Допинг қолданғандар сыйақы мен баспанадан айырылады
Допинг қолданғандар сыйақы мен баспанадан айырылады
ҚР Парламенті Мәжілісінде «ҚР Дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының екінші тыңдалымы өтті. Мәжілісмендер бір ауыздан заң жобасын қолдап ҚР Парламенті Сенатының қарауына жіберді.
Заң жобасын әзірлеуші – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі. Заң жобасының негізгі мақсаты - қолданыстағы дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру, допингке қарсы ережелерді қатаңдату, Ұлттық Допингке қарсы орталықтың мәртебесін көтеру.
Заң жобасында допинг қолданған, оны қолдануға мәжбүрлеген тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қарастырылған, оның көлемі 200 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Бұдан басқа, Заң жобасында допингті қолданғаны үшін:
– жарыстан шеттету;
– жарыстың жойылған нәтижесі үшін ақшалай ынталандыруды қайтарып алу;
– спортшылар мен бапкерлерге өмір бойғы ай сайынғы материалдық қамсыздандыру төлемінен айыру;
– спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшелеріне олардың халықаралық спорттық жарыстарда спорттық жарақаттар алуы және мертігуі кезінде өтемақы төлемдерінен айыру;
– спорттық атағынан айыру;
– Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне арналған тұрғын үйден айыру;
– спортшыларды, бапкерлерді спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан шығарып тастау көзделеді.
Бүгінгі таңда ҚР қолданыстағы «Дене шынықтыру және спорт туралы заңында» Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған спортшылардың меншігіне үш бөлмелі, күміс медаль алған спортшыға екі бөлмелі, қола медаль иегеріне бір бөлмелі пәтер беру қарастырылған. Заң жобасында Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне баспананы 10 жыл мерзіміне дейін жалға беру, сонымен қатар, осы мерзім ішінде оны құқық меншік иелегіне аударуға тиым салынады, себебі допинг-тестердің сақталу мерзімі 10 жылды құрайды. Осы уақыт аралығында сараптама құрамынан допинг табылмаса, баспана спортшы меншігіне өтеді. Егер Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада жеңімпазы не жүлдегері өмірден өткен жағдайда, допинг нәтижесінің оң не терістігіне қарамастан, спортшы мұрагерлерінің атына баспана қайтарымсыз негізде беріледі.
Дереккөз: ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі