Барлыбектің өлімі: ақиқат па, жұмбақ па?
Барлыбектің өлімі: ақиқат па, жұмбақ па?
Қазақтың бағына туған кейбір тұлғалардың өмір жолы неге жұмбақ, неге құпиялы?! Осы сауал мені үнемі ойландырады, толғандырады. Әсіресе, олардың фәниден бақиға «тезірек» өтуінде бір шикілік бар-ау, осы. Әрине, оның сыры тек жаратқанға ғана аян болар! Мәселен, қазақтың алғашқы ғалымдарының бірі, жарық жұлдыз аяулы Шоқанның орда бұзар отызында мерт болуы – орны толмас өкініш. Замана заңғары М.Әуезовтің де Мәскеу ауруханасына өз аяғымен кіріп, табыт болып шығуы және т.с.с. тұлғалардан қапияда көз жазып қалғанымыз бар емес пе?! Ал Смағұл Сәдуақас, Мұстафа Шоқай, Әміре Қашаубай, Күләш Бәйсейіт келіні, Иса Байзақұлы... Құдай-ау, осындай ұлт асылдарының өмірі неге трагедиялық жағдаймен аяқталды екен? Қарап отырсам, хас жүйріктеріміздің көбі Кеңес заманында мерт болыпты ғой... Күдік тудырады. Бұл шынымен қандай күдік?
Алаштың тұғырлы перзенті Барлыбек Сыртанұлының да құрт ауруынан қайтыс болғаны күдік тудырады. Оның құрт ауруынан өлгені ақиқат па, жұмбақ па?! Негізгі айтар уәжіміз осы – Барлыбек Сыртанұлының өлімі төңірегінде.
Алаш оқымыстысы Барлыбек Сыртанұлы 1914 жылғы 26 қарашада дүниеден өткен-ді. Оның құрт ауруынан қайтыс болғаны туралы деректер С.Өзбекұлы, Ө.Ақыпбекұлы, Н.Дулатбеков сияқты зерттеушілердің еңбектерінде айтылған. Енді біз өз тарапымыздан ұсынар уәжімізді санамалап, тарқатар болсақ.
Бірінші, Б.Сыртанұлы Патшалық билік жүйесінде ұлық дәрежелі қызметте болған шенеунік еді. Оның аяқ-асты қызметінен шеттетіліп, ақырында көп ұзамай өлім құшуына не себеп болды? Барлыбектің әрі шәкірті, әрі рухтасы М.Тынышпайұлының қазанамасында: «...1909 жылы қызметтен шықты. 18 жыл қызмет қылып, біреуден бір жаман сөз естімей, жаманды көрмей, абыройы қайтпай, Жетісу облысының қазақ-қырғызының бірінші ардақты адамы болып, еліне қайтты. Қапалдан 75 шақырым, Ақсу бекетінің қасында 12 шақырым жердегі қыстауына мекендейтін болды», – деп оның 1909 жылы қызметінен босап, демалысқа (отставка) шыққаны айтылған. Ал Барлыбектің үлкен ұлы Кәкенің (Абдулқадыр) күнделік-дәптерінде: «...1908-1909 жылдар қызметінен босанып, 42-43 жасында Сүттіген-Бұрған бойына көшіп барады. Қызметінен босау себебі 1-ші ол кезде ауру болады, 2-ші саяси көзқарасы сенімсіз деп табады», – делінген.
Негізінде, бұл уақытта Барлыбектің денсаулығы сыр бермеген болатын. Оның үстіне ол өзі табиғатынан бойына дәрігерлік қасиет қонған адам болатын. Петербордағы Императорлық университетті бітірген соң, туған жеріне келіп, қызметке араласа бастаған тұсында қазақ даласында өсетін емдік қасиеті зор шөп, гүл т.с.с. зерттеп, «Дәрілік өсімдіктер» («Травяные растение. Способ употребления его». Орыс тілінде жазылған – Т.Е.) деп аталған медициналық еңбек жазған, еуропалық тұрмыс пен мәдениетті игерген бұ қайраткердің өзін-өзі күтіп, баптамауы мүмкін емес. Ашығын айтқанда, оның қызметтен босауы – саяси көзқарасы мен ұстанымдығы екені анық. Кәкенің күнделігінде: « ...Үйткені 1905-1906 жылдарда Пакатилов деген жандарал алдында (Верныйда) тілмаш бола жүріп, қоғамдық жұмыстармен шұғылданады:
1) 1905-1906 ж.ж. Панфилов пен Юнных-Комунаров көшесінің түйіскен жеріндегі үйде (Қазірде детбольница) бірінші мұсылмандар кітапханасының ашылуына көмек береді;
2) Жетісу губерниясына қарасты Қазақ, Қырғыздарға қыстақ салыңдар, жерді мекендеп, тұрғын ел болыңдар, мектеп ашыңдар, мектеп салыңдар деген іске кіріседі. (Бұл туралы қолда деректер, дәлелдер бар).
