Ілияс жолымен Мәскеуге
Ілияс жолымен Мәскеуге
Ілияс Жансүгіровтің әдеби-ғылыми мұрасын түгендеу, беймәлім шығармаларын жинастыру, ғұмырнамасын жаңа көзқараспен жазу мақсатында жүзеге асқан «Ілияс ізімен» халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция Ресей бағытындағы өз жұмысын бастап кетті.
Дауылпаз ақынның 125 жылдық мерейтойы аясында Мәскеу, Петербор қалаларына жолға шыққан филология ғылымдарының докторы, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-нің профессоры, ілиястанушы Мұратбек Иманғазинов, журналист-жазушы Гүлжан Тұрсын, Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіровтің әдеби музейінің ғылыми қызметкері Салтанат Төлегенова, «Достық үйі» мекемесінің директоры, белгілі қоғам қайраткері Тәңірберген Қасымберкебаев және тағы басқа азаматтар бас қосқан ғылыми керуенді ақын, өлкетанушы, ҚХА Алматы облысындағы өкілдігі төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай бастап келеді.
Құлагер ақын 1925 – 1928 жылдары Мәскеудегі Мемлекеттік Журналистика институтында білім алған тұңғыш қазақ. Ілекең осы институттан «журналист» мамандығы дипломын алып, түркі халықтары арасынан кәсіби журналист атанған бірегей. Журналистика институтының тарихы сонау 1918-1919 жылдардан басталады. Алғашқы жылдарында Қызыл Журналистика институты ретінде ашылған оқу орнының атауы әр жылдары Мәскеу Журналистика институты, сосын Коммунистік Журналистика институты, кейіннен Халықтық Журналистика институты сияқты болып өзгеріп тұрған. Ілекең оқыған жылдары ГИЖ (Государственный институт журналистики) атанған еді. Жетісу топырағында дүниеге келген сырбаз талант бірінші әкесі Жансүгір Берсүгірұлының тәрбиесінен білім алған. 1910 -1911 жылдары Маманұлы Тұрысбек қажы ашқан Сүттігендегі Қасен молдадан сауаттылығын жетілдіреді. Осы жылдардың бірнеше айын Қарағаштағы «Мамания» мектебінде өткізген. Бұл мектепте сол жылдары Мұстақым Малдыбайұлы, әнші Майра Уәлиқызы, үлкен оқымысты Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды мұғалімдер дәріс беретін. Қазақ сахарасының әр қиырынан Жетісуға білім дәнегін себу үшін келген, жеті жұрттың тілін меңгерген, ғибраты мол сауатты оқығандардың тағылымды дәрісі Ілиястай оқуға ынтық баланың қиялына қанат бітіреді. Бірақ тұрмыс тауқыметі Ілиястың ары қарай жүйелі білім алуына тосқауыл болды. Осы мектепте оқып жүргенінде болашақ эпик ақын заңгер Барлыбек Сырттанұлын, Отыншы Әлжанұлын, Көлбай Тоғысұлын көрген, әңгімелерін естіген. Маман қажы ауылына атақты Әсет (Әсет Найманбаев) келгенде, өз заманының сал-серісі болған ақын әрі әншінің тізесінде отырып, өлеңін тыңдап, айтысына құныққан еді.
Дүниенің астаң-кестеңі шығып, патша тақтан құлаған соң, Ілиястың жолы ашылды. Әуелі Алматы, содан кейін Ташкент қалаларында білім алып, арасында еліне барып, Белтоғандағы мектепте мұғалім болып, қызметке араласты. Абайдың тұңғыш кітабын тауып, оны жата-жастана оқыған соң, ақындық шабыты оянып, шын өлеңнің құдіретін сезініп, шығармашылық ісіне ден қояды. Жүйелі алмаған біліміне қанағаттанбаған ақын Мәскеуге келеді. Мәскеудің саяси һәм рухани-мәдени элитасымен қоян-қолтық араласып, тығыз шығармашылық қарым-қатынас орната бастайды. Ілиястың орыс достары өте көп еді. Мәскеудің түрлі кабактарында сыра ішіп, өлең оқитын сол заманнан аты шыққан ақындарының жыр кештеріне, поэтикалық дуэлдеріне барып жүрген. Мәселен, В. Мояковский, М. Светлов, В. Луганский, Д. Бедный, Э. Багрицкийлармен жақын таныс-біліс болғанын ақын туралы жазылған көзкөрген замандастарының естелігінен кездестіруге болады.
