Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың белді бизнесмендерімен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың белді бизнесмендерімен кездесті
Президенттің Нью-Йоркке жасаған сапарының алғашқы күніне құрылған ресми бағдарламасы америкалық ірі компаниялардың басшылары қатысқан жиын өткізуімен түйінделді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан-Америка бизнес-қауымдастығының өкілдерін Қауымдастықтың құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтап, осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Президент сөз басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айындағы АҚШ-қа сапары аясында жасалған қазақстандық-америкалық кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылғанына тоқталып, сол кезден бастап екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың айтарлықтай нығая түскенін атап өтті.
Мемлекет басшысы АҚШ Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екенін де айтты. Бүгінде біздің елімізге америкалық инвесторлар жалпы көлемі 45 миллиард доллардан астам қаржы салған. Қазақстанда 500-ден аса америкалық компания жұмыс істейді.
«2018 жылы Қазақстанға тікелей тартылған америкалық инвестициялар көлемі 5,3 миллиард долларға жетіп, жаңа рекорд орнатты. Ал өзара сауда көлемі екі есеге артып, 2018 жылы 2,8 миллиард долларды құрады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері туралы айтқан Президент америкалық бизнесмендердің назарын ел дамуындағы үш маңызды мәселеге аударды. Олар: қолайлы инвестициялық ахуал, нарық пен коммуникацияны дамыту және адами капиталды нығайту. Мемлекет басшысы америкалық серіктестерге Қазақстан Үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында заң үстемдігін, келісім-шарттарға қол сұғылмауын және зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді. Оның айтуынша, инвесторлармен жұмыс істеудегі басты мәселе тұрақтылық пен ашықтықты сақтау болып табылады.
Әңгіме барысында Қазақстанның энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы және адами капитал салаларындағы әлеуеті туралы да айтылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне де жеке тоқталды.
«Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көлік хабы болып есептеледі. Трансконтиненталдық бағыттардың 70 пайыздан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Американың іскер топ өкілдеріне ел Президенті ретінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестіктің артуына күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
Осы күні Мемлекет басшысы тағы да бірқатар ірі халықаралық компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді. Президент «Royal Dutch Shell» компаниясының бас атқарушы директоры Бен Ван Барденмен мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық жайын талқылады
. Мемлекет басшысы «JPMorgan Chase & Co.» трансұлттық компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен қаржы институттары арқылы өзара іс-қимыл мәселесін қарады. «Tyson Fresh Meats» компаниясының президенті Стив Стауффермен және «Valmont Industries» компаниясының бас атқарушы директоры Стив Каневскимен кездесуінде ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қозғалды.
«Plug' n Play» компаниясының бас атқарушы директоры Саид Амидимен, «500 Startups» стартап-акселераторының және венчурлік қорының вице-президенті, басқарушы серіктесі Беди Янгпен кездесу кезінде стартап-жобалар саласындағы ынтымақтастық перспективалары сөз болды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті «Amazon Web Services» компаниясының жаһандық мемлекеттік саясат жөніндегі вице-президенті Майкл Пункпен электронды сауда саласындағы өзара іс-қимыл жағдайын талқылады.