Қаламгерлерден қандай сөз күтіп едік?

Қаламгерлерден қандай сөз күтіп едік?

Қаламгерлерден қандай сөз күтіп едік?
ашық дереккөзі
Әлемде мемлекеттер арасында күн сайын бас­қосулар болып жа­тады. Олардың көбі, әрине, саяси-экономикалық мәнде. Сол сияқ­ты мәдени шаралар да аз емес. Ал бірақ әдеби басқосулар, түрлі елдердің қалам­гер­лері жиы­лып, бір елде көркем сөз ту­ралы келелі кеңес өткізуі – жиі болмайтын нәрсе. Несін жасырамыз, әдебиет те қашаннан құрлыққа бөлінеді. Бір кезде Шығыстың әйгілі Жеті жұлдызын (Жәми, Сағди, Фир­доуси, Низами, Рудаки, Фи­зули, Науаи) пір тұтқан еуропалық әдебиет бүгінде сол шы­ғыс­тық қалам­гер­лерге мұрнын шүйіре қарайды. Сондықтан болар, дүниежүзілік әдебиеттің ең беделді сыйлығы – Нобель сыйлығын алған­дардың түгелге жуығы еу­ро­палық елдер­дің қалам­герлері. Демек, еу­ропалық тіл­дер­де жа­зылған әдеби шы­ғар­малардың әлемге та­нылып, лайықты ба­ғасын алуы – өзге құр­лықтағыларға қа­рағанда жолы болғыш, жағдайы жақсы. Бірақ жағдай солай екен деп аузын қу шөппен сүртіп отырған азиялықтар мен африкалықтар жоқ, олар да әлем назарын өздеріне бұру үшін, өздері жасаған әде­биет­тің озық үлгілерін насихаттаудың жол­да­рын іздестіріп, түрлі ұйымдар құрды. Соның бірегейі – Азия және Афри­ка елдері жазу­шыларының конферен­ция­лары. Екі құрлық елдері жазушыларының басын қосатын бұл халықаралық әдеби жиын 1956 жылы 23-28 желтоқсанда Делиде өткен Үндістан жазу­шы­лары мен Азия елдері жазушы­ларының конферен­ция­сынан басталған еді. Сол жиында қатысқан Кеңес Одағы делегациясы Азия және Африка елдері жазушыларының кон­фе­рен­циясын өткізіп тұруды ұсынып, содан кейін ол Азия мен Африка елдері жазушыларының конференциясы деген атпен Өзбекстанда (Ташкент, 1958 ж) Египетте (Каир, 1962 ж), Ливанда (Бейрут, 1967 ж), Үндістанда (Дели, 1970 ж), Қазақ­станда (Алматы,1973 ж), Анголада (Луанда, 1974 ж), тағы да Өзбекстанда (Ташкент, 1983 ж), Тунисте (1988) өтті. Міне осыдан кейін аталған конфе­рен­цияны өткізу тоқтап қалды.  Ал бұл, яғни, бір кезде орныққан байла­ныс­тардың үзілуі – қос құрлық әдебиеті үшін де, қа­ламгерлері үшін де үлкен жоғалту еді. Сон­дықтан оны қалпына келтіру үшін Қазақстан мемлекеті бі­рін­ші болып бас­тама көтеріп, Азия елдері қа­ламгерлерінің І форумын өткізуге шешім қабылдады. Қазақстан Жазушылар одағы  ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәде­ниет және спорт министрлігінің қол­дауы­мен 2019  жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткізген жиында Азия құрлығында орналасқан елдердің өзара әдеби-мәдени байланыстарын ны­ғайту, сондай-ақ, азиялық әдебиеттің үз­дік үлгілерін насихаттау, әлемдік әдеби үдеріс дамуындағы Азия елдері әде­бие­тінің орнын көрсету секілді бағытта жұ­мыс жүргізу көзделді. Форумда түрлі та­қы­рыпта баяндамалар жасалып, дис­кус­сиялар болды. Шыны керек, мұндай