше тазартуға жұмсау, мектепке баратын баланың санын анықтау т.б.) тоқтатылуы тиіс, егер ондай іске мәжбүрлеушілер болса, 303 мың теңгеге дейін айыппұл төлейтін болады. Дегенмен мұғалімдердің зейнетке шығу мәселесі басқа заңдармен реттелетін болғандықтан ол мәселе заңда қаралмаған.
Әрине, мұғалім мәртебесінің өскені олардың жұмыс сапасының артуына, жалпы халқымыздың сауаттылық деңгейінің өсуіне жақсы жағынан әсері күшті болары сөзсіз. Көптеген елдерде мұғалімдердің мәртебесі жоғары болғандықтан қоғамда оларға деген құрмет те ерекше. Сондықтан ол елдерде жас ұрпаққа білім беру жолында тер төгіп жүрген тұлғалар өз ісінің нағыз маманы, ізденімпаз, талантты да талапшыл, өз саласында жоғары жетістікке жеткен адамдар болып келеді.
Ұлы Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген аталы сөзін қаперімізге ұстар болсақ, өз жұмысынан тек рухани ләззат алып қана қоймай, материалдық табыс табу басты мақсат болған бүгінгі нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп жатқан ұстаздар қауымын материалдық, моральдық, заңдық жағынан бірдей қорғау – мемлекеттің міндеті болуы тиіс. Сонда ғана білім саласында еңбек ететін мұғалімдер қауымын «ұстаздық ету – жалықтырмай», қазақ елінің білімді ел болуына анық пайдасы тиер еді дейміз.