Алтын орданы зерттейтін арнайы орталық ашу қажет
Алтын орданы зерттейтін арнайы орталық ашу қажет
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекітіп берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ауқымы кең, шын мәніндегі тамыры тереңде жатыр. Уақыттың қатпар-қатпар қыртысында ұмыт қалған немесе ескірген рухани мұраны қайта жаңғыртып, ұлт есіне салу бағдарламаның басты мұраты-тын. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт ұясы Ұлытауға арнайы барып, Жошы хан басына зиярат етіп, Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту жайлы ұсыныс жасауы рухани-тарихи жадымызды қайта жаңғыртар айтулы бастаманың бірі болды.
«Túrkistan» газеті құрылған күнінен бастап, ұлттың жоғын жоқтап, рухын серпіп келе жатқан басылым. Жуырда газетіміздің жанынан «Түркістан» интелектуалдық ой-пікір клубын құрдық.
Клубтың мақсаты – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелерді клуб отырыстарында талқылап, арнайы мамандар мен зерттеушілердің құнды пікірлерін газет бетінде жариялап отыру. Бұл жолғы отырыс тарихшылармен болды. Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында тарихқа көз жүгіртіп, алда атқарылуға тиісті істерді талқылады. Клуб отырысына тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Әлімғазы Дәулетхан, А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Өмірбек Қанай қатысты.
«Túrkistan»: Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңіріне сапарында Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Жошы ханның есімін ұлықтау мәселесін көтерді. Бүгін біз осы тақырып жайында талқылау үшін «Түркістанның» интелектуалдық ой-пікір клубына тарихшыларды арнайы шақырып отырмыз. Тарихшыларымыздың өздері де айтып жүр, «Татарлар Алтын Орданы басыбайлы иемденіп алды» деп. Кейбір татар тарихшылары «Алтын Ордаға қазақтың қатысы жоқ» деген пікір білдіруде. Біз бұл бағытта да жайбасарлығымыздан өз үлесімізді ала алмай, құр қалайық деп тұрған жоқпыз ба? Алтын Орданың мұрагері екендігімізді ғылыми түрде дәлелдейтін мүмкіндігіміз бар ма?
Меңдігүл Ноғайбаева: Татар тарихшылары неге озып кетті дегенге келсек, елімізде тарихи сананың қалыптасуы жаңа дәуірден көнеге қарай жүргізілді. Тоқсаныншы жылдардан бастап, тың және тыңайған жерлерді игеру, топырақтың эрозияға ұшырауы, 20-30 жылдардағы байларды тәркілеу, оған қарсы көтерілістер, алапат ашаршылық, қазақ халқының тең жартысынан көбі қырғынға ұшырауы, Алаш қозғалысы тақырыптары дәуірледі. Сосын XIX ғасырдағы отарлау тақырыбы ұлтымыздың діні, ділі, рухы азып-тозуы мәселелері қоса қабат қозғалды. Араға біраз уақыт салып, қазақ мемлекеттілігінің бастау-көзі қайда, деген сауалға келе бастадық. Үйсіннен бе, сақтан ба қайдан тарадық? Қазақ атауы, этнонимі қайдан шықты? Фирдоусидің «Шахнамесінде», Багрянородныйдың еңбегінде кездеседі екен, біз IX ғасырдан ел екенбіз дестік. Алтын Орда тақырыбы қалып қойды. Ресей тарихшылары «моңғол-татар езгісі болды ма, жоқ па?» деген тақырыпты көтерді. Бізде ол жазушылардың еңбегіне арқау болғанмен, кәсіби тарихшылардың зерттеу нысанына айналмады.
«Túrkistan»: Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды. Жалпы сол қазақ күні кеше XV ғасырда ел болды деген бізді отарлаушылардың байламы, солардың тарихшыларының тұжырымы емес пе? Оған қалай қарайсыздар?
Берекет Кәрібаев: «Мемлекет», «мемлекеттілік» деген ұғым бар. Мемлекет – жүйе, мемлекеттілік соның көрінісі. Қазақ жеріндегі мемлекеттілік тарихы басталғанына үш мың жыл. Қазақ хандығына дейін біздіңше 20 мемлекеттік құрылымдар болды. Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай ордасы, Қыпшақ хандығы, Түркі мемлекеттері. Бұлардың барлығы Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік көріністері. Бірі – қағандық, бірі – хандық, бірі – сұлтандық. Қазақ хандығы сол жиырма тамырдан нәр алып шыққандай.
