Жыл соңына дейін 5 айтыс өтеді
Жыл соңына дейін 5 айтыс өтеді
Айтыс – қасиетті өнер. Елдің рухын көтеріп, еңсесін тіктейтін киелі өнер қазақпен бірге тең жасап келеді. Ал сөз маржанын терген қадірлі өнерге билік партиясының көңіл бөлуі құптарлық жайт.
«Nur Otan» партиясы, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» және «Qazaqstan» республикалық Телерадиокорпорациясы арасында айтыс өнерін дамыту және насихаттау бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандумның мақсаты – ұлтымыздың ұлы мұрасын, озық дәстүрлері мен мәдени қазынасын түгендеуге, соның ішінде ежелгі халық өнері – айтысты заманға сай түлетіп, халық арасында насихаттау.
Тараптардың келісіміне сәйкес, алдағы айтыстардың барлығы «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағымен» ұйымдастырылып, «Nur Otan» партиясының тікелей демеушілік қолдауымен өткізіледі. Ал айтысты түсіру, көрсету, трансляциялау үшін «Qazaqstan» Республикалық Телерадиокорпорациясы айрықша құқыққа ие болды.
Таяу күндері бірлескен жұмыстардың аясында «Nur Otan» партиясының қолдауымен Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқа арасын дүбірлі думанға бөлейтін Айтыс аламаны басталады. Атап айтқанда, жыл соңына дейін «Жыр жұлдызы Фариза» атты белгілі ақын Ф. Оңғарсынованың 80 жылдығына орай айтыс, сыршыл суреткер жазушы С.Сейфуллиннің 125 жылдығына орай халықаралық айтыс, «Отан – отбасынан басталады» атты отбасылар айтысы, «Береке бірлігіңде, Елім» атты ақындар айтысы және «Алтын домбыра» жылдық қорытынды айтысы өтеді.
Айтыс қызыл сөзден қырман жасау емес, бейнелі тіл, терең ой, астарлы сөз. Оның құдыреті де сонда. Қас-қағым сәтте қиыннан қиыстырып, өнер төгу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Сондықтан көзіқарақты, көкірегі ояу халық, ең алдымен, айтысты өнер ретінде қабылдап, оның осы ерекшелігін жоғары бағалаған. Және айтыста ақиқат көп айтылады. Ақын халықтың көкейіндегі сөзді дөп айтып, билікке жеткізеді. Сол арқылы сөз салмағына тыңдарманның ықыласы ауады.
Қазақ халқының ғана маңдайына біткен айтыс өнерінің соңғы жылдары шырқау биікке көтерілгені белгілі. Ал төл өнерді дәріптеп, насихаттауға билік партиясының атсалысуы көпті қуантып отыр.