Ғайникен Бибатырова: Ұлылардың қамқорлығын көп көрдім
Ғайникен Бибатырова: Ұлылардың қамқорлығын көп көрдім
Араға талай жыл салып, бұрынғы жаны жайсаң кейіпкеріңмен қайта кездесудің өзі, бүгінде, үлкен қуаныш. Өйткені, аман жүргенінің өзі, жай ғана өмір сүріп қана қоймай, айналасына өзінің мейірімді шуағын шашып, әлдебіреулердің қажетіне жарап жүрудің, қамқор құшағына алып жанашырлықпен тірлік кешудің өзі, бәзбіреулерге бұйырмаған бақыт десек те қателеспеспіз.
Біздің Ғайникен апайымыз дәл осындай жан!
Иә, бүгінгі әңгіме сонау 1992 жылдан бері отыз жылға таяу ҚР Ұлттық ғылым академиясы Ғалымдар үйін басқарып келе жатқан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, мемлекет және қоғам қайраткері Ғайникен Бибатырова жайлы екенін, көзі қарақты газет оқырмандары іштей сезінген де болар.
– Әңгімені ағаларыңнан бастаймыз дейсіңдер ме, – деп жылы жымиып алған Ғайникен апайымыз бізді жолдасы Қамит ағатай жатқан бөлмеге бастады. – Айттың соңғы күні қонақтарымызды шығарып салып, екеуміз кештеу жаттық. Біздің жасымызда ұйқының әбден қанып тұруы да сирек қой. Дегенмен, бұл кісінің қозғалақтап, төсектен тұрып жатқанын байқадым да, «Жата тұрайық, әлі ерте ғой» дедім, ол: «Асүйден су ішіп келемін, дем ала бер» деді де шығып кетті. Таңғы сағат бес екен. Сол-ақ екен, гүрс еткен дыбыс шықты. Атып тұрдым, одан ары не болғанын мына жатысынан-ақ сезіп-көріп тұрған шығарсыңдар,– деді жанары жасаурай.
Халқымызда «Ауру кірді әлек кірді» деген сөз бар, жаздан бері осылай әбігерге түсіп қалдық. Өзі де ірі кісі ғой, бар салмақпен құлағанда төрт омыртқасы сынып кетіпті. Қызымыз Жанар мен күйеубала апармаған, қаратпаған дәрігері қалмады. «Егде тартқан кісі, отаны көтере алмайды» болды бәрінің де сөзі. Сонымен төсекке таңылып жатырмыз.
Кезінде екінің бірінің қолы жете бермейтін, Мәскеудегі теміржол инженері (МИИТ) институтын үздік бітіріп, талай жылдарын осы салада қызмет етуге арнаған, техника ғылымдарының докторы Қамит аға Жұмабайұлы амандық-саулықтан соң, «Біз жайлы, мен жайлы білгілеріңіз келсе апаларыңыз айтып береді»,– деп болмашы жымиды. Еңгезердей азаматтың мына хәлі жүрегімізді ауыртса да, білдірмеуге тырысып бақтық.
– Осы бір жағдай жанымызға батып тұр, – деді Ғайникен Айдарханқызы бізбен әңгімесін тағы да алпыс жылға таяу бірге ғұмыр кешкен азаматы жатқан бөлмеге қарап отырып. – Бізді білетін, араласатын жолдастар: «Егер сенің тағдырың Қамкеңнен басқа біреумен байланған болса, сен дәл бүгінгі шыққан биігіңе жетер ме едің, жетпес пе едің. Сенің бақытың – Қамиттің кездесуі» дейді. Бұл – ақиқат! Ғылым-білім саласында әйгілі бұрынғы Мәскеу, бүгінде Ресей транспорт университетін бітірген санаулы қазақтың бірі мен үшін өз мамандығынан бас тартып, партия мен үкімет мені қайда жіберсе, менімен бірге жүріп, «Қандай қызмет болса да атқара беремін, ең бастысы сен қасымдасың» деп жанашырлық танытып қана қоймай, менің алаңсыз қызмет атқаруыма мүмкіндік жасағаны рас. Институттан соң Алматыдағы Теміржол техникумында тепловоз бөлімінен басталған қызметі Жамбыл облыстық комитетінің хатшысы болып тағайындалғанымда, ол Жамбыл облыстық автомобиль шаруашылығы зауытына бас инженер болып орналасты. Теміржол мамандығынан автомобиль саласына ауысу, әрине, біраз қиындықтар туғызғаны бар. Дегенмен, өзінің табандылығының, қызметке жауапкершілігінің арқасында, техника саласындағы білімінің арқасында автожөндеу зауытының директорына дейін жоғарылады.