«Túrkistan»: Керей мен Жәнібек құрған хандыққа дейін де қазақ хандықтары құрылды емес пе? Орыс хан ұрпақтары құрған қазақ хандығы болса, сол Орыс ханның хандығын Қазақ хандығы дей алмаймыз ба? Немесе Шыңғыс ханға дейін де бәріміз білетін Керей, Найман хандықтары болды. Оларды да хан басқарды. Барлығы бірдей құрылым емес пе?
Берекет Кәрібаев: Әрине, қазақ хандығына дейін мемлекеттер болды. Бірақ, айтылған хандық құрылымдар жалпы ұлттық сипат алған жоқ. Мәселе сонда.
«Шайбанилық тарихнама қазақ хандарының шығу тегін неге бұрмалаған?» деген мақала жазғаным бар. Себебі, Әбілқайыр әулеті Дешті Қыпшақта құрылған бізден басқа әулет, дәлірегі – Жошының бесінші ұлынан тарайды. Керей мен Жәнібек бірінші ұлынан.
Шыңғыс әулетінде жасына, жолына қарай билікке келу дәстүрі бар. Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошы, Жошының үлкен ұлы – Орда-Ежен, одан Сартақтай – Қонша – Баян – Сасықбұқа – Ерден – Шынтай – Орыс – Тақтақия – Болат – Керей. Ал жаңағы Шайбани тарихнамасының шежіресінде: Шыңғыс, Жошы, Тұқатемір, Өзтемір, Орыс деп бес-ақ ата көрсетіледі. Екі жүз жылда бес-ақ ата ауысуы мүмкін бе? Әрине, олай емес. Бастысы олар – Тұқатемір деп өтірік Жошының кенжесін көрсетеді. Ата дәстүр бойынша кенже балаларға ең жоғарғы билік берілмейді. Яғни, кенженің ұрпағы Дешті Қыпшақты билеуге құқы жоқ деген аңыз таратады. (Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани хан). Шындығында – қазақ хандығының тағына бірінші отырған Керей хан Тұқатемірдің емес, Орыс ханның, турасы – үлкен ұлдың ұрпағы. Мұндай бұрмалаудан ада Рашид-ад-диннің еңбегінде, екі жүз жылда он буын ауысады, ол қисынды.
Шыңғыс әулетінде шығысқа тән сипатпен билік киелі саналады. Оларға билік күреспен келмейді, көктен беріледі. Шыңғыс ханның арғы әжелерінің бірі Аланхуа өте сұлу әйел болған деседі. Екі бала тапқасын күйеуі қайтыс болады. Содан кейін де үш баланы дүниеге әкеледі. Бұларды қайдан таптың дегенде: «Түнде шаңырақтан ай сәулесі түседі. Ол сақалды қарияға айналады. Қария менің ішімді сипайды, содан жүкті боламын» депті. Бұл аңызға елді сендіреді, халықтың миына сіңіреді. Сөйтіп, әулет Көкпен байланысты болып шығады. Қасиетті болғасын да Шыңғыс хан ұрпағынан басқалар хан тағына отыра алмайды. Қанша мықты болса да, атақты Темір әмір, ал Едіге би деңгейінде қалды. Сол дәреженің өзіне олар Шыңғыс әулетіне жақындығының арқасында жетті.
Өмірбек Қанай: Бекарыс Нұриман деген ғалым жігіт жақында 23 хаттың транскрипциясын әкелді. Алтын Орда мен Осман империясы арасында жолданған хаттар. Алдағы уақытта сол деректерді пайдаланып, бір монография дайындап жатырмыз.
Маман бәрін шешеді. Бір шетелдік ғалым, осы Алматыда «Диуани хикметтің» бір нұсқасы бар екен, қағазын ұстап көрді де, «мынау ХIV-ғасырдағы нұсқа» деді. Сондай кәсіби мамандар дайындау қажет. Өзім Германияда білім алғанмын, неміс тілін білемін. Менің қолымда оннан астам карта бар. Жошы ұлысы сол карталарда анық жазулы тұр. Дәлірек айтсам, 1695 жылы Амстердамда шыққан карта. Көк Орда, Ақ Орда, Ұлытау дейсіз бе, бәрі бар. Тек оқып зерделейтін мамандар қажет.
