Жаңалықтар

Қарашада алматылық жастарға жеңілдікпен жалдамалы пәтерлер беріле бастайды

ашық дереккөзі

Қарашада алматылық жастарға жеңілдікпен жалдамалы пәтерлер беріле бастайды

Биылғы жылдың қараша айынан бастап алматылық жастар жалға тұрғын үй ала алады.   Қала әкімшілігінің тұрғын үй саясаты басқармасының мамандарының айтуынша,  29 жасқа дейінгі жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз Алатау ауданына қарасты Көкқайнар және Саялы-2 ықшам ауданында бой көтерген жаңа үйлерден 5 жылға баспана алатын мүмкіндік бар. Бұл бағдарламаның тиімділігі сол, жастар арзан бағаға пәтер жалдап, бес жылда өз баспанасына қаржы жинауға мүмкіндігі болады дейді мамандар. Жоспарға сәйкес бір бөлмелі 249 пәтердің кілті қазан айының соңында табысталады. Өтініш берушілер қалада тіркеуде болуы шарт және баспанасы болмауы тиіс. Құжаттарды қабылдау 23 қыркүйектен басталып, 6 қазанға дейін жалғасады. Айбек Сайділдаев, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы бастығының міндетін атқарушы: – Өтініш берушіге қажетті құжттарды айтар болсам: жеке және неке куәлігінің, сондай-ақ балаларының туу туралы куәлігі мен диплом көшірмесін, жылжымайтын мүлкі жоқтығын, жұмыс істейтіндігін растайтын және соңғы алты ай ішіндегі табысы көрсетілген анықтама алуы қажет. Кірісі 101 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Сонымен қатар банк шотының болуы ескеріледі, ондағы ақшаның соммасы әрі қанша және қалай қаржы салынатындығы да назарға алынады.