Мен он баланың тұңғышымын, ол алты балалы отбасынан шыққан, екеуміздің де сүйрететін арбамыз қомақты болды. Қазақ отбасында тұңғыштың жауапкершілігі, көтерер жүгі өте ауыр екені белгілі. Біздің замандастар, артынан ерген көштің бәрін құтты орнына қондырғанша, ол көштің тұрақтап, бір жерге орналасуына, тіпті, әке-шешеден гөрі біз жауапты болғанымызды менің тұстастарымның кез келгені мойындайды. Оларға ерекше қарым-қатынаспен қарап, тәрбиесіне алаңдаған мейірімді ұрпақпыз! Ағаларың екеуміз де солардың қамымен кештеу жолығып, отбасын да кеш құрдық. Екі жаққа да бірдей қамқор болдық. Оқыттық. Тоқыттық. Есейді, ержетті. Тіпті, бір-бір отау тігіп, шаңырақ көтеріп кеткендеріне дейін біздің қамқорлығымызда болды.
– Ғайникен апай, сіздің билікке ертерек араласқаныңызды, бүгінде мемлекет-қоғам қайраткерлері саналатын санаулы қазақ қыздарының көшбасында тұрғаныңызды ел, халық жақсы біледі. Құрметтейді. Сол жылдарға шегініс жасасақ?
– Институттың қабырғасында жүргенде, тіпті ауыл мектебінде жүріп-ақ қоғамдық жұмыстарға, оның ішінде комсомолдық жұмыстарға етене араластым. Музыкамыздың абыз ақсақалы Мұқан Төлебаев өгіз арбамен пианино апарған, сөйтіп атақты «Біржан-Сараны» жазған кішкентай ғана ауылда дүниеге келіппін. Жетісудың жеті өзенінің бірі – Лепсінің бойындағы жиделі орман көмкерген «Көкжие» деген ауылда балалық шағым өтті. Қайбір балалық шақ дерсің, соғыс жылдарындағы таршылық пен жоқшылықтан қашып құтыла алмайтын зар заман еді ғой. Әкем Айдархан мен анам Ажархан бүкіл ауыл сыйлаған, қадірлі, қазақтың ешкімге ұқсамайтын этнопедагогикасын қатаң ұстаған жандар еді.
Соңғы курста жүргенде қалалық комсомол комитетінде сектор меңгерушісінің орынбасары, аудандық, қалалық, облыстық комсомол комитетінің хатшысы, Алматы қаласы Совет аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, қазіргі Бостандық (бұрынғы Калинин) аудандық партия комитетінің хатшысы бола жүріп, Мәскеуде Орталық комитет жанындағы академиядан бір-ақ шықтым. Сонда оқып жүргенімде Алматыдан, қазақтың біртуар перзенті Қонаевтан шақырту алдым. Ол кез қазақ қыздарының билікке араласа қоймаған кезі. Ақмолада Фарида Хамитова деген хатшыны ғана естиміз. Алып-ұшып Алматыға жеттім. Кең, жарық жұмыс кабинетінің ана басы мен мына басына жету қандай қиын еді, оның үстіне есіктен төрге дейін үндемей жүру тағы ыңғайсыз. Сасқанымнан, «Димаш Ахметұлы, кабинетіңіз қандай үлкен, Сізге жете алар емеспін» деппін. Сондай қарапайым, кішіпейіл, парасаттылығы сонша күлімсіреп орнынан тұрды да маған қарсы жүрді. Ұзақ әңгімеден соң, «Өзіңді комсомолдан жақсы білемін, меніңше сенен үлкен қоғам қайраткері шығады», – деп Жамбыл облыстық партия комитетіне хатшылыққа бекітті де жіберді. «Ұлы адам қарапайым болады» дегеннің мәнін сонда ұғындым. Одан кейін де талай рет жұмыс бабымен жолығып жүрдік. «Комсомолкам менің» деп арқамнан қағып қоятын-ды.
– Комсомолдан партия қызметкеріне ауысқан жылдарда да Димаш Ахметұлының ықпалы болды дегенсіз бір сұхбатта...
– Елуге толған кезімде ғой, «Димаш Ахметұлы, қашанғы комсомол болып жүре беремін, елуге келдім ғой», – деп күлдім. Сонда жарқылдай күліп, баяғы өзінің «сен әлі өсетін баласың» дегенін есіне алды. Ол туралы Жамбыл облысының обком секретары Бектұрғановқа талай мәрте ескертсе де, «Ондай идеологты қайдан табамын» деп жібермей қойғанын айтты. Сол отырғаннан табаны күректей он үш жыл отырдым. Жетісуда туып-өскенім болмаса, Жамбыл облысы соншалықты ыстық болатыны да сондықтан. Обком секретарының «мықты идеолог» дейтіні де шындық, сол жылдары облыстық мәдениет, өнер саласын өркендету, жастар тәрбиесін қалыптастыру мақсатында біраз тірліктерге араластым. Көркемөнер галереясы, облыстық балалар кітапханасын ашуға, облыстың әр аудан орталықтарынан, атап айтар болсам, «Шу еркесі», «Меркі әуендері», «Талас толқындары», «Мойынқұм», «Сұлутөр», «Шолпан» сынды көркемөнерпаздар үйірмелері құрылып, талантты жастар таныла бастады. Одан кейінгі қызмет – ҚР министрлер кеңесінде жауапты қызмет атқардым, ал 1992 жылдан Ұлттық ғылым академиясы Ғалымдар үйіндемін.
