«Nur Otan»: Жаңарған Партиялық бақылау комитетінің мақсаттары қандай?
«Nur Otan»: Жаңарған Партиялық бақылау комитетінің мақсаттары қандай?
Жаңартылған Партиялық бақылау комитетінің алғашқы отырысында Бауыржан Байбек партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының жұмысын қайта жандандыру аясында берген бірқатар тапсырмалары туралы айтты. Бір ай ішінде мәслихаттардағы партия фракциялары өңірлік даму бағдарламаларының орындалу барысын тексеріп, бұл туралы жұртшылықты хабардар етулері тиіс.
«Партияның барлық бастамалары мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы уәделерінің орындалуын қатаң бақылауға алу қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның сайлауалды бағдарламасын Үкіметтің жүзеге асыру барысына да талдау жүргізуді тапсырды. «Nur Otan» фракциясы бұған дейін осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарып та үлгерді. Жекелеген бағыттар бойынша кезек күттірмей шешуді қажет ететін олқылықтар анықталды. Партиялық бақылау комитеті осы мәселелер бойынша жауапты министрліктерді тыңдап, жіберілген кемшіліктердің себебін анықтап, жауапты қызметкерлердің партиялық жауапкершілігін күшейтуі керек», – деді Бауыржан Байбек.
Партия Төрағасының Бірініші орынбасары «Nur Otan»-ның мүшелеріне партиялық тәртіп пен жауапкершілікті естен шығармау керектігін баса айтты.
«Үнсіз отырмай, халықтың алдына шығу керек. Олардың көтерген мәселелеріне құлақ асып, ашық талқылау қажет. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен шағымдардың 47 пайызы жергілікті жерде, аймақтық және аумақтық филиалдардың төрағалары шешетін мәселелер. Партиялық бақылау комитеті Қоғамдық қабылдау бөлмесімен тығыз жұмыс істеп, мұндай мәселелердің тікелей жергілікті жерде тез шешілуін қамтамасыз етуі керек. Проблемаларды анықтап, оларды кешенді түрде шешу қажет. Күрмеуі қиын арыз-шағымдарға ерекше көңіл бөліп, тексерудің барлық сатысында қатаң партиялық бақылауға алу керек», – деді Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша, Партиялық бақылау комитеті «проблеманы» және жауапты «шенеунікті» анықтап, оның партиялық жауапкершілігін қоғамдық қайта қарау арқылы серпін беруі керек. Қаралып жатқан мәселелер бойынша Комитеттің барлық шешімдері нақты нәтижелерге бағытталуы тиіс.
Өз кезегінде, Партиялық бақылау комитетінің жаңа төрағасы Павел Казанцев жаңартылған құрамның депутаттық корпус, белгілі қоғам қайраткерлері, сала мамандары мен сарапшылардан, сондай-ақ БАҚ өкілдерінен тұратынын айтты. Биыл азаматтардың өтініштерін қарау тәжірибесі, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі және аймақтық партиялық бақылау жүйесінің жұмысы туралы үш отырыс өткізу жоспарланған.