Көкпар болған қайран Сирия

Көкпар болған қайран Сирия

Көкпар болған қайран Сирия
ашық дереккөзі
Бес жылдан бері соғыс өртіне оранған Сирия шын мәнінде ғаламдық саясаттың көкпарына айналғандай. Әлемдік алпауыттар Сирияны жан-жақтан жәукемдеп, әбден берекесін қашырды. АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштерінің, Париж трагедиясы үшін өш алуға кіріскен Францияның және «ортақ өгізден оңаша бұзауды» тәуір көретін Ресейдің әуе күштерінің бомбалары аз болғандай, бұл соғысқа өткен аптада Ұлыбритания қосылды. Обалы нешік, Лондон бұл қадамға барар алдында «жеті рет пішіп, бір рет кесті» десек, артық айтқандық емес. Сонда да бұл шешімнің қаншалықты дұрыс екені даулы-ақ. Желтоқсанның 3-нен 4-не қараған түні британдық төрт әскери ұшақ әуеге көтерілді. Сол ұшқаннан Сирияны одан әрі отқа орады. Олардың қай тұсты қалай бомбалағанының бейнежазбасын Қорғаныс министрлігі ғаламторда жариялап үлгерді. Ал Дэвид Кэмерон бастаған британдық үкімет бұл қадамды барынша заңды етуге тырысып бақты: елде қоғамдық талқылау жүргізіліп, ол Парламенттегі он жарым сағаттық қызу айтысқа ұласты. 3 желтоқсан күні Британ парламенті Сирияны бомбалау мәселесіне байланысты дауыс берген еді: қолдағаны – 397, қарсы шыққаны –  223. Бұл шешімнің  ауырлығы соншама – шешім басым дауыспен қабылданғаны жарияланғанда, Палатадағы депутаттардың бірде-бірі дыбыс шығармады. Ешкім қуанған жоқ. Ауыр үнсіздік орнады. Обалы нешік, Кэмеронның халықаралық коалициядағы әріптестерге қолдау білдіріп, әскери қимылдарға көшу ниетін британдықтар түгел дерлік қолдамайды. Кешегі аптада «Сирияны бомбалауға жол жоқ!» деген ұран жазылған қағаз ұстаған мыңдаған адам Лондон көшелерінде шеруге шықты. Алдын-ала жүргізілген сауалнамалар «Сириядағы әскери қимылдарға Ұлыбритания араласуы керек пе жоқ па?» деген мәселеде британдықтардың  ортақ  шешімге келе алмай, екіге жарылғанын көрсетеді. Осы күндері Лейбористер партиясының жетекшісі Джереми Корбин айрықша көзге түсті. Ол Сирияны бомбаның астына алуды ешқандай жақсылыққа жорымайтынын айтады. АҚШ-тың өзі бір жылдан бері Сирияға  20 000 бомба тастаған деген дерек бар. Шындығында да, коалицияға мүше мемлекеттердің кезек-кезек шабуылына ұшыраған Сирияны енді ағылшын бомбасының  астына алу қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?  Бұл сұрақ анық айтылса да, оған нақты жауап естілмеді. Есесіне, премьер-министр Дэвид Кэмерон Парламент мүшелерін Сирияны бомбылау мәселесіне орай дауыс беруге шақырғанда, мәселені төтесінен бір-ақ қайырып: «Бұл іске қарсы адамдардың террористерге бүйрегі бұрады!» деп салды. Жалпы, Кэмеронның жалынды сөздері мен осы күндері британ үкіметі жүргізген жан-жақты үгіт-насихаттың мазмұнына қарағанда, Лондон осы іске араласуға мәжбүр сияқты көрінді. Осыдан екі жыл бұрын Кэмерон дәл осы Сириядағы әскери қимылдарға араласуға Парламенттен рұқсат ала алмаған болатын. Бірақ бұл жолы «коалициядағы» серіктестерінің алдында ортақ мүддеге адалдағын қалай да іспен дәлелдеуге тиіс еді. Ашығын айтқанда, Кэмерон үшін Сирияны бомбылаудың салдары