Жаңалықтар

Адам зорлағандар өмір бойы түрмеде отыруы мүмкін

ашық дереккөзі

Адам зорлағандар өмір бойы түрмеде отыруы мүмкін

Бала зорлаған қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тиісті заң жобасын әзірлеген Бас прокуратура осындай ұсыныс жасап отыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Құзырлы орган адам ұрлаудан броконьерлікке дейінгі 7 түрлі қылмысқа жазаны күшейтпек. Бұл туралы ведомство басшысының орынбасары Марат Ахметжанов арнайы брифингте айтты. Мәселен зорлық-зомбылық ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылмақ. Енді олар 5 жылдан 8 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Ал 14 жасқа дейінгі балаға сексуалдық қысым көрсеткендерді 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруды ұсынды. Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ : – Сондай-ақ, зорлық жасағандар мен педофильдердің қылмысын жасырып қалған адамдарға да шара қолданылады. Оны енді ауыр қылмыс санатына кіргізуді ұсындық. Ондай заңсыздыққа барғандар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Яғни балаларға арналған мекеме басшылары мен қызметкерлері баланы зорлау фактісін жасырса, жауапқа тартылады. Тура сондай жаза баланың ата-анасына және асыраушысына да қолданылады. Ал сенатор Мұрат Бақтиярұлы зорлық жасағандарды өлім жазасына кесуді ұсынып отыр. Депутат балалар мен әйелдерге зомбылық көрсеткендердің әрекетін аса ауыр қылмыс деп санайды. Тіпті бұл мәселені былтыр бір топ депутатпен көтеріп, ұсыныс та жасаған. Бірақ қолдау таппаған болатын. Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: – Біздегі Қылмыстық кодекс бойынша, өкінішке қарай, бұларға берілетін жаза әлі де болса жеңілдеу. Сондықтан да менің Парламент мүшесі ретінде айтарым, балаға жасалатын ауыр қылмыстарға, әйел, қыз балаларға жасалатын ауыр қылмыстарға біз өлім жазасын беруіміз керек.