3) Патша үкіметінің саясатына сын көзбен қараған қазақ, татар оқығандарымен сыбайлас болады;
Қазақтың атақты оқымыстысы – Қаратаев Бақытжан сияқты адамдармен бірге оқып, бірге болған.
Мысалы, Балықты тауының үстіндегі Ақтасты Қоңырский деген екі қыстақты салдыруда зор қатынасы бар. Және Қарағаштағы Маман-Тұрыспек мектебінің салынуына да көмегі болған.
4) Сол кездегі Тасбегет-Абакум казак орыстары Ақсудың суын қарапайым қазақтарға уағында бермей зорлық жасаған уақиғаларына Барлыбек араласады. Айта берсе, Барлыбектің әділдік-момындық туралы көп еңбегі бар екен.
Барлыбек Сыртанов сол замандағы политсаның бақылауында болу керек. Мысалы, 1912-1913 жылдар Қапал уездный нач-ктың помощнигі, сол кездегі Арасан елінің волостной управителімен 4 рет келіп үйді тінтіп кітаптарды ойыстырған, сонда мен ауылдамын.
5) Қазақ, қырғыз балаларының талаптыларын оқуға түсіруге көмек береді. Мысалы Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бөрібаев т.б.
Бұдан басқа да көптеген көп әлеуметтік жұмыстары толып жатыр. Оның бәрін айтып жеткізуге уақыт көп керек», – деп жазған. Қараңызшы, міне, мынадай қоғамдық істерге араласып, қазақ жастарының білім алып, оқуларына жол ашқан адамның бұндай әрекеті – Патшалық билік үшін қауіпті болған! Ал, 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхаты» құжатына қол қоюы немесе осы жылы Орал өңірінде өткен қазақ зиялыларының құрылтайы, ондағы демократиялық партия құру мәселесінің күнтәртібіне енуі – бәрі-бәрі оның ұлт-азаттық жолындағы күрескерлік қызметі болып табылады. Патшалық биліктің кеңсесінде осындай күрес жолында жүрген қайраткерге әлбетте орын болмайды ғой. Оның орны – не абақты, не өлім ғана. Және Кәкенің әкесі Барлыбектің полиция бақылауында болды дегені де рас. Тіпті, Кәкенің өзі де 1956 жылға дейін бақылауда жүріпті. (Бұл туралы «Сары дәптердің сыры» //Ақиқат, журналы, №3, 2017. Оқыңыз – Т.Е.)
Екінші, Барлыбектің денсаулығы қашан сыр берді? Бұл – 1910-1911 жылдар аралығы. Яғни, осы жылдары Бәкең талқыға түскен қазақ жерінің тағдыры үшін Патша үкіметінің басшысы П.А.Столыпиннің аграрлық саясатына қарсы шығып, әділдік іздеп бас шаһар – Петерборға келіп, Әскери министрлікке, Патшалық ағзамға шағым жолдайды. Осы уақыт аралығында замандасы, болашақ Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің төрағасы (1917-1920) Ә.Бөкейханмен кездесіп, оның тапсырмасымен «Қазақ елінің Уставы» деп аталатын 4 бөлім, 28 баптан тұратын бүгінгі қазақтың алғашқы конституциялық заңын жазады. Бұл заң жобасы кейінірек Алаш партиясының бағдарламасына негіз болды. Дәл осы уақыт аралығында ауа-райы құбылмалы, жері сазды, тағаны сыз тартып тұратын бұ қала – оның денсаулығына кері әсер етіп, өкпесіне суық тигізеді. Ел-жұрты уақытында көмекке ақша салмағандықтан ауруы асқынады. Бұл турасында М.Тынышпайұлы: «1911 жылы Алматыға бірсыпыра қазақ, қырғыз, сарт, ноғай жиылып, Барлыбекті сайлап, Петроградқа жіберді. Сөзінің ең барып тұрған қиыны – баяғы қазақ жері. Петроградта бір қыс тұрып, қатты науқас болып, қан түкірді. Сонда да ел-жұртының жібергеніне қарай қайтпады. «Лепсі уезінің жерін жазған кітап менен бұрын басылып шығыпты, енді Қапал һәм Жаркент уездерінің нормасын азырақ көбейтуге қолым жетті. Ғалиханға жолығып, көп сөйлестік» деп һәм өзге сондай сөздерді айтып, маған хат жазды. Жарықтық, қызық-ай! Кейбір қиыншылық жерде «қазақшылық» деген бір жаман сырың шыға келеді-ау. Сондай науқас болып жатқанда жиып артынан береміз деген ақшаны, Алматыға қараған халық жиып жіберуге асықпай жатып алды! Өзінің басына көтеріп, таңдап жіберген Барлыбегін ұмытқандай болды! Сонда да мені мұндай қылды деп Барлыбек ешкімге айтқан жоқ. Ақша жоқ болып, қысылып, өзі көкжөтелден қан түкіріп, үйіне әрең жетті. Үйіне келген уақытта хүкімет Барлыбектің өтінішін, һеш нәрсе таба алмай, мойнына сала алмады», – деген екен.