Айбар Хасеналин деген археолог Алтын Орда дәуіріне тиесілі алтын тостаған тапты. Тостаған ортасында қызғалдақ бейнеленген. Қазақстанды қызғалдақтың отаны деген болжамды әйгілеп тұрғандай. Ою-өрнектері кәдімгі қазақ ою-өрнектері. XIII ғасырға тиесілі екендігі Жапонияда анықталды.
«Túrkistan»: Алтын Орданың 750 жылдығы аясында қандай жұмыстар атқара аламыз?
Берекет Кәрібаев: Ресей 1823 жылы Алтын Орданы түпкілікті зерттеуді қолға алмақ болды. Грант жариялады. Ол кез үшін 10 мың рубль көп ақша. Бірақ ғалымдар үнсіз қалады. Екінші жылы тағы жариялайды. Бір ғана неміс тарихшысы келеді. Алайда оның қолжазбасы қабылданбайды. Себебі, еуроцентристік көзқараспен тек парсы деректеріне сүйенсе керек. Орыстар туралы айтылмапты. Міне, содан бері Ресей де Алтын Орданың толық түрдегі тарихын жаза алған жоқ. Біз бір жылдың ішінде бірдеңе бітіреміз деп айта алмаймын. Иә, сөз жоқ, маңызды тақырып. Бірақ, Алтын Орда өркениеті, тарихы мәселесімен тікелей айналысатын арнайы орталық ашпай, ештеңе өнбейді.
Алтын Орда қазіргі АҚШ секілді империя болған. Дүниежүзімен қарым-қатынас жасаған. Біздегі бары араб-парсы, орыс деректері. Ал, фин, норвег, поляк, ағылшын, испан, итальян, румен, болгар тілдеріндегі деректерден хабарымыз жоқ. Соның барлығын игеріп барып, қорытып жазбаса болмайды.
Тоқтамыс билікке келгесін, түрік сұлтанына хат жазады. Хаттың транскрипциясын оқып көрсем, қыпшақ тілінде екен. Бір сөзге келгенде қиналдым. «Маған дейін біздің ата-бабаларымыз сіздердің ата-бабаларыңызбен барыс-келіс жасаған». Осындағы «барыс-келісті» татарлар елші деп аударып жіберген. Барыс-келіс әлі күнге қолданылатын қазақ сөзі, архаизм де емес.
«Túrkistan»: Тарихшылардың төрт одағы бар дедіңіздер. Ғалымдардың басы қосылмай қоймай ма?
Меңдігүл Ноғайбаева: Ғылымда ұрпақ алмасып жатыр. Бұрынғы методологиямен келе жатқан аға буын ренжімесін, әр маман өзінше жүріп, еш нәтижеге жете алмайды. Қаласа да, қаламаса да, жетістікке жету үшін бірігеді. Қазіргі заман талабы жан-жақтап зерттеу. Сонда қорытындысына жұрт иланады.
«Túrkistan»: Алтын Орданың мұрагеріміз дегенде бетке ұстар дәлеліміз – Сарайшық. Қорқыттан айырылып қалдық. Сарайшықтың да орнын сипап қалатын түріміз бар. Бұл жөнінде не айтасыздар?
Берекет Кәрібаев: Сарайшыққа барып көрдім. Сарайшық деген ауыл бар екен. Кезінде қала болғаны орнынан көрініп тұр. Жарда суға құлап кететіндей құмыралардың басы, түбі көрініп жатыр. Төбесі жабылмағасын күн де, жаңбыр да тоздыра беретіні анық. Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен Үкіметтен ақша бөлініп, жағалау бетондалып, су шаюы тоқтатылыпты. Бірақ төбесіне қалқа орнатылмаған. ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілді деді. Қазір Әбілсейіт Мұхтар дейтін тарихшы, Сарайшықты зерттеу, қорғау мекемесінде басшы болып отыр. Зерттеу жүргізіліп жатыр. Жақында Алтын Ордаға қатысты конференция өткізбек.
Сарайшық Алтын Орда астанасы болған жоқ. Сарайшық – кішігірім сарай деген сөз. Ол Ноғай ордасының астанасы болғаны рас. Кейіннен Қасым ханның резиденциясы. Қасым хан сонда жерленген. Сыр бойындағы қалалар Сығанақ, Сауран, тағы басқалары дәл осы Алтын Орданың дәуірінде гүлденген. Демек, археологтар білек сыбанып кіріссе, істейтін шаруа жеткілікті.
Жазып алған
Дағжан Белдеубай
Суреттерді түсірген
Мақсат Құсайынов