Дипломатия білгірі – Ерлан ЫДЫРЫСОВ
Дипломатия білгірі – Ерлан ЫДЫРЫСОВ
Төтенше және Өкілетті Елші дәрежесіндегі білікті дипломат, ҚР Сыртқы істер министрі болған Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов 1959 жылдың 28 сәуірінде Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында дүниеге келген.
«Әке көрген оқ жонар» деп қазақ халқы тегін айтпаса керек. Әкесі Әбілфайыз Ыдырысов жазушы-журналист, педагог, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Жуырда ғана дүниеден озды. Еліміздің руханият саласы орны толмас қазаға ұшырады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз.
Ерлан Әбілфайызұлы 1981 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдап, экономист-дипломат мамандығы мен урду, хинди, ағылшын тілдерін меңгеріп шығады. Сонымен қатар 1992 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын аяқтайды.
Дипломат ретіндегі алғашқы еңбек жолын 1981-1985 жылдары Пәкістан, Үндістан мемлекеттеріндегі КСРО елшіліктерінен бастайды. Кейіннен Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде түрлі жауапты қызметтерде болса, 1992-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілдігінің екінші, бірінші хатшысы қызметтерін атқарады. 1995 жылы ҚР СІМ-нің Америка елдері жөніндегі Жетекші басқарма басшысы, 1995-1996 жылдары ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болады.
Ал, 1996 жылы қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі ретінде жалғастырады. Дегенмен, 1997 жылы елдің сыртқы істер ведомствосы қызметіне қайта оралып, 1997-1999 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, министрдің орынбасары – департамент директоры, министрдің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
Өзінің біліктілігі мен ерекше дипломатиялық қасиеттерінің арқасында Ерлан Ыдырысов 1999 жылы алғаш рет ҚР Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалады. Үш жыл аталған лауазымда жемісті қызмет етіп, 2002 жылы Сыртқы істер министрі ретіндегі миссиясы аяқталғаннан кейін қысқа уақыт СІМ-нің бірінші орынбасары лауазымында болады.
2002 жылдың екінші жартысынан бастап Елшілік қызметінен бастау алып, 2012 жылға дейін Қазақстан Республикасының Ұлыбритания Біріккен Корольдігі мен Ирландияда, Швеция, Норвегия, Дания, АҚШ және Бразилия елдерінде Төтенше және Өкілетті Елші қызметтерін атқарады.
2012 жылдың 28 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі лауазымына қайта тағайындалады. Сыртқы істер ведомоствосы басшысы қызметін бес жылға жуық атқарған Ерлан Әбілфайызұлы қызметін сәтті аяқтап, 2017 жылдан бастап ҚР-ның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Исландия мен Ирландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқаруда. Айта кететін жайт, 2014 жылы оның Украинадағы жағдайға байланысты және жаһандық терроризм қаупі жөнінде тұшымды ой айтқандығымен ерекшеленіп, «Саясат Monitoring» тобы мен «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының зерттеуінің қорытындысына сай үздік 10 министрдің көшін бастады. Мамандар сол жылдары Ыдырысовтың БҰҰ Бас ассамблеясының 69-сессиясында елуге жуық кездесу өткізгенін, оның ішінде БҰҰ басшысы Пан Ги Мун, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездескенін де назарға алыпты.
Әлі де дипломатия жолында қызмет етіп жүрген Ерлан Әбілфайызұлы Қазақстанның сыртқы саясаты турасындағы бірқатар мақалалардың авторы, мемлекеттік наградалардың иегері. Дипломатия жолына қадам басып келе жатқан жас мамандар үшін Ерлан Ыдырысов сынды білікті практик дипломаттардың өмір жолы мен іс-тәжірибесі үлкен дәріс болары хақ.
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
саяси ғылымдар магистрі