Брикет көмір деген не?

Брикет көмір деген не?

Брикет көмір деген не?
ашық дереккөзі
Қазақстан әлемдегі көмір өндірісі дамыған он елдің қатарына кіреді. Елімізде көмір қоры жеткілікті, бірақ өндіріліп жатқан көмірдің сапасы әрқалай. Қара көмірге сұраныс жоғары, өндіріс те жүріп жатыр, ал қоңыр көмірдің жайы қалай? Қоңыр көмір Қазақстандағы жалпы көмір қорының кемінде 62%-ын құрайды екен. Ғалымдарымыз қоңыр көмірдің әр жерде бір үйіліп пайдаға аспай жататынын айтып жүр. Кен орындары қара көмірді қазып әкетеді де шахтаны ашық қалдырады. Қоңыр көмірді қайта сол қазылған жерге көмуге біраз уақыт пен қаржы кететіндіктен, оны шахта шетіне үйіп тастайды. «Қоңыр көмірді қайтадан шахтаға көмгеннен гөрі іске асырған дұрыс. Мұндай көмірді пайдаға асырудың жолы жоқ, тек ғылыммен ғана көзін табуға болады. Оны әрі қарай өндіріске жіберудің бір жолы осы ғана», – дейді PhD докторант, биотехнолог Қуаныш Тастамбек. Қоңыр көмірді пайдаға асыру туралы мәселе бұрын көтерілмейтін. Өйткені Қазақстанда көмір қоры жеткілікті, тіпті оның да таусылатын кезі болатыны туралы ойлана бермейміз. Технология дамыған, қалдықсыз өнім шығару қолға алынып отырған кезеңде қоңыр көмірді тиімді пайдалансақ, ең алдымен өзімізге пайда әкеледі. Әлем таңдауы «жасыл технологияға» ауып тұрғанда жарамсыз болып отырған қоңыр көмірді экологияны бұзбай, экономикаға пайда алып келетіндей өндіріс орындарына бағыт-бағдар берілсе,  көмір үйінділері жойылып, түтіні мен күлі аз өнім шығаруға болады. Қоңыр көмірден жаққан кезде түтіні көп шықпай, шоқ болып тұратын, тез жанып кетпейтін, күлі аз қалатын, тасымалдауға тиімді жұдырықтың көлеміндей брикеттер шығару зерттеле бастады. Ғалымның айтуынша,  мұндай брикеттер камин пештерге және демалыс орындарына шыққанда кәуәп және өзге де тамақтар жасауға ыңғайлы. Адамдар бұрынғыдай қаппен сексеуіл немесе көмір сатып алмай-ақ, дайын брикеттерді пайдалана алады. Өйткені қоңыр көмірден жасалған брикеттің жылулығы қара көмірмен бірдей болалды. Брикет көмірге сұраныс артса, тау-тау болып үйілген қоңыр көмірлер азаймақ. «Бізде қазіргі өндірісте импортталған брикеттің бірнеше түрі бар. Оларды тәжірибе жүзінде жағып та көрдік. Шетелден келген брикеттердің көбісінің құрамында ағаш бар», – дейді PhD докторы Қуаныш Тастамбек. Сонымен қатар жас ғалым қоңыр көмірден бет күтіміне арналған маска алумен айналысып жүр. Крем ретінде жасалатын маска адамның бетінде бөлінетін артық майларды өзіне сіңіріп алатын қасиетімен ерекшеленетін болады. Ал бүгінде өзіміз пайдаланып жүрген шетелдік өнімдердің бетімізге аса пайдалы дей алмаймыз. Өйткені шетелдік өнімдер сол шыққан елдің табиғатына, өзге де ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. Бізге қаншалықты пайдалы екенін білмейміз, аллергия тудыруы мүмкін. Сондықтан өзіміздің бет терімізге арналған крем-маскалар жасап, отандық өнімдерді көбейтетін уақыт келді дейді жас ғалым.

Арайлым БИМЕНДИЕВА