Бас прокуратура Ақжарқынның қандай жағдайда елге қайтарылатынын айтты

Бас прокуратура Ақжарқынның қандай жағдайда елге қайтарылатынын айтты

Бас прокуратура Ақжарқынның қандай жағдайда елге қайтарылатынын айтты
ашық дереккөзі
Қытайда істі болған қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтаруға барынша күш салынуда. ҚХР-да Ақжарқынға қатысты айыптау үкімі шыққан жағдайда, Қазақстан тарапы оның жазасын еліміз аумағында өтеуі бойынша сауал жолдайды. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді. «Бүгінде ол үкімге шағым түсіру кезеңінде. Атап айтқанда, Қытаймен арада бізде сотталғандарды беру туралы екіжақты келісім бар. Енді қытайлық сот төрелігінің соңғы кесімін күтеміз. Егер де ақтау үкімі шықса, онда өте жақсы болар еді», - деді М. Ахметжанов Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып. ҚР Бас прокуроры орынбасарының сөзіне қарағанда, егер А. Тұрлыбай сотты болса, онда ол тиісті өтініш жасауға құқылы. Осының негізінде ҚР Бас прокуратурасы оның жазасын өтеу мерзімін Қазақстан аумағында жалғастыруға байланысты құжатты жолдайтын болады. Еске сала кетейік, 21 жастағы қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталған болатын. Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылды, Ақжарқын ол туралы білмейтінін мәлімдеген. Осы іс бойынша Қытайдың Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасымен айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. 2016 жылы 7 сәуірде апелляциялық сатыдағы сот Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өзгерту және істі бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберу туралы қаулы еткен болатын.