Ұлы дала әдебиеті

Ұлы дала әдебиеті

Ұлы дала әдебиеті
ашық дереккөзі
Күллі Еуразияны ат тұяғының шаңына көмген, әйгілі Атилла (Еділ патша) басқарған ғұндар империясынан кейін тарих сахнасына шыққан Түрік қағанаты – Азиядағы ғана емес, әлем тарихындағы аса ірі мемлекеттің бірі болды. Солтүстік-Шығыс Қытай (Ман­чжу­рия), Моңғолия, Алтай, Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан, Орта Азия, Қазақстан және Солтүстік Қапқаз аумақтары құрамына кірген бұл мемлекет әскери, шаруашылық жағынан ғана жетіліп қоймай, мәдени дамуы жағынан да күллі адамзаттық өркениетке үлес қосқан-ды. Орхон, Селенга өзендері бойы­нан табылған, жасалуы VII-VIII ғасырларға жататын көне түркі сына жазбалары – Орхон жазба ескерт­кіш­тері – түркілерден қалған бірегей мәдени мұра. Бұл жазба ескерткіштер – Білге қаған ескерткіші, Күлтегін жа­зуы, Күлшора (Күлі Чора) жазуы, Мо­йын – Шор жазба ескерткіші, және Тоныкөк жазуынан біз сол тұстағы тарихи оқиғаларды, Түркі қағана­ты­ның қалай құрылғанын, оны кімдердің бас­қарып, мемлекетті сақтау үшін қан­дай ерліктер жасағанын біле аламыз. Ең қызығы, бабаларымыздың тарихы өз жазуымен жазып қалдырылған. 40-қа жақын графеманы (дыбыстың жазу­дағы таңбасы) пайдаланып жазылған бұл тарихи мәтіндердің кілтін 1893 жылы дат ғалымы Томсен Вильгельм Людвиг Петер (1842-1927) тапқаннан кейін (жазу таң­ба­лары әліпби мен буын жазуы негізінде жасалғанын анықтады) «Түркі жазуына» бүкіл әлемнің қызығушылығы оянды. Солайша, ХІХ ғасырдың екінші жар­ты­сынан басталған бұл үдеріс ХХ ғасырға келіп жаңа белеске көтерілді. Шынын айту керек, түркітану ғы­лы­­мын қалыптастырып, дамыту мәсе­лесінде қазақ ғалымдары өзгелерден оқ бойы озық тұр. Оны бүгінде әлемдік ғылыми орта да мойындайды. Кеңестік дәуірде түркология ғылы­мын­да зерттеулер жайымен болса да жү­ріп жатты. Бірақ оның игілігін жалпы халық көре қойған жоқ. Дегенмен қазақ елі алғаш рет азаттық жолына бұлқынып, «ақырып теңдік сұрап» алаңға шығатын 1986 жылы жарық көрген, белгілі тілші-ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» және әдебиетші ғалым Мырзатай Жолдас­бек­овтің «Асыл арналар» кітабы – қазақ хал­қының рухани азаттығын жоқтаған, қазақ ұлтының тамырын тереңге жіберген халық екенін танытқан биік мақсатты еңбектер еді. Мырзатай Жолдасбеков «Асыл арналары» қазақ әдебиеттану ғылы­мы­на соны серпін әкелген кітаптардың бірі болды. Өйткені ғалымның бұл еңбегі арқылы күллі қазақ түркі жазуы, сол жазумен жазылған әдеби мұралар жөнінде тұңғыш рет осы кітап арқылы кең түрде түсінік алды. Шығар-шық­пас­тан көп ізделетін сирек кітаптар қа­та­рына қосылған бұл еңбектің қан­шалық қадірлі болғанын өткен ғасыр­дың 80-90-жылдарында