Абайдың жиеншары ұлы ақын ұрпақтарының бүгінгі өмірі жайлы айтты

Абайдың жиеншары ұлы ақын ұрпақтарының бүгінгі өмірі жайлы айтты

Абайдың жиеншары ұлы ақын ұрпақтарының бүгінгі өмірі жайлы айтты
ашық дереккөзі
Ұлы Абайдың жиеншары Ләйлә Баймағамбетова 10 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Sputnik Қазақстан порталына берген сұхбатында Ләйлә Мұхлесқызы хәкім Абайдың ұрпақтары туралы айтып берді. Ләйлә Баймағамбетова Абайдың бәйбішесі Ділдәден сүйген тұңғыш баласы Ақылбайдан тарайды. Ақынға жиеншар болып келеді. Сондай-ақ ол Абай Құнанбайұлының ғана емес, ертекші Баймағамбеттің де ұрпағы. Арғы атасы Баймағамбет – Абайдың сенімді серігі, арқа сүйер досы болған. "Ақылбайдан Әлімқұл, Әлімқұлдан – менің анам Қауаш. Шешем 1910 жылы өмірге келіп, 1988 жылы дүниеден өтті. Енді ұрпақ жалғайтын ұл баласы ғой. Анамның Бағфур деген бауыры болған. Сол Бағфурдан Айдар, Айдардың ұлы Данияр. Ол қазір отбасымен Алматыда тұрады. Үш қызы бар, әйелі орыс. Сондықтан Абайдың ұрпағы әзірге Даниярмен тоқтап тұр", - деді Ләйлә Мұхлесқызы. Ләйлә Баймағамбетова өзі – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ұзақ жылдар оқу-ағарту саласында еңбек еткен. Кейін Семейдегі Абай музейіне ауысқан. Астанаға қоныс аударғанына он жылдың жүзі болыпты. Жары Өскенбаймен бірге бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Қазір зейнетте. Ақынның ұрпақтары тағдырдың талай тауқыметін тартқан. "Байдың баласы" деген желеумен қуғын-сүргінге ұшыраған. Ақынның шөберелерінің дені соғысқа аттанып қаза тапса, енді бірі ашаршылық жылдарында көз жұмыпты. "Қолымызда Абай атамыздың көзі тірісінде ұстаған бірде бір дүниесі қалған жоқ. Бәрі де тәркіленді. Абай ұрпақтарының тағдыры өте ауыр болды. Оның ұрпақтары неге некен-саяқ? Себебі сол заманда Құнанбайдың ұрпақтарының ізіне түсті. Абайдың Тұрағұл деген ұлы екі рет абақтыға жабылды. Ақыры Алматыны паналауға мәжбүр болды. Ол жерде Мұхтар Әуезовпен жолығып, жазушының түрткі болуымен әкесі жайлы естелік кітап жазды", - деп еске алды Баймағамбетова. Соңғы рет ақынның ұрпақтары Абайдың 160 жылдық мерейтойында бас қосқан. "Басқа қалада тұратындықтан, көп араласпаймыз. Тек Мағауияның ұрпақтары Ищағы және Ғазел тәтелермен үнемі байланыста болдым", - дейді Ләйлә Баймағамбетова.