Елге аянбай еңбек ететін уақыт келді
Елге аянбай еңбек ететін уақыт келді
Мемлекет басшысы келешекке сеніммен қарышты қадам бастыратын жаңа бастама ұсынды. Еңбек өнімділігін арттыра отырып, әлемдік сұраныстағы жаңа нарықтарға шығу, экспортты толықтыру, экономикалық тұрақтылық пен жаңа жұмыс көздерін ашу, қолда бар қаражатты үнемдеп, халық игілігіне жұмсау, қазынаны мейлінше жауапкершілікпен жұмсау да маңызды бағыттар ретінде айтылды. Еңбек нарығын жаңғырту арқылы мемлекеттік – жекеменшік басқару құрылымын қолдау жолға қойылса, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік салалардың қарқынды дамуы сынды өзекті мәселелердің шешімін табатындығын тілге тиек етті. Нақтыланған бағдарламалар шеңберінде әр өңірде кәсібін нәсіпке айналдырар салықтық жеңілдіктер халық әлеуетін көтерері хақ. Барлық өңірдегі бос жұмыс орындары көрсетілген бірыңғай онлайн платформа-жүйелілігі айқындалған ашық қоғамның көрінісі.
Өркениет көшіндегі елдер үшін «еңбек» пен «білім» ұғымдары – бір-бірінен ажырағысыз құндылықтар. Ашығын айту керек, Жолдауда басымдыққа ие болған адами капиталдың сапалық өсуі бойынша мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ұшан-теңіз. Оған баршамыз да күнделікті өмірде куә болып жүрміз.
Десек те, атқарылар шаруа да көп.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа жолдаған жолдауының төртінші тармағы «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бағыты болды. Онда мектеп қабырғасынан бастап, маман болып еңбекке араласу уақытындағы кезеңдердегі кемшіліктер мен олардың шешілуі түйінделді. Жыл сайын білім сапасының солқылдақтығы, мамандықты айқындамау, кәсіби бағыт-бағдардың төмендігінен 21 мыңға жуық мектеп түлегі замана көшіне ілесе алмай жатады екен. Оның басты себептерінің бірі «Мамандар дайындаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған», – деді Президент. Оқу орны түлектерінің де жұмысқа орналаса алмауының бір тармағы осында жатыр. Өңірлердегі маман қажеттілігі сараланбай, оқу орындарына мыңдаған нәтижесіз гранттардың бөлінісі осының айғағы. Бұл бағытта да жауапты министрлікке нақты міндет жүктелді. Ауыл мен қала арасында айырмашылықты болдырмау, білім сапасын теңестіруі де күн тәртібіндегі келелі мәселе. Сол бағытта сапалы білім, жауапты ұстаздың санын ауылда арттыру мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасын ізгілендіріп, бюджеттен 20 миллард теңге бөлінуі сөздің нәтижесі.
Нарық заманында кәсіп ашам деген әр жанға ел еңсесін тіктегелі нәсібі де беріліп келеді. Шағын несиемен өз ісін дөңгелетіп отырған тұрғын аз емес. Шалғай ауылдар мен аудандардағы көп адам нәпақасына осылай күндерін көріп отыр. Президент көтерген бастамадағы бір бөлім – кәсіп ашамын деген әр жанға қолдау беріп, салықтан босату.
Сайып келгенде елдің әлеуеті мен әлеуметтік жағдайына зор бастама берілді.
Орайы келген орамды ойдың бірі – тұрғын-үй жайы. Отбасының аяқтан тұрып , көшпен бірге көсіле жүруінің негізі тұсы – пәтер жағдайы. Тұрғын үйге сұраныс та, салмақ та азаймай тұрғаны анық. Аз табыс, түсім мардымсыздығы көп еңсені көтерте алмай жатыр. Осы тұрғыдан «үйім болсын» деген көп жанның үмітіне от жаққан бастаманың бірі – зейнетақы қорының бір бөлігін пайдалы іске жұмсау. Үкімет жыл аяғына дейін аталмыш мәселені жан-жақты зерделері хақ.
Түмен ойдың түйіні бар. Негізгі қағидасы нәпақаны еңбектен ғана іздеуге, басты орынға әділдік пен адалдық, сапа ұғымдарын қоюға шақыратын бұл Жолдауда қамтылмай қалған сала жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының алға қойған биік мақсаттарды бірлесе жүзеге асыру – біздің еншіміздегі мерейлі міндет әрі азаматтық парызымыз.
Бақытгүл ХАМЕНОВА
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшесі.