Ырысты арттырар ынтымақтастық
Ырысты арттырар ынтымақтастық
Армения астанасы Ереванда ЕЭК-ке мүше бес ел Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Бұл бестік бұған дейін де Кедендік одақ аясында түрлі кездесу өткізіп, ЕАЭО елдерінің тауар айналымы мәселесін жиі талқыға салып жүрді.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты. Әуелгі сөзді алған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев армян тарапына жылы қабылдауына және отырысқа жоғары деңгейде дайындалғаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одақтың әлемдік сауда-саттықты дамытудың аса маңызды бөлігіне айналғанына сенімді екенін айтса да, тауар айналымы азайып кеткенін мәлімдеді. – Біз Еуразиялық экономикалық одақ келісімінің әр әрпі мен рухын мүлтіксіз сақтай отырып, экономикалық интеграцияға тың серпін беруіміз керек. Бүгінгі отырыс біздің интеграциялық бірлестіктің ары қарай дамуына үлес қосарына сенімдімін. Еуразиялық экономикалық одақ – әлемдік сауданың дамуында маңызды орынға ие болды. Біздің одақ сыртқы серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық. Алайда нарық тез өзгеріп бара жатқан коньюктурасы, державалар арасындағы өсіп келе жатқан бәсекелестік, сауда соғыстары, протекционизмнің өсуі – әлемдік экономиканың тұрақсыздығын тудырып отыр, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселелерге назар аудару керектігін баса айтты.
«Біріншіден, БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемде туындаған сауда соғыстары келесі жылдың басында әлемдік экономиканы 850 млрд доллардан 1 трлн долларға дейінгі шығынға ұшыратуы мүмкін. Өндіріс қарқынының бәсеңдеуі, жаһандық ауқымда инвестициялардың қысқаруы әлемдік ЖІӨ-ні 1 пайызға азайтуы мүмкін. Бұл – өте ауқымды сандар. Әлемдегі экономикалық өсімнің төмендеуі, бұл мәселенің сауда серіктестеріміз ЕО-да, Қытайда айтарлықтай білінуі біз үшін де жағымсыз жайға апаруы ықтимал. Осы жылы тауар айналымының қысқарғанын байқап отырмыз. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, ЕАЭО елдерінің үшінші елдермен тауар айналымы 2 пайызға азайған. Одақ елдерінің өзара тауар айналымы 5 пайызға дейін, яғни 28 млрд долларға дейін қысқарды. Бұл – жағымсыз тенденция», – деді Қ.Тоқаев.
Мәселен, одақ ішінде Қазақстан экспорты едәуір азайып кетіп, Қазақстанның ЕАЭО елдерімен экспорты 6 пайызға дейін қысқарған. Әрине, оған әртүрлі фактор әсер еткен. Тіпті, бұл тұрғыда Президент әкімшілік кедергілердің барын жоққа шығарған жоқ. «Бұған шынайы әрі өзара ынтымақтастық, интеграция мен кооперацияның арқасында ғана қол жеткізуге болады. Біздің елдеріміз ортақ ішкі нарықтағы кедергілерді жою жұмыстарын жалғастыра беруі керек. Комиссия ұлттық заңнамаларға мониторинг тетіктерін күшейте алады және солай істеуге тиіс деп ойлаймын. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі қолданыстағы құқықтарды түсіндіру мен ақпараттандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шара барысында Қ.Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім жасасты. Ол туралы Тоқаев Twitter-дегі парақшасында: «Біздің елдеріміз барлық бағыттарда сенімді және ашық диалог орнатты» және «Мәдени-гуманитарлық байланыстар дамып келеді» деп атап өтті. Ақорданың сайтында хабарлағандай, кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық серіктестік және көлік логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. «Біздің сауда экономикалық қатынастарымыз жақында күшейе түсті. Менің ойымша, біздің әлеуетіміз әлдеқайда зор. Біз бұл мүмкіндікті іске асыру үшін жұмыс істеуіміз керек, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Армения Премьер– министрі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лун және Иран Президенті Хасан Руханимен кездесуде мемлекетаралық ынтымақтастық пен сауда-экономикалық саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісім жасасты. Ал Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен өткен достық кездесуде екі жақты байланысты нығайтып, ынтымақтастығын одан әрі тереңдету жайы сөз болды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының күн тәртібіндегі басты мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Сингапур Республикасының арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою болды. Аталған келісім ЕАЭО елдері үшін 600 миллион халқы бар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығына мүше мемлекеттердің алып нарығына жол ашады. Осыған байланысты, Қазақстан Президенті кеңейіп жатқан жаңа нарықтар мен сауда-экономикалық байланыстарды дамытып, аталған бағыттағы келіссөздердің жоғары деңгейін сақтап қалу маңызды екенін айтты. Жоғары кеңестің барысында Сингапур Республикасымен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды. Осымен ЕАЭО осы бағытта Вьетнамды қоса айтқанда екінші елмен келісім жасады. Ендігіде Иран Ислам Республикасымен сауда-экономикалық және логистикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды мәселе.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес жиынында мемлекет басшылары ЕАЭО алдағы жылға арналған бюджетін қарап, Көлік және энергетика саласындағы заңнаманы үйлестіру бойынша бірқатар шешімдерге талдау жасап, ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын және оның негізгі бағыттарын қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілді. Бұдан өзге көлік-логистика саласын дамыту, ЕАЭО елдерінің транзиттік мүмкіндіктерін нығайту мәселелері де назардан тыс қалмады. Осылайша, Ереванда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес қорытындысы бойынша 20 құжат қабылданды.