жоғары оқу орындарында гумани­тар­лық салада білім алғандар жақсы білсе керек. Әрине, уақыт өткен сайын өмірін ғылымға арнаған адамның ізденіс өрісі кеңейіп, сараптау-талдаулары тереңдей түсетіні анық. Бұл орайда, ұзақ жылдар бойы лауазымды мемлекеттік қызметтер атқарса да, бір сәт те өзінің ғалымдығын естен шығармаған Мыр­затай Жолдасбеков о бастағы сәтті ғылыми ізденісінің ауқымын ұлғайтып, ғылымдағы негізгі еңбегін «Ұлы дала әдебиеті» атты ғылыми сапасы биік көлемді кітапқа айналдырды. Өткен жылы «Ғылым» баспасынан шыққан сол кітапты қолға алып парақтағанда, расында да, қазақ әдебиеттану ғылы­мы­на мән-мағынасы терең, ұлты­мыздың әлемдік мәдениет тарихынан алар орнын көрсететін толыққанды ғылыми еңбектің қосылғанына көзіңіз жетеді. Кітаптың алғысөзін жазған ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасовтың тілімен айтқанда: «Білікті ғалымның қолымызға тиген мына толымды ең­бегі – оның ұзақ жылдар бойғы зерттеу жүр­гізген зерттеулерінің алтын түйіні. Расымен тым ұзақ тарихи дәуірлер мен көшпелі ұлыстар жөңкілген шексіз салқар кеңістікті қамтитын тамыры терең ежелгі әдебиетіміздің дәстүр сабақтастығын, бүгінмен жалғастығын саралаған іргелі еңбекті «Ұлы дала әдебиеті» деп атағаны да орынды». Белгілі бір нәрсеге баға бергенде көтеріңкі леппен сөйлей беруге болар, бірақ айтылған ойға тірек боларлық материал мықты болмаса, ол сөзде бәтуа болмақ емес. Ал Мырзатай Жол­дасбековтің «Ұлы дала әдебиеті» деп отырғаны – бір кезде Еуразия кеңістігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған алып империя­лар­дың бірі – Түркі қағанатынан бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне жалғасып отырған көркем сөз өнерін­дегі өз әліпбиімен тасқа бәдізделген ежел­гі түркілік жыр-дастандар мен Ұлы далада жүздеген жылдар бойы ауызша таралып, бүгінге жеткен эпостық шығармалар. Жасыратын несі бар, күні бүгінге дейін Батыс Еуропа мен Батыс Қы­тай­дың арасындағы ұлан-ғайыр Ұлы далада өмір сүрген көшпелі халықтар мем­лекеттерін өркениеттен тыс қал­ған, әлемдік мәдениет тарихына әсері болмады деп санайтындар теріс ғы­лыми түсініктер жоқ емес. Бірақ адам­зат баласына қаншама ғасыр бас­ты көлік болған жылқыны ең алғаш қолға үйреткен; көшіп-қонуға өте ыңғайлы, әлемде аналогы жоқ – киіз үйді, жаңа туған нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек – бесікті, теңдессіз саз аспаптары – домбыра мен қобызды, адам ден­сау­лығына өте пайдалы сусын – қымыз бен шұбатты т.