Мәскеуде Рахымжан Отарбаевтың екі кітабы орыс тілінде жарық көрді

Мәскеуде Рахымжан Отарбаевтың екі кітабы орыс тілінде жарық көрді

Мәскеуде Рахымжан Отарбаевтың екі кітабы орыс тілінде жарық көрді
ашық дереккөзі
Мәскеуде қазақтың белгілі жазушысы, драматург Рахымжан Отарбаевтың орыс тіліне аударылған екі кітабы оқырман қауымға таныстырылды. “Шыңғыс-ханның көз жасы” және “Бас” атты романдары “Художественная литература” баспасының бас редакторы Владимир Пряхиннің аудармасымен орыс тілінде жарық көрді. Шараға мәскеулік жазушылар, тілшілермен қатар Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің өкілдері және жазушының ұлы Ермерей Отарбаев қатысты. Владимир Пряхин жиналған қауымға бұл жобаны Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің қолдауымен іске асырғанын жеткізіп, алғысын білдірді. Айта кетелік, Отарбаевтың шығармалары тек қазақ және орыс тілінде ғана емес, сонымен қатар француз, қытай, араб, түрік, қырғыз және ағылшын тілдеріне аударылды. Өз кезегінде, алғы сөз алған Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Жанар Колбачаева жазушының мол мұрасы туралы айтты. “Бір-біріміздің әдеби шығармаларымызбен танысу өзара түсіністік пен достығымызды жақындата түседі. Өзге халықтың мәдениетімен танысу – ол адами құндылықтың ең жоғары деңгейіндегі байланыс. Рахымжан Отарбаев біраз халықтың мәдени қосушысы, әдеби көпірі бола білді”, - деді Жанар Колбачаева.  width= Іс-шара осы кеште жиналған Рахымжан Отарбаевтың достары, әріптестерінің жазушы туралы естеліктерімен, жылы лебіздерімен жалғасты. "Оқырманды шешендікке тәрбиелеп, халқымыздың асыл мұраларын игеріп, рухани тұрғыдан дами түсулеріне қызмет ететін құнды дүниелері дүйім жұртқа тарайды" деген сенім сөздері естілді. Бұл жоба - жаңаша негізде ұсынылған еңбектің идеялары арқылы тәуелсіз еліміздің жарқын әдебиетін барша көркемдікпен шет мемлекеттердің оқырмандарына таныстыру және қазақ мәдениетінің болашағына қызмет еткізу орайында жасалған. Рахымжан Отарбаев – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың, Халықаралық Айтматов атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық Айтматов атындағы академияның академигі, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры, Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. “Құрмет” және “Парасат” ордендерімен марапатталған.