Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда тұмауға қарсы екпе егу басталды

ашық дереккөзі

Нұр-Сұлтанда тұмауға қарсы екпе егу басталды

Нұр-Сұлтан қаласында тұмауға қарсы иммунизациялау науқаны басталды. Қала әкімдігі 100 мың мөлшерлі вакцина сатып алды, деп хабарланды әкімдік сайтында.   Тәуекел тобына жататын азаматтар тіркелген жеріндегі емханада немесе жылжымалы бригадалар арқылы тегін егіледі. Әкімдік Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасының 100 мың данасын сатып алды. Вакцинаны ақылы түрде салдырғысы келетін тұрғындар қалалық емханалар мен жеке медициналық ұйымдарға жүгіне алады. Олардың тізімі Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Facebook желісіндегі парақшасында көрсетілген. Вакцинациямен 7210 медициналық қызметкер, 33789 бала (6 жастан асқан, диспансерлік тіркеуде тұрған және жиі ауыратын), жабық мекемелердегі 370 бала (балалар үйі, түзету мектеп интернаты, жетімдер үйі, балалар қалашығы), медициналық-әлеуметтік мекемеден 270 адам (қарттар үйі), екінші немесе үшінші кезеңдегі жүктілігі бар 6000 әйел, созылмалы аурумен тіркеуде тұрған 52 361 адам қамтылады. «Вирус жыл сайын мутацияға ұшырайтындықтан, бір рет ауырып өмірінің соңына дейін иммунитетке ие болуға болмайды. Тұмауға қарсы өткен жылы алынған тұмауға қарсы иммунитет биылғы жылдың вирусынан қорғай алмайды. Сондықтан осы жылы шығарылған вакцинаны жыл сайын алып отырған жөн. Иммунитет 14 күннің ішінде қалыптасып, барлық маусым ішінде сақталады (12 ай). Вакцинаны қазан және қараша айларында алу ұсынылады», – деді Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов. Айта кетейік, тұмау вирусы инфекцияланған адамнан түшкіру немесе жөтел  кезінде ауа арқылы тарайды. Сондай-ақ есік тұтқасы, лифт батырмасы, қағаз ақша, қол алысу кезінде жұғуы мүмкін.