б. қаншама құнды­лық­тар­ды ұрпағына мұра қылып қалдыр­ған, ең бастысы – өз жазуын ойлап тапқан, ауқымды әдеби мұра­ла­ры бар Ұлы дала халқын тарих ұмытқан жоқ. Десек те, империялық пиғыл­дың не­месе нәсілшілдік астам­дық­тың бат­пағына батқан жалған ғылыми көз­қа­рас­тар бел алып тұрған шақта барды бардай таныстырудың өзі үлкен күш. Ондай қыңыр күштердің алдында өз халқының қандай ұлы мұраның иесі екенін таныту оңай емес. Демек, алыс ғасырлардағы жылғадан бас алған «Асыл арналардың» үлкен ар­наға ай­налып, «Ұлы дала әдебиеті» атты теңіз­ге кеп құюына дейінгі ара­лықта тын­бай тер төгу керектігін о бастан жете түсінген Мырзатай Жол­дасбекұлының мақсаты биік еді. Сол мақсат біз әңгіме қылып отырған кітапта орындалған. Бүгінде кез келгеніміз «Арғы бабам – ер Түрік» деп кеуде қаққанымызбен, кезінде оның бабамыз екенін дәле­л­деудің өзі қиын еді. Себебі шетелдік зерт­теушілер қазақ тарихын өз мем­ле­кеттерінің мүддесі тұрғысынан жазып, тарихи деректерге жүрдім-бардым қа­рап, соның нәтижесінде ел мен жердің, тарихи тұлғалардың аттары шатасып, тіпті, түркілік тұлғаларды, олардың мәдениетін қазаққа жақын­дат­пай, оны Ұлы далада өмір сүрген әлдебір «иран­тіл­дес халықтарға» теліп әділетсіздік жасаған-ды. Соның кесі­рі­нен түркі халықтарының тасқа қашал­ған әдеби-тарихи мұралары еуропалық зерттеу­ші­лер тарапынан қате ауда­рыл­ды, тұ­тас сөйлемдер аударылмай қалып кетті немесе зерттеушілер ескерт­кіш­тер­дегі мәтіндерді өздеріне таныс тіл­дерге икемдеді. Міне, өзінен бұрын түркі жаз­ба ескерткіштерін зертте­у­шілердің осы бір кемшілігін жойып, қатесін тү­зеп – тарихи ақиқатты қал­пы­на кел­тіру жолында еңбек еткен М.Жол­дас­беков – «Асыл арналар», «Тас­тар сөй­лейді», «Орхон ескерт­кіш­терінің толық атласы» секілді ғылыми дәйегі күшті ғылыми кітаптарын жа­рия­лап, түр­кіл­ік болмысты жете таны­май, Түрк қаға­на­тын тұтас импе­рия деп мойын­да­мау­дың салдарынан өз зерттеулерінде В.В.Радлов, П.М. Ме­лио­ранский, т.б. ау­дар­машылар тара­пынан кеткен олқылықтардың орнын тол­тыр­ды. Әрбір ұлтты ұлт ететін құнды­лық­тарының бастысы – тілі мен әдебиеті. Қазақ деген ұлтты бүгінде әлем біледі, бірақ ол бір күнде қалыптасып, ұлт дәрежесіне жеткен жоқ. Оның тамыры ғасырлар тереңінде, тарих қойнауында. Әдебиеті өте ерте заманнан бастау алады. «Түрктердің жазба әдебиетінің негізі VII-VIII ғасырларда қаланған» деген тұжырым жасайтын М.Жолдас­бек­овтің кітабы соны дәлелдейді.  Бірақ сол пікірді орнықтыру да оңай бол­маған. Бұл туралы «Ұлы дала әде­бие­тінің» авторы: «Орхон ескерт­кіш­тері жайын сөз еткенде, қазақ халқы көшпелі ел, жөңкіліп көшіп қонып жүріп мәдени мұра қалдырмаған. Қазақстан жеріндегі көне дүние ескерт­кіштерін не сақтардікі (қазақ­тың өзі сақтардың тікелей ұрпағы ғой), не соғдынікі (иран тілдес ертедегі халық) деп, ата-бабамыздан қалған мұ­раны өзімізге жолатпай, алып қашқан кездеріміз болғаны рас. Бартольд