халықаралық мә­ні бар жиынға келгендер өздерінің ин­тел­лектуалдық дәрежесін, елінің әде­бие­тінің қуаты қандай екенін таны­туға күш салады. Соған сай сөздерінің де мән-мағынасын екшеп, арзан сөй­ле­меуге ты­ры­сады. Оны жиын барысында сөйлеген қаламгерлердің сөздерінен байқап отыр­мыз. Бұл жағынан алғанда өзге елдерден кел­ген жазушылардың айт­қандарында ой салатын пікірлер бар. Қарап көрейік: Ко ЫН, ақын, (Оңтүстік Корея): – Ең алғаш Азия өркениеті скиф­тер­ден бастау алды. Кейін ол Қара теңіз ар­қы­лы бүкіл әлемге тарады. Азия қай­тадан түлеп, бастамаларын жаңа нүктеден бас­тау керек деген ойлар да айтылады. Ме­нің­ше, әр­қай­сымыз еркін  болуымыз керек. Батысқа бағдар ретінде қараудан бас тар­туымыз қа­жет. Тіпті, кей жағдайда Азия әдебиеті Еуропа әдебиетін жа­сар­т­ты, тың леп қосты. Юсеф ӘЛ-МОХАЙМИД, жазушы, (Сауд Арабиясы): – Дін мен әдебиетті бір-біріне қарсы қою – көнеден келе жатқан қасірет... Әде­биет – діннен азат, толерантты құндылық.  Бейбітшіліктің жалғыз кілті – әдебиетте. Мұхаммед Хаджи САЛЛЕХ, жазушы, (Малайзия): – Біз өмір сүріп жатқан әлемде қақ­тығыстар мен соғыстар жиіледі. Дәл осындай жағдайда жазушылардың негізгі рөлі – халықты тыныштандыру, жұба­ту. Бұл шығармашылық тұрғыда өте күрделі процесс. Біз, жазушылар, әдебиет­тің маңызды екенін әлемге түсіндіруіміз керек. Бірақ, өкінішке қарай, қазір әдеби тілді ғылым тілі ығыстырып барады... Анатолий КИМ, жазушы, драматург (Ресей): – ...Азиялық жазушылар да еуропалық қаламгерлер сияқты ортақ құнды­лық­тар негізінде жаңа сатыларға көте­рі­леді, көтерілуі керек. Әйтпесе, еуропалық әде­биетке Азия қаламгерлері қатты кірігіп барады... Азия жазушыларының І форумының мінберінен сөйлеген қаламгерлердің ықшамдалып алынған бұл сөздерінен олардың құрлық әдебиеті туралы қандай жоғары пікірде екенін және бұл аймақ­тағы әдебиетте қандай проблемалардың бар екенін білетінін байқауға болады. Ал біздің қаламгерлер не деді, қазақ әдебиеті туралы не айтты, қандай жетістігімізді паш етті? Форум басталғаннан-ақ оған қатыс­қан көптеген қаламгерлер біздің әдебие­ті­міздің ақсақалдары саналатын тұлға­лар­дың сөйлеген сөздерін әлеуметтік желіден таратып отырды. Өкініштісі сол, форумда қазақ жазушылары өздерінің абырой-атағына сай сөйлемеген секілді. Мәселен, сөз арасында біздің аты шетелге танымал, көрнекті де ақсақал ақында­ры­мыздың бірі Олжас Сүлейменов былай депті: – Кейінгі 20-30 жылдың шегінде өн­діріп жазып жүр­­ген жазушы – Сәбит Досанов. Бір күні Сәбит маған келіп, ақша алып кетті. Сөйтіп, кітап­та­рын бас­тыр­ды. Сол Сәбит Елбасымен құ­дандалы болып, жазу­шы­мыздың жолы бұрынғыдан да кең ашылды. Күнде жазатын жа­зушы үзбей кі­та­бын шығаруға құлшына кірісіп кетті. Бірақ... қалған 799 жазушы қайтеді. Қайтіп күн көріп, жазудан жан рахатын танып, жайлы тұрмыс кешпек? Олардың бәрінде