Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға не үшін барды?
Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға не үшін барды?
Армения астанасы Ереванда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы және оған орайластырылған іс-шаралар өтеді. Отырысқа ЕАЭО елдері – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей президенттерінен басқа Иран, Молдова және Сингапур басшылары қатысады.
Кездесуге қатысушылар, оның ішінде Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға бір күн бұрын барды. Ресей президенті Владимир Путин 1 қазан күні таңертең Францияның экс-президенті Жак Ширакты жерлеу рәсіміне қатысқаннан кейін келеді деп болжануда.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бағдарламасы бойынша ресми екі жақты кездесулер 1 қазан күні таңертең басталады.
Ереван уақытымен сағат 12:30-да (Нұр-Сұлтан уақытымен 14:30) ЕАЭО елдері, Молдова, Иран және Сингапур басшылары президент резиденциясына келе бастайды. Мұнда олар суретке түседі, содан кейін басты шара басталады.
Сағат 13:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00) Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы басталады. Ол шамамен бір сағатқа созылады деп жоспарлануда.
Жабық бөлік аяқталғаннан кейін Иран, Молдова және Сингапурдің қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген отырысы басталады.
ЕЭК Алқасының төрағасы Тигран Саргсян делегациялар басшыларына Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылдығына арналған естелік монеталарды тапсырады.
Отырыстың қорытындысы бойынша ЕАЭО мен Сингапур арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою рәсімі өтеді.
Кездесу аяқталған соң Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысушылардың құрметіне Армения премьер-министрі Никол Пашинянның атынан ресми түскі ас беріледі.
Кешке қарай мемлекет басшылары өз елдеріне қайтады.