26 Қыркүйек, 11:15 453 0 Экономика Анар ЛЕПЕСОВА

Нан қымбаттай ма?

Биыл республика бойынша егіс алқаптарының көлемі 22,2 млн гектарды құрады. Оның ішінде бидай 6 млн гектар аумаққа себілді. Егіс науқаны оңтайлы мезгілде жүргізіліп, диқандар сапалы құрал, қажетті техникамен қамтылғанымен, биыл астық жылдағыдай бітік шықпады.

Шілденің ыстығында бірқатар егіс алқаптары күйіп кетті. Құрғақшылықтан Қостанайдың 8 ауданының алқаптары қатты зардап шекті. Мамандардың айтуынша, бидайдың өнімділігі орташа есеппен гектарына 4-5 центнерден аспаған. Бұдан бөлек көптеген егістік жерлерінің топырағы құнарсызданып кеткен.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы – азық-түлік тауарлары импортын 400 миллионға дейін төмендетуді көздеген еді. Бұл тізімге астықты жатқызамыз.

– Нан бағасы көтерілмеуі үшін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» астықты сатып алу науқанын жариялады. Оның құны тоннасына 62 мың теңге. Бірақ бұл көлемді көтеру қарастырылып жатыр. Ал нан бағасына келсек, әзірге 75-78 теңге шамасында болып қала береді. Қазір нанның құны қаншаға көтерілетінін дөп басып айту қиын. Өйткені оның бағасы әр өңірде әртүрлі. Шаруалар бидайды өз бағасымен сатқанымен, наубайханашылар құнын қымбаттатып жіберуі мүмкін. Біз әрине бағаны қазіргі күйінде ұстап қалуға тырысамыз. Бұған жергілікті әкімшілік және Сауда министрлігі де жауапты болуы керек, – деді Айдарбек Сапаров.

Министрліктегілер әзірге нарық бағасы тұрақты деп сендіргенімен, еліміздің астық өңдеушілер қауымдастығы күні кеше бидай бағасының шамадан тыс қымбаттап кеткенін айтып дабыл қақты. Соның салдарынан ұнның да бағасы жылдағыға қарағанда шарықтаған. Қарағанды облысында 24 диірмен болса, қазір оның барлығы да бидайдың жоқтығынан қаңтарулы тұрған көрінеді. Астықтың жетіспеушілігі мен бағаның тұрақсыздығын шешу үшін қауымдастық мүшелері осы саладағы шикізат экспорттау жұмыстарын реттеуді өтініп отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлер сыртқы нарықта өздерінің барынша қорғалғанын қалайды. Астық өңдеушілер қауымдастығының мүшелері осы мәселені де көтеріп, Үкіметке хат дайындауда.

Астықтың қымбаттауына байланысты ұнның құнын да көтеруге мәжбүр болдық дейді қарағандылық диірменшілер. Мәселен, былтыр бір қап жоғары сұрыпты ұн 4 мың теңге болса, қазір 5 мың теңгеден асып жығылған. «Былтыр осындай уақытта бидайдың 1 тоннасы 43 мың теңгеден сатылған. Биыл енді 64 мың теңгеден басталды да, қазір 70 мың теңгеге жетті. Қостанай жақта тіпті 75 мың теңгеге дейін қымбаттап кеткенін естідік. Сондықтан біз, диірменшілер амалдың жоқтығынан ұнның бағасын біраз көтердік.      Ұн – елге ең керекті өнім. Халыққа ауыр болатын болды», – дейді қарағандылық ұн комбинатының директоры Дос-Мұқасан Тәукебаев.

Нан – береке бастауы. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі – тоқшылық. Сондықтан астық мәселесі салғырттықты көтермейді.

Соңғы жаңалықтар