Жаңалықтар

Мұнай ұрлығы: Қазына тонау қашан тыйылады?

ашық дереккөзі

Мұнай ұрлығы: Қазына тонау қашан тыйылады?

Қазақстан экономикасы­ның негізгі қуат көзі мұнай мен газ екені әмбеге аян. Бү­гін­гі таңда елдегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайызы, ал экспорт­тан түсетін табыстың жартысы – мұ­най-газ өнеркәсі­бі­нің үле­сі.  Қазақстан бүкіл әлемдегі жалпы мұнай өнімі­нің (күніне 90 млн баррельден астам) 1,8  пайызын (күніне 1,719 млн баррель) беріп отыр. Алайда ел байлығына ашкөз­де­не қол сұғушылардың көбеюі қара алтын өндірісінің келеше­гі­не қатысты күдікті ойларды қа­лың­датқанын несіне жасырайық?!. Өткен жылы Қазақстанда 77, 5 млн доллар мұнай өндірілсе, биылғы жыл­дың алғашқы 5 айының өзінде 36,5 млн тонна шикізат алынды. Мемлекет айрықша үміт артып отыр­ған үш кен орны – Қашаған, Теңіз бен Қарашығанақтан жалпы көлемі 21,7 млн тонна қара алтын өндірілді. Мұ­найды қайта өңдеу көлемі де айтарлықтай артқан. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылғы қаңтар-мамыр айларында 6,7 млн тонна қара алтын қайта өңдеуден өтті, яғни 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 5 пайыздық өсім бар. Қазақстан мұнайының сапасын жо­­ға­ры бағалайтын импорт­тау­шы елдер биыл да сұранысты азайтқан жоқ. Энер­гетика министрлігінің дерегін­ше, 2019 жылдың ал­ғашқы үш айында елімізден жалпы кө­лемі 16 млн тоннадан астам мұнай экс­порт­талып, қазынаға 7,4 млрд доллар құйылды. Қазына бар жерде сұқ көз де болмай тұрмайды. Қынжылтатыны, сұғанақ қол­дар – сыртта емес, ішімізде, өз арамызда жүр­гендер. Соңғы уақытта елімізде қара алтын ұрлығының белең алғаны сон­шалық, мұнай және мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы қылмыстық құ­ры­лым­­дардың негізгі табыс көзіне ай­нал­ды. Қаржы полициясы мұнымен күре­су­дей-ақ күреседі. Бірақ нәтиже көңіл көн­шітпейді. Биылғы жылдың ақпанында Маңғыс­тауда мұнайды тонналап ұрлаған қыл­мыс­тық топ ұсталды. Әр қадамдарын жіті ой­ластырып, сауысқандай сақ әрекет етсе де әккілер заң құрығынан құтылып кете алмады. Облыстық Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, қылмыс­тық топ мүшелері мұнайды ұрлау бойын­ша арнайы сызба дайындаған. Олар та­сы­мал­дау және кірістерді заңдастыру процесін ретке келтірген. Топ басшысы қажетті мәлі­мет­терді жинап, қылмыстық ұйым­ның болашақ мүшелерін тауып, оларды оқы­тыпты. Жалпы, топта 12 адам болған көрінеді. Ұрылар әуелі елден тыс жерден сатып алушы іздеген. «Клиент» табылған кезде қылмыскерлер магистральды мұнай құ­бырын кесіп, мұнайды автокөлікке құйып оты­рыпты. Ұрланған мұнай темір жолмен Ресейге мұнай қалдықтарының қоспасы ретінде тасымалданған. Қылмыстық әре­кет­тен түскен кірістерді заңдастырып отырудың да тетігін тапқан. Экономикалық тергеу департаменті­нің дерегіне сүйенсек, қылмыстық топ 2017 жылғы тамыздан 2019 жылғы ақпанға дейін ел байлығын тонап келген. Қара-Оба кен орнындағы консервация­лан­ған мұнай ұңғымала­ры­нан және «Өзен – Жетібай – Ақтау» ма­гис­тральды мұнай құбырынан қара алтынды алаңсыз үптеген. Ұрылар жалпы көлемі 2420 тонна мұнай ұрлап, мемлекетке 348,7 мил­лион теңге шығын келтірді.  