Енді қараңыз: Жетісу жерінің, оның үстіне Ақсу-Қапал өңірінің шөбі шүйгін, ауасы таза, суының емдік қасиеті зор жер. Және Барлыбектің маңайындағы қазақтар, аталас туыстары Маман қажының ұрпақтары да ауқатты тұрған. Қымыз, саумал ішіп, дертінен құлан-таза айығуы да мүмкін. Мен осыған сенемін. Ал М.Тынышпайұлының: «...екі айдан кейін (сентябрьде) «ағам науқасынан тәуір болды» деп үлкен баласы бізді қуантып хат жазды», – деп жазғаны бар. Алдағы уақытта М.Тынышпайұлының жеке архивімен танысып, бір-біріне жазған хаттарын іздестіруіміз керек. Егер осы хаттар табылып жатса, бүгінгі ғылым тілі 180 градусқа өзгеріп, басқаша сайрар еді. Осындайда, «Сөйлеп бір кетсе өткендер...» (Қ.Мұқашев) деп тіліңді тістеп отырады екенсің...
Тағы бір дерек: Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіровтің әдеби музейін басқарған, өлкетанушы К.Қоқымованың жазған деректеріне сүйенсек, «Б.Сыртановтың еліне, тұрған жеріне барып, ақсақалдармен кездесуді жөн көрдік. Туған жерінде іздеп тапқан адамымыз, Арасан совхозында тұрып жатқан 96 жастағы Сәпиев Сламбол қария болды. Қарияның түсіндіруімен «Сыртан» жеріне бет алдық. Арасаннан күнбатысқа қарай Тереңөзекті, Онбұлақты өтіп, Көкқия тауының етегінде,ел аузында «Сыртан жері» – деп аталатын жерге келдік. Қазір бұл жерде Арасан совхозының қыстауы орналасқан. Қыстаудан оқшаулау орналасқан Құлшан руының зиратында Барлыбектің әкесі Сыртан Боқыұлы, ұлы Барлыбек Сыртанов және басқалары жерленген. Сөзге сараң, тұйықтау болып көрінген Сламбол ата: Мен Барлыбекті бозбала кезімде, ауылға бір келгенде көрдім. Қара торы, ұзын бойлы, қолында таяғы бар, ақ костюмде болды. Барлыбек болып өтті» – деп қысқаша ғана сипаттама беріп, сөзін аяқтады», – дейді. Және осы көнекөз ақсақал Барлыбекті өз ажалынан өлмегенін айтқан. Сламбол ақсақалдың айтуынша, Барлыбекті екі атты әскер адам келіп, тауға айдап әкеткен. Барлыбекті тау арасында атып өлтірді деген әңгіменің төркіні бәлкім осыдан шыққан болар?!
Қалай десек те, Барлыбектей арыстың бұ дүниеден мезгілсіз өтуі – иірілген сансыз сұрақтарға толы болып тұр! Алдағы уақыттағы барлыбектану саласының басты міндеті: оның өмір жолының құпиялы, ақтаңдақ түскен күнгейлі жақтарын ашып, жұмбағын шешу.
Елдос ТОҚТАРБАЙ