54 жастағы әйелді ит талап өлтірді
54 жастағы әйелді ит талап өлтірді
Таразда 54 жастағы әйелді ит талап өлтірді. Оның денесінің түгі қалмай тістелген. Алған жарақатының ауыр болғаны сонша, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады. Көп қан жоғалтан науқас ауруханада көз жұмды.
Күндізгі сағат бес шамасында көшені басына көтерген әйелдің жан дауысы естілді. Ауылдастары дереу көмекке шақырған үйге қарай тұра жүгірген. Сөйтсе, аулада әйел итке таланып жатыпты. Оны төбелес құмар ірі питбуль тұқымдас ит қапқан.
«Ана бұрышта талап жатты. Содан сүйреп, мына жерге алып келді. Мына араға алып келді. Сол кезде ломмен ұрдым» дейді куәгер.
Бірақ басына темір тисе де, төбет тынышталмаған. Жануар 54 жастағы кісіні сүйреген бойда бақшаның аяғына апарған. Сол жерде оның жұлма-жұлмасын шығарыпты.
Белгілі болғаны итке таланған келіншек бұл үйге қонаққа келген. Үй иесі – оның жалғызбасты туған әкпесі. Мұнда тағы бір ер азамат болған. «Бұлар жиі бас қосып ішімдік ішетін» дейді көршілері. Олардың айтуынша, қайғылы жағдай да сондай көңілді отырыстан кейін болған. Мас болған үй иесінің сіңлісіне араша түсуге шамасы келмепті. Шақырылған полицейлердің де төбетті ажыратуға жүрегі дауаламай тұрып қалған. Тек кейін қосылған тәртіп сақшысының бірі келген бойда жануарға оқ жаудырыпты.
Зардап шеккен әйел шұғыл облыстық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Олардың айтуынша, алған жарақатынан науқас 2 литрге жуық қан жоғалтқан. Соның салдарынан 54 жастағы әйел ауруханада көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, адам өлтірген ит төрт жыл бұрын пайда болыпты. Ылғи бос жүретін қабаған питбуль тұқымы бұған дейін де екі адамға азуын батырған дейді. Ал қазір осы дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.