ҚР Қыл­мыстық кодексінің 13 бабы бойынша қоз­ғалған істің мате­риал­дары мыңнан аса бухгалтерлік құ­жат­тарды есептеме­ген­де 30 томға жеткен. Материалдарының көлемі бойынша «ерекшеленген» тағы бір қылмыстық іс өткен жылы Қызылорда облыстық Қыл­мыс­тық істер жөніндегі маман­дан­ды­рылған ауданаралық сотында қаралған еді. Жиынтығы 149 томды құраған қыл­мыс­тық іс материалдарына сүйенсек, өңірде 2 ұйым­дасқан қыл­мыс­тық топ құ­рыл­ған. 1-топ мү­шелері «Қоныс», «Жы­лан­ды қыр» кен орны мен «Құмкөл-Тұз­көл» және «Шым­кент-Павлодар» мұнай құ­бырынан қара алтын ұрлауды ұйым­дас­тырған. Асты­р­тын іске мұнай компа­ния­ларының жұмыс­шылары мен күзет­ші­лері және кә­сіби дә­некер­леу­шілер тар­тыл­ған. Ал ке­лесі топ ұрланған мұнайды сақтау, тасы­мал­дау және сатумен айна­лыс­қан. Тіпті көр­шілес мем­лекет­терге де кө­мір­сутек шикізатын жет­кізіп отырған. Мұнайшылар, кәсіпкерлер мен олар­ды қолдап-қорғаған бұрынғы көлік про­ку­роры мен полиция полковнигі бар – қара алтынды заңсыз жолмен саудалауға қатысқан барлық 21 адам өз жазасын алды. Сотталғандардың 17-сі темір торға қамалды, қалған төртеуі жазаларын шарт­­ты түрде өтей­ді. Істің басты фи­гу­рант­тары – Кенжетай Бас­қараев пен      Бе­рік Өтегенов 10 жылдан ар­қалап кете барды. Қара алтын ұрлығы туралы сөз қоз­ғалғанда, осыдан үш жыл бұрын әшке­ре­лен­ген аты­шу­лы «Төрт ағайын­ды ісі» де ерік­сіз ойға оралады. 26 адамның басын қосқан ақтөбелік қыл­мыс­тық топ 2016 жылы жел­тоқ­санда Қазақ­стан­ның батыс облыс­та­рында арнайы опе­ра­ция жүр­гізу барысында ұсталған бола­тын. Сыбай­лас­тар «Сағыз Пе­тро­леум» компаниясына қа­рас­ты «Қа­ғанай» кенішінен 2015 жыл­ғы маусым-қыркүйек ара­лы­ғында 530 тонна мұнай ұрла­ған. Тергеу материал­дары бойын­ша ұр­ланған мұнай құны 11 млн 302 мың тең­гені құрады. Бұдан бөлек, қыл­мыс­тық топ Ақтөбе облысы Бай­ға­нин ауда­нын­дағы «Ащы­көл» мен «Қара­төбе», Мұ­ғал­жар ау­данын­дағы «Си­нель­ни­ков­ское» кеніші­нен де әр жылдары аса көп мөлшерде мұ­най ұр­лағаны анықталды. Олар­­­дың мем­­лекет­ке келтірген жал­пы шы­ғыны 34 млн теңгеге жетеға­был. Қылмыстық топ құрып, құл­қын­ның қамын күйт­те­ген 26 адамға  Қылмыстық ко­декс­тің «мұ­най ұрлығы», «адам ұрлау», «ақша бопса­лау», «қару сақтау», «бөтеннің мүлкін талан-таражға салу», «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» және басқа бапта­ры бойынша айыптар тағылды. Бұл – ауыр және өте ауыр айыптар, жазасы да жеңіл болған жоқ.  Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі маман­дан­ды­рылған ау­дан­аралық соты өткен жылғы 2 тамызда істің соңғы нүктесін қойды. Судья Ахмет­қали Молдағалиевтің үкімі бойын­ша  «Төрт ағайынды» то­бы­ның жетекшісі Ер­кін Ізбасар – 12 жыл, оның сенімді серігі Аухат Қалиев – 11 жыл, Қалды­мұрат Қартжанов – 11 жыл, Нұрлыбек Тон­таев – 7 жыл, Бо­латбек Бекетов – 8 жыл, Мұрат Тұр­жанов – 8 жылға бас бостан­ды­ғынан айрылды. Топ «серкесі» – Еркін Ізбасарды қор­ға­ған адвокат Мәди Мырзағараев сот үкімін әділетсіз, шектен тыс қатал деп бағалады. Қылмыс жасағанның бәріне аяушылық танытып, бастан сипай берсе, заңның қадірі қайсы? Жердің байлығы – шексіз емес, бір күні сарқылады. «Көбелектер» көбігін ішіп кетсе, «жапа­лақ­тар» жарымын жұтып, «қарға­лар» қалғанын қылғытса, болашақ ұрпақтың еншісі деп қызғыштай қорып отырған қазынамыздан не қалады?!