Нұрсұлтан Назарбаев Қытай бастамасының Қазақстан үшін тиімді тұстарын айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай бастамасының Қазақстан үшін тиімді тұстарын айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай бастамасының Қазақстан үшін тиімді тұстарын айтты
ашық дереккөзі
Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада алғаш рет өтіп жатқан Еуразия елдері парламенті спикерлерінің IV кеңесінің ашылуында сөйлеген сөзінде Қытайдың бастамасы туралы ойын айтты. 

"Біз Қытай халық республикасының "Жаңа Жібек жолы" бастамасын қолдаймыз. Себебі осы бастама біз үшін тиімді, біз теңіз жолдарына шыға бастадық", - деді Назарбаев.

Еуропа мен Азияның алпыстан астам парламенттік делегациялары қатысып жатқан кеңесте Назарбаев Қазақстанның жетістіктері туралы айта келе, инфрақұрылымдық жобаларға баса назар аударды. Себебі осы бастамалардың арқасында алыс нарықтарға шығуға болады. "Біздің теңізге шыға аламасақ та, ауқымды инфрақұрылымдық жоспарды қолға алдық. Қазіргі кезде осы жоспардың екінші бесжылдығы басталды. Қысқа уақыттың ішінде 15 мың шақырымнан астам автомобиль мен теміржол жөнделіп, жаңадан салынды. Осының арқасында Тынық пен Атлант мұхиттарына, Каспий арқылы Парсы шығанағына шықтық", - деді ол. Тұңғыш президенттің сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстан арқылы Ресей мен Еуропаға өтетін контейнерлік тасымалдың көлемі жыл сайын екі есеге артып келеді. "Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Азия мен Еуропаны, солтүстік пен оңтүстікті біріктіріп отырған тиімді транзиттік мемлекетке айналды. Біз өз экономикамыздың техникалық және цифрлық әлеуетін барынша көтеріп жатырмыз. Қазақстан ТМД мен Шығыс Еуропа елдері ішінде бірінші болып ЭКСПО-2017 көрмесін өткізді. Елордамызда "Астана" Халықаралық қаржы орталығы ашылды. "Doing business" рейтингісінде Қазақстан 190 елдің ішінде 28 орынды алып отыр", - деп атап көрсетті Назарбаев.