Мәскеуге Ілиястай мол мұра қалдырған сан қырлы таланттың шығармаларын түгендеу қамымен келген соң, оның өмір жолына, қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени қызметіне қатысты тарихи нысандарды аралауды міндет деп санадық. Сапар барысында ақынның өзі жақсы көріп, жиі-жиі саяхаттаған Кремль кешеніне, Москва өзенінің жағалауына, оның сүйікті ағасы, қамқор досы болған жазушы Максим Горькийдің музей-үйіне бардық. Баяғыдағы ГИЖ бүгінде М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрамындағы журналистика факультеті ретінде өз жұмысын жалғастырып отыр екен. 1930 жылы ММУ-нің құрамына енген. Біз сол тарихи ғимаратқа барып, бүгінгі ахуалымен таныстық. Бірақ, біз 7 қыркүйек әрі сенбі, әрі қала күні келген соң, нысанның ішіне кіріп, аудиторияларын көре алмадық.
8 қыркүйек күні Новодевичье зиратына бардық. Бұл зиратта 36 мыңнан астам марқұм жерленген екен. Небір ығай мен сығай мәңгілік тыныс тапқан жерде қазақ руханиятының жанашыры болған, ұлы дала халқының музыкалық мұрасын зерттеген, ән мен күйін нотаға түсірген композитор, Қазақ ССР-нің Халық әртісі Александр Затаевич те жерленген. А. Затаевичтің қазақ даласына келіп, ән-күйді хатқа түсіруіне себепкер болған Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров болатын. Мыңнан астам сан ғасырлық музыкалық мұраны хатқа түсіріп, сақтап қалған өнертанушының рухына тағзым етіп, қабіріне бардық. Қабір басын арамшөп басып, қараусыз-ақ қалған екен. Биыл бұл тұлғаның 150 жылдық мерейтойы еді. Оның тойы Қазақстанның көптеген кітапханаларында аталып та өтті. Оның мерейтойы Мәдениет және спорт министрлігінің атаулы оқиғалар жылнамасына енген-ді. Бірақ, Ресей бұл кісіні ұмытса керек. Ұлты басқа болса да бөтен халықтың өміріне өзінің саналы ғұмырын арнап, сол халықтың игілігі үшін қызмет ететін адамдар болады. Затаевич сол санатқа жататын азамат. Ілияс А. Затаевичпен танысқанда оған Жетісу өңірінің халықтық дәстүрлі музыкасы туралы мәлімет айтып, ескі заманнан жеткен музыкалық мұраларды домбырада ойнап та көрсеткен. Индустрия, нанотехнология дамымаған заманда табанынан тозып, ат терлетіп, сайын даланы аралаған өнер зерттеушісі еңбегіне ақы-пұл сұрамай, қазақтың келешегі үшін қажыр-қайратын жұмсаған. Оның сондай көл-көсір еңбегін ескеріп, руханиятымызға қосқан мол мұраны бағалап қараусыз қалған бейітінің шөбін жұлып, жан-жағын тазаладық. Гүл шоқтарын қойып, ел атынан басымызды иіп, құрмет көрсеттік. Сұлтанмахмұт Торайғыр «Бір халықтың әні өлсе, әдебиеті жетім қалады» деген екен. Ғасырдан ғасырға әуен боп жеткен сырлы сазды хатқа түсіріп, болашақ үшін нотасын жазуға идея беріп, жол көрсеткен Сәкен еді. Ол кезде Сәкен ағамыз Қазақ үкіметін басқарған 28 жастағы жігіт екен. Біз қазір сол Сәкеннің жасына келдік. Ал, менің замандастарым елі үшін не істеді деп ойланып қаласың. Сәкен, Ілияс сияқты қазақтың өрімдей жігіттері елі үшін, ұлт мәдениеті үшін орасан зор еңбек етті, өздері істей алмайтын салаға соның қыр-сырын білетін өзге ұлт өкілдерін шақырып, істетті. Фольклорлық мұраға жанашыр бола білді.