бастаған атақты түрко­лог­тар мәдениеттің ең жоғарғы сатысы – жазудың түрк халықтарында VII ғасырда болғанына таңдай қағып, таңырқаған еді. Батыс историо­граф­тарының бұған таңданып қана қоймай, рун жазуына келеді екен, біздің ата-бабаларымыз бір кезде Саян тауларына барған болар деп, жазбалардың кілтін таба алмай, немістер мен финдердің өздеріне меншіктегісі келіп дал болға­нын, бірақ одан ештеңе шықпағанын тарих білмей ме? Ақыры даулы алфавиттің жұмбағы шешіліп, сыры ашылғанда, олардың иесі түрк халықтары екеніне көз жет­кіз­генде ғана дау-талас тоқтаған еді. Шы­нында да ол ескерткіштерді жаса­ған негізінен қазақ халқының құра­мы­на кірген ру-тайпалар болатын. ...Сөйтсе де, өкінішке қарай, бір ғасыр­дан астам уақыт бойы зерттеліп келе жатқан осы бір ғажап шығармаларды халқымыздың мұрасы ретінде соңғы жылдарға дейін қазақ ғалымдарының батылы жетіп, ешкім қолға ала қойма­ған. Бір кездерде бұл ескерткіштерді жо­ғары мектепте оқыту талабын қолға алған Құдайберген Жұбанов екен, бі­рақ осы бір әдепкі әрекет, өкінішке орай, жүзеге аспай ұмыт болады», – дейді. Міне, осы талайлар соңына жет­кіз­бей кеткен істі қолға алып, тыңғы­лық­ты зерттеу жүргізген Мырзатай Жол­дас­бекұлы алдымен Орхон-Енисей ескерткіштерінің зерттелу тарихына назар аударып, ондағы мәтіндердің мәнін анықтап, оқып, транскрип­ция­сын жасайды, мағынасын қазақ­ша­лайды, жанрын анықтайды. Солайша, «Ор­хон ескеткіштерінің мәтіндері» (VII ғасыр), «Күлтегін» (үлкен жазу), «То­ны­көк» жырларының қазақша мәтін­дерін оқырман назарына ұсына отырып, автор қазақ әдебиетінің арғы тегі қайда жатқанына қарапайым оқыр­маннан бастап, маман ғалымдарға дейін ежелгі жазулардың кейінгі дәуір­лердегі қазақ эпостарымен үндесетінін көрсетіп берді. Бұл орайда ғалымның «Орхон» жырымен қазақ­тың «Алпа­мыс» дастанын салыс­тыр­ғаны назар ау­дарарлық. Қарап көрейік: «Тағы бір ерекше айта кететін нәрсе – «Орхон», «Алпамыс» жырла­рын­да жеті санының жиі қайталануы жайлы. Бірнеше мысал келтірейік.
  1. Әкем қаған он жеті ер ертіпті.
  2. Жиылып жетпіс ер бопты.
  3. Қосыны жеті жүз ер бопты.
  4. Қырық жеті рет аттанды,
Жиырма шайқас жасады.
  1. Әкем өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды.
  2. Күлтегін қой жылы он жетінші күні дүниеден ұшты.
Тоғызыншы айдың жиырма же­тісінде жерледік. Мазарын, ою-өрнегін, жазба тасын мешін жылы жетінші айдың жиырма жетісінде тегіс аяқтадық. Күлтегін өлгенде қырық жеті жаста еді. «Алпамыста»:
  1. Жеті жыл жаттым мен деймін,
Жеті мың қалмақ өлтірмей, Сірә да кезек бермеймін.
  1. Жеті жылдың ішінде,
Көрінбеді кісіге. 3.Енділігі жеті кез, Темір үйді салдырды.
  1. Жеті күн мен жеті түн
Қолыма менің бер деді.