Солай, қазақтың ұлы перзенттерінің қамқорлығын көрдім. Мүмкіндік берді екен деп, адалдықтан аттаған жерім жоқ, ешкімге қиянат та жасамадым. Қызметімді жауапкершілікпен атқардым. Бүгінде ел қоғам қайраткері, мемлекет қайраткері деп қабылдап жатса, ол да Қонаевтай ел басшысының арқасы дегенді үнемі айтып отырамын.
– Сізді тәрбиелеген орта да ерекше болды ғой, еліміздің тарихында, әсіресе мәдени тарихында аттары аңызға айналғандар аз болмаған секілді?..
– Оның рас, әсіресе қазақ халқының мәдени мұралары, тарихи ескерткіштері, мәдени ошақтары – театры жайлы әңгіме бола қалса, сол жолда тер төккен санаулы азаматтардың бірі де бірегейі – Михаил Есенәлиев пен Өзбекәлі Жәнібеков еске түседі. Халқымыздың алғыр перзенті, алғашқы комсомол Ғани Мұратбаевтың ескерткіш-мүсінін жасатқан, сөйтіп жаңғыртып тарихқа қайта алып келген, ол Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Тағдырыма риза болатыным, қазақтың маңдайына бақ болып туған осындай жұлдызды азаматтарымен қызметтес болғаным. Қазақтың бай салт-дәстүрін, өнегелі үрдістерін қайта тірілтіп, қазақ күнтізбесіне енгізген де, тұңғыш музыка театрын, ән-би ансамбльдерін, ондағы ұлттық бояуға қанық ұлттық киімдері мен әшекей бұйымдарын жаңғыртып қана қоймай, өз қолымен үлгісін сызып, тігіп шыққан да, осы азаматтар! Осы қызметті атқарған жылдарымда қаншама әдебиет, өнер қайраткерлерімен сырлас, сыйлас болдым. Әлі күнге дейін ақын-жазушылардың болсын, әншілердің болсын, әсіресе, дәстүрлі әншілердің Ғалымдар үйінің кішігірім залында концерттерін тегін ұйымдастырып беруге, солай моральдық-материалдық Һәм рухани көмек көрсетуге жанымды салып келемін.
Мынандай сенің ақыл-кеңесіңе зәру емес заманда, өзіңді қажетсініп, «Сіздің ақыл-кеңесіңіз керек, бізге керексіз, ортамызда жүре беріңіз» деп әлі де қызметте жүруіме мүмкіндік беріп отырғаны – ол енді, сөзбен айтып жеткізгісіз қуаныш. Бүгінде ешкім де көштен қалып, аш отырған жоқ. Заманымыз тыныш. Ең бастысы да елдің, халықтың тыныштығы. Сондықтан «Қырық рулы елдің өкілдері» бір анадан туғандай тірлік кешіп отырғанымызға шүкіршілік жасаймыз. Көзіміздің ағы мен қарасындай жалғыз Жанарымыздан тараған немере-шөберелерімнің арасында бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан жайымыз бар еді...
Халқымыздың ардагер аруларының көш басшысы Ғайникен Айдарханқызы көзіне келіп қалған мөлдір тамшыларды іркіп тастап, азаматы жатқан жатын бөлмеге ұрлана қарап қойды да, әңгімесін ары қарай жалғастырды.
– Қызмет жағына, жұмыс жағына барып қайт, ботқаңды жеп ал, жемістен жасап қойған сусыныңды ішіп ал,– деп үнемі қамқор көзімен жұмысқа шығарып салып, күтіп алатын азаматымның төсекке таңылғаны қиын болып тұр.
– Зейнетке шыққалы менің ең мықты аспазшым, дәмді асымызды дайындау тек ағаларыңның міндеті болды деп қалдыңыз. Оны газетке жариялауға бола ма?
– Әрине, «Құдайдан жасырмағанды адамнан жасыра алмайсың» деген де өсиет бар емес пе, шын мәнінде, зейнеткерлікке шыққалы менің талғампаз аспазым – Қамитім болды! Оған ол да, мен де намыстанбаймыз. Бәлкім, кейбіреулерге, жұптасқан ғұмырларында «Менің, сенің міндетің» дегеннен шығып жататын ұрыс-керіске пайдасы тиіп қалар...
Бір-бірінен көз алмай, жанарлары суланып, басына түскен мына бір ауыртпалыққа кәдімгідей еңселері түсіп қалған бақытты жұптан алар үлгі-өнеге жетерлік. Басымызға әлдеқандай жағдай түсер, алда не күтіп тұр деген қорқыныш билеген екеуі бір-бірін қимастық сезіммен аялайды. Данышпан халқымыз «Ауырып тұрдың аунап тұрдың» дегенді де тегін айтпағанын айтып, біз де қимай қоштастық.
Әңгімелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