не боларын болжағаннан гөрі «Біздің қолымыздан келеді» дегенді көрсету маңыздырақ болғандай. Оның үстіне, 13 қарашадағы Париждегі қайғылы оқиға лондондық саясаткерлерге қамшы болды. Кэмеронның жақтастары «Сириядағы террористік күштерді әлсіретпесек, күні ертең біз де Париждің кебін киюіміз мүмкін» деген қауіптерін ашық айтты. Бірақ Сирияны бомбаның астына алудың елдегі тыныштықтың бұзылмасына кепіл еместігін жоққа шығара алмады. Британ ұшақтары Сирияны нысанаға алғаннан кейін үш күннен соң Лондон метросында бір адам «террористік әрекет жасамақ болғаны үшін» ұсталды. 29 жастағы жігіт метро жолаушыларына пышақ ала жүгіріп, «Бұл Сирия үшін!» деп айғайлаған көрінеді. Үш адамды жарақаттап үлгерген жігітті сол заматта полиция ұстап, қамауға алды. Осы орайда, демократиялық қоғамның бір артықшылығын айта кету керек: Сирияны отқа ораған, ондағы адам өлімін көбейткен әрекеттің жауапкершілігі толығымен Лондондағы саяси билік иелерінде. Себебі Ұлыбританияда бұл қадамды қазірдің өзінде «үлкен қателік» деп атап, оны сынаушылар жетерлік. Ақыры саяси шешімді өзгерте алмаса, олардың пікірі өзгеше болғаны не керек дерсіз, бәлкім? Салыстыру үшін осы мәселеге қатысты ешқандай саяси ұстаным қалыптастырып үлгермеген орыс қоғамына қараңыз. Қыркүйектің соңғы күні ресейлік ұшқыштар Сирияны оқ пен отқа орағанда, ресейлік қоғам не деді? Шындығында, Ресейде бұл мәселенің түйіні бір ғана адамның құзыретімен шешілді деуге болар. Президент жарлық берді, Қорғаныс министрлігі жарлықты орындауға кірісті, ал Федерациялық Кеңес Президенттің Бас қолбасшы ретінде осындай жарлық беруге құқығы бар екенін растап, бұл шешімді «заңдастырды». Бір мәселе – ұқсас шешім, бірақ қабылдану үрдісі екі түрлі. Британдықтар саяси шешім қабылдағанда, бұл шешімді ұзақ талқылаудан соң және осы қадамның болжалды салдарларын екшеп, оның салмағын көтеруге дайын болған соң ғана қабылдады. Әлдеқандай жағдай болса, осы әрекеті үшін жауап беруге дайын. Ал ресейліктер бұл мәселеге орай қоғамдық пікір қалыптастырып  үлгермеді. Бәлкім, олардың пікірін ешкім сұрамаған да шығар. Шешім қабылданды – іс  бітті. Бірақ осы істің ақыры не боларын ешкім білмейді, әлдеқандай жағдай болса, оның салдарына Путин өзі жауап береді. Әйтсе де, британ қоғамындағы өзара даудың тағы бір пайдасы бар: бұл тартыс сириялық дағдарыстың түбі тек геосаяси ойындарға тірелетінін айшықтап берді. Бұл – бір халықтың екінші бір халыққа жасаған әлімжеттігі емес. Қарапайым еуропалықтардың көпшілігі Таяу Шығыстағы бітіспес соғыстардың әділетсіздігіне қынжылыс білдіреді. Ал кәдімгі британдықтардың бойынан өзгелерді бағындыруға ұмтылған империялық пиғылдың көлеңкесін таппайсыз бүгінде. Бірақ басқа елдің, бөтен жұрттың тағдырын шешіп отырған саясаткерлер өз халқының ғана емес, тұтас ғаламдық қауымдастықтың атынан әрекет етеді. Қажет болса, мұның бәрін сіз бен біздің қажеттілігіміз үшін жасап отырғанына сендіреді. Ендеше, дөңгеленген дүниедегі әрбір саяси шешімнің ауыртпашылығы баршамызға бірдей. Оның зардабын тек Сирия емес, бәріміз бірдей тартамыз.

Ұлыбритания