Кітапқұмарлар алтыншы рет бас қосты
Кітапқұмарлар алтыншы рет бас қосты
Алматыда қала күні мерекесіне орай өткізілетін дәстүрлі шаралардың бірі – Кітап фестивалі. Биыл да дәстүрден жаңылмаған ұйымдастырушылар алтыншы мәрте қалалық кітапқұмарлардың басын қосты. Жылдан-жылға келушілерінің қатары артып келе жатқан шараның оқырмандарға берері көп.
Биылғы фестивальдің өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Кітап жәрмеңкесі, оқырмандарға қызықты танымдық семинарлар, түрлі баспалардың кітап көрмесінен бөлек, шара қатысушылары танымал авторлармен жүздесіп, ашық әңгіме құруға мүмкіндік алды. Дастан Қадыржанов, Дана Орманбаева, Меруерт Алонсо секілді қаламгерлер келушілерге өздерінің шығармашылықтары туралы баяндады. Ал «Блогерлер шатырында» әлеуметтік желі белсендісі Шыңғыс Мұқан оқырмандармен жүздесіп, оларды қызықтырған сауалдарға жауап берді.
Фестивальға 30-ға жуық кітап баспасы мен кітап дүкендері қатысты. Жібек жолы даңғылында орналасқан алаңда арнайы шатырлар тігіліп, оқырмандар төрт бөлімнен тұратын шараға белсене қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – балалар мен жастар арасында кітап оқу үрдісін насихаттап, оларға техника мен ғаламтор үстемдік құрған заманда да кітаптың рөлін бәсеңдетпеу.
«Кітап оқу деңгейі төмендеп кетті деп жатырмыз. Себебі бүкіл әлемдік әдебиет, танымдық әдебиет қазақ тіліне лек-легімен аударылып жатқан жоқ. Кеңес үкіметі кезінде классикалық туындылар жаппай аударылды, сосын тоқтап қалды. Қазір Елбасының бастамасымен мың, жүз оқулық аударылып жатыр. Мың деп аузыма Құдай бекер салмаған шығар, мыңға жетсін, тіпті одан ассын. Қазақ тілінде сапалы әдебиет кең тараған сайын оның оқылуы да көбейеді деп ойлаймын», – дейді «Мазмұндама» қорының жетекшісі Шыңғыс Мұқан.
Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