  1. Отырған орны жер болып
Жеті күн ұдай түнеді. ...Бізді қызықтыратыны VIII ғасыр мұрасы – «Күлтегін» мен «Алпамыс» эпо­сында өсімтал (7-701-700-7000) жұмбақ жеті санның жиі қайталануы. Мұның өзі бір жағынан «Алпа­мыс­тың» көнелігін дәлелдесе, екінші жағы­нан «Алпамыс» пен Орхон жыр­ла­рының шыққан уақытының жалғас, іргелес екендігін тағы да растайды». (Ұлы дала әдебиеті, Астана – 2018 жыл, 1983-1984 жыл, 183-184-беттер). Қазақ халық эпостарының арғы түркі жазба ескерткіштеріндегі мәтін­дер­мен үндес екендігін талдап көрсету арқылы ғалым әдеби мәтіндер ұқсас­ты­ғына мән бере отырып, оның тарихи тамырластығына назар аударады. Иә, келтірілген шағын мысалдан-ақ үлкен ой түюге болады. Демек, он төрт ғасырдай уақыт бойы осынау сайын далада бір халықтың ұрпақтары өмір сүріп келеді. Анау VII ғасырдағы тасқа қашалған бабалардың ерлігі туралы жыр одан кейінгі дәуірлерде де желісін үзбей, кейінгі эпостарға алтын арқау болып, Ұлы даланың ерлік салтын ұмыттырмаған, дәріптеген. Түркі қағанатының тарихы мен қағандарының, батырларының ерлігін тас­тағы жазудан оқып, оны «Ұлы дала жыры» деп  таныған Мырзатай Жол­дас­беков көркем жырлардың сабақ­тас­тығын одан кейінгі дәуірде туып, қағазға түскен, яғни 8 ғасырға тиесілі «Қор­қыт» жыры мен 10 ғасырға жата­тын «Оғызнама» арқылы көрсетіп, ұлы жыраулық өнердің соңғы биігі Жамбыл Жабаевпен түйіндейді. Он төрт ғасырға жуық уақытта ел­дік пен ерлікті талмай жырлаған ғаламат әдебиетке «Ұлы дала әдебиеті» деген ат берген ғалым Мырзатай Жолдасбековтің бұл ізденісі – жарты ғасырға жуық ғылым майданында төгілген тердің нәтижесі. Жаңа ғасырдың бас кезінде тәуелсіз Қазақстанның 10 жылдығы тұсында елімізде «Байырғы түрк өркениеті: жазба ескерткіштер» атты халық­ара­лық конференция өткізіліп, соған орай Моңғол даласындағы Күлтегін ескерт­кі­шінің жапондық шеберлер жасаған көшірмесінің Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алдына орнатылуы (2001 жыл, 18 ма­мыр күні) шын мәнінде қазақ хал­қы­ның Ұлы даланың иесі, сол далада жасалған рухани-мәдени құнды­лық­тардың мұрагері екенін дәлелдеген-ді. Міне, осы бір күллі елдің мерейін арттырар істің бас-қасында жүрген Мырзатай Жолдасбеков аталған шара туралы: «Бұл алқалы басқосу – парасат пен пайымның, елдік идеяның тұтқалы нысанасы болды. Осы халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның нәтижесіне әлемдік түркология ғылы­мы­ның көрнекті өкілдері сол мезетте жоғары бағасын берген болатын. ...Бұл Ұлы дала әдебиетінің тас­тағы сөздеріне қайта жаңғыра тіл бітіп, тәуелсіз еліміздің Астанасынан күллі әлемге үн қатқан, дүниежүзінің түр­ко­логия ілімінің ғұламалары ғасыр­лар бойы толғатқан ақыл-ой қазына­сы­ның асыл дәні қауыз жарған ақ­жа­рылқап мезгіл деп адамзатқа жар са­луға бо­латын, кісілік келбетімізге, ар-намыс пен рухымызға түбегейлі бет­бұрыс жасалған ғасырларға тати­тын жарқын мезет, ұлы мақтаныш еді», − деп тол­ғанады. Оған оның толық ха­қы­сы бар еді. Себебі ұлт тарихында өшпес туынды жарата алған ғалымның еңбегі мақтаныш етуге лайық. Замандар өтер, дәуірлер алмасып, қоғам өзгерер. Бірақ Мырзатай Жол­дас­бековтің қаламынан туған «Ұлы дала әдебиеті» атты туынды уақыт сы­нына төтеп беріп, ұлт игілігі үшін қыз­мет ете берері анық. Ал ондай туынды әр­дайым ұлттың мерейін көтереді.