Ауылда да бақуатты өмір сүруге мүмкіндік көп
Ауылда да бақуатты өмір сүруге мүмкіндік көп
Көпшілік қалай қалалық болдық дегенімен, қазақтың кіндігі ауылға байланған. Ел экономикасының күре тамырының бірі де осы ауыл, ауыл шаруашылығы екені даусыз. Өйткені, халқымыздың 43 пайызға жуығы ауылда тұрады. Ендеше, Үкімет ауылдарға қолдау көрсетіп, тыныс-тіршілік тамырына қан жүгіртуі тиіс. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс аз деуге келмейді, ауыз толтырып айтарлық істер баршылық. Мәселен, бұл шараның бәрі 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Нәтижесінде жұмыссыз азаматтардың кәсіппен айналысып, тұрмысын түзеуіне мүмкіндік беретін жобалар іске қосылды.
Қазіргі ауыл халқы дегеніміз кімдер? Олар – көбінесе өздерінің қолындағы азын-аулақ малы мен егістік жерлеріне сүйеніп өмір сүріп жатқан, яғни тек үй шаруашылығымен ғана шұғылданып отырған адамдар. Қазіргі ауыл халқының кем дегенде 70-80 пайызын осындай адамдар тобы құрайтындығы анық. Айта кету керек, осы уақытқа дейін адамдардың бұл топтарына жергілікті билік тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей келді. Бұл адамдардың тіршілік көздерін дамыту ісі осы уақытқа дейін қабылданған ауыл шаруашылығы саласындағы бағдарламалардан тысқары қалып отырды. Неге? Мәселен, олардың қолдарындағы малдарды селекциядан өткізудің, асылдандырудың қиындықтары жетіп артылады. Сонымен қатар, әрбір үйден өнім жинап жүру де оңай емес. Оның үстіне әлемдік тәжірибе бойынша кәсіпкерлік субъектісі ретінде ұйымдаспаған жеке шаруашылықтың болашағынан үміт күту де қиын. Бұдан былай мемлекет нақ осы адамдар тобына көңіл бөлетін болады. Олар да мемлекеттік қолдауға ие бола бастады.
Сонымен, еліміздегі үй шаруашылықтарын дамыту мақсатында мемлекет алғашқы кезекте қандай мәселелерге мән берді? Әлемдік тәжірибедегі мұның ең тиімді тәсілі осындай жеке шаруашылықтардың кооперациясын қалыптастыру және дамыту. Бұл кооперативтерден бірінші кезекте сүт өнімдерін, содан кейін ет өнімдерін жинаудың тиісті схемалары әзірленді. Осыны жүзеге асыру мақсатында сүт қабылдау пункті ашылып, ол тиісті технологиялық құралдармен және сүтті тасымалдайтын көлік түрімен қамтамасыз етіле бастады. Мұның сыртында мемлекет осындай ұйымдасып тірлік құрып, кооперативке біріккендерге сол кооператив арқылы тиісті субсидиялар беруді қолға алды. Қазіргі күні мал шаруашылығында субсидияның 33 түрі бар. Ал бағдарлама аясында осы субсидиялардың 34,5 миллиард теңгені қамтитын 6 түрі қайта қарастырылды. Өйткені, бұл субсидияларды бұрын тек ірі шаруашылықтар алып келген болатын. Мәселен, ет бағытындағы субсидиялардың 60 пайызын 19 ірі мал бордақылау алаңы алатын. Сүт бағытында да осындай жағдай орын алды. Бұл субсидияны алудың бір шарты оны алушының қолында кемінде 400 бас сиыр болу қажет еді. Енді осы талап 100 бас сиырға дейін төмендетілді. Әрине, ауылдағы әрбір үй шаруашылығында 100 бас сиыр бола қоймауы мүмкін. Бірақ 20 адам бірігіп кооператив құратын болса, қолдарындағы мал санын осынша басқа әбден толтыра алады. Міне, олар осылайша мемлекеттің субсидиясына, яғни тегін қолдауына ие болмақшы.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Жандар Омаровтың айтуынша, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында «Сыбаға» несиелік бағдарламаcы жаңартылып, ірі қара немесе ұсақ мал, қажетті техника мен жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік береді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие 14 пайызбен 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі, оның 10 пайызы субсидияланады. Жылдық тиімді үстемесі 4,1 пайыздан басталады. Шетелден асыл тұқымды ірі қара мал әкелуге 70 млн теңгеге дейін, ал жергілікті ұсақ малды сатып алуға 12 млн теңгеге дейін несиелер беріледі. Биылғы жоспар бойынша «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 35 мың бас ірі қара және 131 мыңнан астам ұсақ мал басын сатып алуға қаржы беріліп жатыр» дегенді айтты.
Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Жандар Омаров мал шаруашылығының сүтті бағытын дамытып, ауылдық жерлердегі отбасылық тауарлы сүт фермаларын құру мен кеңейтуді көздейтін «Ырыс» атты бағдарлама да жалғасын тауып жатқанын қаперге салды. «Бұл өнім бойынша 155 млн теңгеге дейін несие беріледі. Мерзімі 12 жылға дейін, сыйақы үстемесі жылына 16 пайызды құрайды, оның 10 пайызы субсидияланады. Жылдық тиімді сыйақы үстемесі – 6,4 пайыздан аспайды. Екі жылға дейін жеңілдік мерзімі тағы бар. Бұл бағыт бойынша да несие алып, жұмыс істеп жатқан шаруашылықтар жетерлік» – дейді ол. Демек, ауылда да кәсіп бастап, нәсібін табамын деген адамға мүмкіндік көп.
Динара Мыңжасарқызы
«Тúrkistan»