Жаңалықтар

Қарағандыда өткен халықаралық айтыстың жеңімпаздары анықталды

ашық дереккөзі

Қарағандыда өткен халықаралық айтыстың жеңімпаздары анықталды

Қарағанды қаласында «Nur Otan» партиясының қолдауымен және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Екі күн бойы айтыссүйер қауымның делебесін қоздырған жыр додасында арқалы ақындардың қазақтың саф өнерін өз биігінде көрсете білді. Қарағанды жұртшылығының айтысқа шөліркеп қалғаны қалың көрерменнен байқалады. Сыймаған жұртшылық кіші залға қойылған экраннан айтысты тамашалады. Жыр додасына төрт елдің ақындары келген. Алғашқы күні ҚХР, Қырғызстаннан, Моңғолиядан және еліміздің әр өңірінен келген 18 ақын сынға түсіп, содан үздік деп таңдалған 7 жұп келесі кезеңге өтті. Финалдық бәсекеде айтыс тіптен қыза түсті. Ақындар қоғамдағы түйткілдерді бүкпесіз айтып, халықтың көкейіндегі мәселені дөп басып жеткізуге тырысты. «Nur Otan» партиясы қазақтың ұлттық өнер айтыстың өрістеуіне, ақындардың шығармашылық деңгейінің өсуіне баса көңіл бөлуде. Биылдың өзінде ел көлемінде 5 үлкен айтысты өткізуге мұрындық болып отыр. Айтысты тамашалауға арнайы келген «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елдің мүддесін жырға қосқан ақындардың тапқырлығына ризашылығын білдірді. Өз сөзінде Бауыржан Байбек қоғамдық ой мен мәдени тарихымызда ерекше орны бар күрескер тұлғаға арнап өткізілген бұл айтыс «тар жол, тайғақ кешу» заманда өмір сүрген аяулы ақынның рухын асқақтатып қана қоймай, бірлігіміз бен ынтымағымызды да нығайта түскенін айтты. Сондай-ақ ол айтыстың ұлттық мұрамыз ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтып, олардың алдын алу жолдарын ұсынатын ұтымды тетік екенін де тілге тиек етті. – Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сонлдықтан біз кемшіліктерімізді ашық айтып, оларды шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Бұл ретте айтыстың рөлі ерекше. Айтыс – біздің рухани байлығымыз. Сол себепті партия төл өнерімізді қолға алып, жүйелі түрде қолдау көрсететін болады, – деді Бауыржан Байбек. Сонымен партия Төрағасының Бірінші орынбасары партияның саяси доктринасында руханият, мәдениет, ұлттық құндылық мәселесіне үлкен көңіл бөлінгенін жеткізді. – Төл мәдениетімізді төрге шығармасақ жетістіктерге жете алмаймыз. Сондықтан біздің партия айтысты қолға алып отыр. Тек биылғы жылдың соңына дейін «Nur Otan»-ның қолдауымен бес аламан айтыс өтеді. Оның алғашқысы Атырауда өткен Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған айтыс болса, екіншісі Сарыарқа төріндегі бүгінгі сөз сайысы. Одан бөлек, қыркүйектің соңында Алматы қаласында «Отан отбасынан басталады» атты отбасылық айтыс өтеді. Ал қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында және жыл соңында Орал қаласында «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылады, – деді Бауыржан Байбек. Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының шешімімен қарағандылық Мақсат Аханов пен астаналық Жандарбек Бұлғақов бас жүлдені (2 млн теңгеден) жеңіп алды. Батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы мен астаналық Өміржан Көпбосынов бірінші орынға (1 млн теңгеден) ие болды.