ондай мүмкіндік жоқ қой... Әрине, Олжекеңнің бұл сөзін біздегі әдеби саладағы пысықайлықтың қандай екенін көрсету үшін, қаламгерлердің шығармашылық ғұмырының қиындығын көрсету үшін айтқан шығар. Бірақ ха­лық­аралық үлкен жиында өз ішімізде айтылуға тиісті ұсақ-түйектерді мәртебелі мінбеден айтудың не қажеті болды екен деген ойға қалдық. Мұндай үлкен жиында сөйлеген әрбір адамның сөзінің есебі бар, себебі сенің сөй­леген сөзіңе қарап, сырттан келгендер сен туралы, елің туралы жағымды не жа­ғым­сыз әсер алады. Өз құлағымен естіген сөзге қарап баға береді. Сондықтан ха­лық­аралық дау тудыруы ықтимал пікір­лерге келгенде аса сақ болу керек. Ал бізд­ің көрнекті жазушымыздың бірі Қабдеш Жұма­діл­ов не деді? Мен әдебиет пен тарихты бөл­мей­мін. Бізде жалған концепция бар. Оған тарихшылар, саясаттанушылар кі­­нәлі. Оған империялық саясаттың қа­тысы бар. Біз соған қарсы кү­рес­педік. Ол өтірік не? Шыңғыс хан түрік пе, моңғол ма? Осы мәселе әлі күнге ай­ты­лып келеді. Моң­ғол­дарға рақ­мет. Өйт­ке­ні Шың­ғыс хан жау­ыз дегенде біз одан безіп шықтық. Олар ұзақ жылдар оны иеленді. Бір өтірік мың өтірікті туғызады. Өті­рікті арқалап жүріп, қалай шы­дай­мыз. Қала­мымызды шыңдайтын күш – шын­дық. Бұл бәрімізге ортақ нәрсе. Бә­ріңіз шын­дықты айту үшін қалам ұстап жүр­сіздер. Бүкіл Азияны жай­лаған, Еу­ропаны билеген Шыңғыс ханды моңғол де­мейік. Кейінгі ұр­паққа та­рих­ты та­за күйінде өт­кізейік. Бұ­рын­ғы им­периялық сая­сат­­тың кем­ші­лігін тү­зейік. Осы шын­дықты қалып­тас­тыруға көмек­те­сейік. Біздің қазақ­тың сөзін бі­реу тыңдаса, біреу тың­да­майды. Қа­зір түріктерден қауіп­те­нетін ештеңе жоқ. Қазір біз өз баба­мызды қай­тарып алуы­мыз керек. Оның ұрпақ­тары, тө­релер бәрі Қазақ­станда. Осы күн­ге дейін Шыңғыс ханды иемденіп келген моң­ғолдарға рақмет, – депті Қабдеш ағамыз. Жасыратын несі бар, Шыңғыс ханды қазақ деп санау, оны қазаққа қайтарып алу керек деген пікірлер бізде жоқ емес. Бірақ ол әлі тарихи шындық ретінде мойын­далмаған, көбіне-көп әлеуметтік желілерде пікірталастарға тиек болып жүрген. Ал енді соны халықаралық фо­рум­да әңгіме етуге бола ма? Арнайы әң­гіме етпек түгілі, пікір білдірудің өзі ар­тық тақырып емес пе? Ал бізде қалам­гер­дің сол бір орынсыз қылығын батырлық санап жүргендер бар арамызда. Нәтижесі не болды, осы сөзді естіп отырған монғол қаламгері Гун Аюрзана үлкен кісіге ренжіп, залдан шығып кетті. Сол ма еді керегі? Кейін Аюрзана ол жайында «Ол кәрі адам. Тарихты дұрыс оқымаған. Білмейді. Мен не деймін оған?! Шыңғыс хан туралы айтқаны ашуыма тигені рас. Бірақ оған қазір мен пікір білдірсем, оның білместіктен айтқан сөзін жүрегіме жа­қын алған боп қаламын. Оның маған керегі жоқ», – депті... Сол секілді белгілі жазушы Дулат Иса­бековтің: «Бүгінгі форум бізге ештеңе бер­мейді. Осы форумда кешелі бері тыңдап отырмын. Әлемдік