Министр мұғалімдердің жалақысы қаншалықты артатынын айтты
Министр мұғалімдердің жалақысы қаншалықты артатынын айтты
Бүгін Мәжілісте «Педагог мәртебесі туралы» және «Педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобасы таныстырылды. Бұл орайда білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің жалақысын қаншалықты арттыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Білім министрі өз сөзінде мемлекет бойынша мұғалімдердің жалақысының деңгейі орташадан төмен екенін және 110 мың теңгені құрайтынын айтты. Ведомство басшысының сөзінше, келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артады.
«Министрлік педагогтардың жалақысын көтеруге бірнеше рет талпыныс жасады. Алайда өзге салалардағы жалақының өсуі мұғалімдердің жалақысының өсуінен артып отырды. Президентіміздің тамыз конференциясында берген тапсырмаларының аясында, алдағы 4 жыл көлемінде мұғалімдердің жалақысы екі есе артады. Демек, келесі жылдан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға артады», - дейді министр.
Сонымен қатар ол заң жобасында мұғалімдерге өзінің құзіретін арттыруға бағытталған материалдық ынаталандыру нормалары қарастырылғанын жеткізді.
«Сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе үстемақы, педагогикалық шеберлігі үшін үстемақы, барлық педагог үшін еңбек демалысы мерзімінің 56 күнге дейін ұзартылуы, тәлімгерлігі үшін үстемақы және басқа да шаралар мұғалімдер үшін негізгі материалдық ынталандыру болады», - дейді Аймағамбетов.
Министрдің сөзінше, сонымен қатар мектептердегі педагогтардың әлеуетінің сапасын арттыруға ынталандыру мақсатында, магистр дәрежесі иегерлеріне 10 АЕК көлемінде (25 250 теңге) үстемақы тағайындау қарастырылып отыр.