Н. Хрущев бастаған кіл советтік биліктің басшылары, саяси интеллигенция жерленген жерде қазақтың Зейнептей қызының бейіті де бар. Зейнеп деген – Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның қызы, Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың жары болған атақты совет ғалымы, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Сонау 1935 – 1939 жылдар аралығында түсік тастаудың (аборт) проблемасын түбегейлі зерттеп, демографияға, туу көрсеткішіне қаупінің зор екенін айтып, алапат жаңалық ашқан жаңашыл ғалым еді. Бірақ сол кезеңдері ресми бағаланбай, ашқан теориялық жаңалығы мойындалмай қалған-ды. Енді, міне арада сексен жылдан астам уақыт өткенде, Ресей ғалымдары оның монографиялық еңбегін бағалап, №1 оқулық ретінде студенттерге оқытып жатыр. Мәскеудегі Жоғары медицина академиясында тұлғаның атындағы аудитория, лаборатория ашылыпты. Элизаветаның қадірін енді ғана түсінген екен. Өкінішті-ақ! Тірі күнінде «Халық жауының ұрпағы», «Халық жауының әйелі» ретінде азап шекті. Жалғыз ұлы Ескендір соғыс басталған сәтте-ақ майданға кетіп, 17 жасында қаза тапқан. Әкесінен, жолдасынан, ұлынан тірідей айырылып, өмірден өксіп өтті. Советтік шовинистік биліктің кесірінен. Экспедиция мүшелері қайраткер апамыздың рухына бас иіп, құран оқып, дұға еттік.
Тұтас Қазақстан халқының санындай тұрғыны бар Мәскеу (18 миллионнан астам) бүгінде туристердің ордасына айналған. Ескі заманның сарқытындай сақталған қаланың көркі түрлі тарихи кезеңнің куәгері ретінде ыстық. Сонау патшалық дәуірден бергі екі-үш ғасырлық ғимараттардың қай-қайсысы да сол реңін бұзбай, сол ескі қалпында тұр екен. Турист біткен сол ескі ғимараттарды аралап, тамсанып жүр. Негізінде, әлем халқына жарқыраған ала-құла ғимараттар емес, ескілікті көрсететін ғимараттар, тарихи орындар қызық екен. Мәскеудің әр бұрышы, әр көшесі, әр бульвары әдебиет пен өнер, тарих дерсің тегі. Музей, кітапхана, театр, шіркеу дегендер қадам басқан сайын алдыңнан шығады. Өркениет ошағы, мәдениет қаласы.
Қазіргі кезде экспедицияның ғылыми құрамы Ресей Мемлекеттік кітапханасының сирек қолжазбалар мен кітаптар қоры бөлімінде белсенді жұмыс істеп жатыр. Ілияс Жансүгірұлының бірқатар жарияланбаған, ғылыми айналымға түспеген мұраларын тауып та отыр. Бұл – әрине зерттеуді, талдауды, сараптауды қажетсінетін ұзақ ғылыми жұмыс процесі. Десек те орасан зор жаңалық деп те сүйіншілеуге болады. Алдымыздағы бекет – Петербор қаласы. Ілекеңнің отбасымен жиі-жиі саяхаттап келген сүйікті қаласы болатын. Біз бұл қаладағы Орталық мемлекеттік тарих архивінің, Ресей Ұлттық кітапханасының және Всеволод Рождентвенсикйдің музей қорымен жұмыс істейміз деп жоспарлап отырмыз. Бәлкім, ол жақтан да жаңа деректер табылып қалар.
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
әдебиеттанушы,
«Ілияс ізімен» экспедициясының мүшесі
Мәскеу қаласы