мәселе көтерілмеді. Менің қалай жазатыным кімге қызық? Си­рияда не боп жатыр? Соларды неге айтпаймыз? Батыста жарылыс болса, бәріміз қайғырамыз. Мұсылмандар қы­ры­лып жатқанда неге үндемейміз? Оданша мен соны  айтайын» – деп әдеби жиында сая­сат соғып кетуі, көрнекті ақынымыз Мұхтар Шаха­нов­тың бұрында та­лай жер­де оқыған «Ыр­бигүл мен Жыр­­­бибай» де­ген өлеңі­н оқып, «Өкі­нішке қа­рай, бұлар біздің қоғам­да қап­тап кет­­ті. Оған өзіміз кінәліміз. Әр кезең басымыздан өтті. Осыдан отыз жыл бұрын қазақ тілін мем­лекеттік тіл жасаған мен едім», – деп әдебиет­ке қатысы аз әңгімеге ден қойып кетуі жиын­ға қатысқан өзге елдік қаламгерлерге қолайсыз әсер еткені анық. Тіпті, Жапо­ния­дан келген Хаясака Такаши біздің ақса­қалдардың сөзінен соң, баян­да­ма жасаудан бас тартыпты... Шынына келгенде, жиынды өткізіп отырған мемлекет бірнеше елдің қалам­гер­лерінің басын қосып, сол арқылы қа­зақ қаламгерлерін, қазақ әдебиетін таны­туды көздегені анық. Ал сол әдебиеттің туы деп жүрген кісілеріміздің мәртебелі мінбеден айтқаны әдебиетіміздің ұлы­лы­ғын танытатын мәліметтер емес, әлгіндей бала-шағаның әңгімесі болса, кімге өк­пелейміз? Бізде мықты әдебиет, тұлғалы қалам­герлер бар деп кімді сендіреміз осыдан кейін? Әрине, қазақ әдебиетіне еңбегі сіңген қаламгерлердің талантына күмән келтіру ойымызда жоқ, бірақ керек жерінде керек сөзді айтпаған ақсақалдарымызды көп көңілін қалдырғаны күмәнсіз. (Біз бұл пі­кірді өзгелер мен өзіміздікілердің фо­рум­да айтқан сөздерін салыстырып қа­рап, салмағын бағамдап отырып айтып отырмыз). Енді бір мәселе, форумды өткізу жайы туралы. Әрине, мұндай халықаралық жиын өткізу өзінен-өзі бола қоймайды ғой, оған өте қомақты қаражат керек екені белгілі. Қазірде Азияның 35 елінен 80 қаламгер келіп қатысқан аталмыш форумды өт­кізуге 281 миллион теңге қаржы бөлінгені белгілі болып жатыр. Енді сол қаражат қайда жұмсалды, жұмсалған қаражат өзін-өзі ақтай ма деген секілді әңгімелер, әсіресе, facebook секілді әлеуметтік желі­лер­де қызу талқылануда. Белгілі бір жайт: қай мемлекет болса да елдің имиджі үшін ақша шығындамай тұрмайды. Ал елдің әдебиетін таныту үшін жұмсалған қара­жат көктемде егіп, күзде өнім алы­на­тын тұқым емес. Десек те, бір нәрсе бар, белгілі бір мақсатта жұмсалған ақшаның қайта­ры­мы болуы үшін жасалған жоба ба­рынша әділетті болуы тиіс. Мәселен, Азия жазушыларының бірінші форумын өткі­зіп отырған ел өзінің әдебиетін жеткілікті на­сихаттай алды ма? Қазақстан Жазу­шы­лар одағының форумға дайындығы ой­да­ғыдай болды ма? Әдебиетіміздің даму про­­цесінде орны бар шығармаларын жар­қыратып көрсетіп, лайықты танытты ма? Фо­румға келген азиялық қалам­гер­лерге қа­зақ әдебиетінің көрнекті тұлға­ла­ры жақсы жағынан әсер етіп, ұлттық әдебие­ті­міздің мықтылығын мойындата алды ма? Біздіңше, осы сұрақтарға жауап табу қиын-ау...