"Қоғам" апталығы (12.09.2019)
"Қоғам" апталығы (12.09.2019)
Партия өтініші бойынша Жоғарғы сот өкілдері сотқа жүгінгендерді қабылдады
Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелері талқыланған жиын өтті. Шара «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.
Алқалы жиынға «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері, түрлі қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар және олардың ата-аналары қатысты.
Жиын барысында Бахадыр Нарымбетов мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтіп, партия тарапынан осы бағытта барлық қолдау шараларының жүргізілетініне тоқталды. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында отбасында мүгедек жандарды асырап отырған ата-аналардың жағдайын жақсарту бойынша мәселелер айтылған. Үкіметке оңалту орталығын көбейтуге 58 млрд теңге қаржы берілді. Біздің қоғам шын мәнінде әлеуметтік жағдайға, ашықтық қоғамға бет бұрғанын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда статистикалық мәлімет бойынша, елімізде 80 мыңнан астам бала мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде тіркеліп тұр. Шымкент қаласында мүгедектік қатарында 5920 бала бар. Сол жандарға арналған жаңа оңалту орталықтарын салдыру қажеттілігі туындап отыр. Ол жұмыстарды біз «Nur Otan» партиясы тарапынан бақылауға аламыз. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының мақсаты да сол мүмкіндігі шектеулі жандар мен арнайы көңіл бөлуді талап ететін азаматтарды толыққанды өмірге бейімдеу», – деді ол.
Ал «Сынақ» мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту және оларды әлеуметтік құқықтарын іске асыруын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жетпісбаев мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық орындарға кедергісіз кіріп-шығу мәселесі бойынша сөз қозғады. Ол Шымкент қаласындағы Shymkent Plaza ойын-сауық кешенінің тұрағының ақылы екенін, әуежайда, автовокзалда, көшеде, алаңдарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды таситын көліктерге тұрақтың тегін болуы керек екенін тілге тиек етті. Аталған мәселеге қатысты Бахадыр Мәдәліұлы ойын-сауық, сауда орталығындағы тұрақтарды ақысыз етуді қалалық мәслихаттың фракция мүшелеріне тапсыратынын айтты.
Жиын соңында партиялық жобаның өзекті мәселелеріне талдау жүргізіліп, айтылған барлық ұсынысты жүзеге асыруда қолдау көрсетілетінін айтты.
Үздік әлеуметтік жобалар
Қостанай облысында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. Бұл жиын облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өтті.
Жиын барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы баяндады. «Елбасы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы айтқан еді. Жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық округтердің әлеуметтік ортасын жаңғырту. Осы мақсаттарға 2019 жылы республикалық бюджеттен 30 млрд теңге бөлінген болатын. Жобаны жүзеге асырудың алғашқы жылында ірі елдімекендерге баса назар аударылды. Жобаға бес аудан орталығы қатысады. Атап айтқанда, өңірдегі 548 ауылдың ішінде 41 мыңнан астам адам тұратын Әулиекөл, Қарасу, Боровское, Сарыкөл және Федоров ауылдары осы тізімге еніп отыр», – деді Гүлбарам Мұсағазина.
Алқалы жиында белгілі болғандай, биыл жоба аясында 2,3 млрд теңгеге бағаланған 46 жоба жүзеге асырылады. Бұл – мектептерді, мектеп жанындағы интернаттарды, балабақшаларды, қосымша білім беру ұйымдарын, мәдениет үйлерін, кітапханаларды, стадиондарды, аудандық ауруханалар мен емханаларды күрделі және ағымдағы жөндеу, сондай-ақ кентішілік жолдарды орташа жөндеу сынды жобалар. Жұмыстардың барлығын тамыз айынан қараша айына дейін аяқтау қарастырылып отыр. Бүгінге дейін 15 жоба толығымен тәмамдалған. 31 жоба бойынша жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Селекторлық отырыста Сарыкөл, Қарасу, Меңдіқара аудандары әкімдерінің атқарылған жұмыс барысы туралы есептері тыңдалды. Өңір басшысы Денисов, Қамысты, Қарабалық, Наурызым, Алтынсарин, Бейімбет Майлин және Ұзынкөл аудандарының әкімдеріне бір апта ішінде облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тиісті нысаналы іс-шараларға және 2020 жылға жоспарланған жобаларға арналған құжаттаманы әзірлеп, тапсыруды жүктеді.
Жастар бас қосқан жиын
Солтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» пилоттық жобасы бойынша 600 адам кәсіпкерлік негізімен танысуға мүмкіндік алды. Шара соңында олар бизнес-жобаларын қорғап, идеяларын ортаға салды. Жобаларын сәтті қорғаған курсанттар 200 АЕК мөлшерінде грант алу үшін өтініш бере алады.
Петропавл қаласының тұрғыны Григорий Родионов болашақта металл бұйымдарын жасауға ниетті. Ол өз ісін ашуды жоспарлап отыр. Грант ұтып алған жағдайда ақшаны қондырғы сатып алуға жұмсайды. 28 жастағы Қайрат Жұмади Петропавлда емдеу-оңалту орталығын ашпақшы. Ойын жүзеге асыру үшін гранттан бөлек несие алмақ. «Қазір буыны сырқырап, омыртқа жотасы ауыратындар өте көп. Қалада арнайы тренажерлары бар орталық санаулы ғана. Сондықтан менің емдеу-оңалту орталығыма сұраныстың жоғары болатынына сенімдімін. Медициналық білімім бар. Енді арнайы тренажерларды сатып алу қажет. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы көптен бері армандаған жұмысымды жүзеге асырмақшымын», – дейді Қайрат Жұмади.
Солтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша екі лекте 600 адам білім алды. Олардың 70-іне алғашқы гранттар – 200 АЕК немесе 505 мың теңге бөлінді. Қалғандарының өтініші айдың соңына дейін қаралады.
Айта кетейік, «Жас кәсіпкер» жобасында оқытудың құрамдас бөліктері қамтылып, әр стартапты танымал бизнес-тренердің жеке сүйемелдеуі қарастырылған. Осы жоба арқылы жастар іскерлік бойынша жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, өздерінің жеке кәсібін аша алады. Жобаға қатысқан жастар бизнес ашуға алғашқы капитал ретінде грант немесе жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік алады.