МӘМС: 2020 жылдан бастап жаңа жүйе ойдағыдай жүзеге асады

МӘМС: 2020 жылдан бастап жаңа жүйе ойдағыдай жүзеге асады

МӘМС: 2020 жылдан бастап жаңа жүйе ойдағыдай жүзеге асады
ашық дереккөзі
Жаңа жылдан бастап емханалар мен ауруханалардағы қызмет көрсету бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізіледі. Алайда, әлі де жетілдіретін тұстар, шешілетін түйткілдер баршылық. Біз бұл тұрғыда Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақты әңгімеге тарттық.    Бауыржан Ербозымұлы, бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселесі түпкілікті шешілді. Дегенмен, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» отырмыз ба? – Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі ел бойынша 2020 жылы толық қолданысқа енгізіледі. Ал 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде іске қосылмақ. Иә, 1996 жылы тәжірибе ретінде енгізілген медициналық сақтандыруға қатысты айтып отырсыз ғой. Ол кезде мемлекетімізде қазіргідей тәжірибе болған жоқ, қағазбастылық көп еді, мүмкін сондықтан да қателік болған шығар. Медициналық сақтандыру тәсілі мен оны жүзеге асыратын тетіктері жұмыс істемеді. Кім білсін, мамандардың жауапсыздығы мен білігінің төмен болуы да жобаның іске аспауына әкелген шығар. Сондай-ақ, қаржыны жинақтау мен төлем желісі нақтыланбаған. Және жинақтау жүйесінде ашықтық болмады. Ал қазіргі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізбес бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары мұндай тәуекелдің барлығын зерделеп, сараптаудан өткізді. Денсаулық саласы өз бетінше, сақтандыру қоры өзінше жұмыс істеген. Енді 2020 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылатын жаңа жүйе ойдағыдай жүзеге асады деп білемін. – Сіздіңше, бұл жүйе денсаулық сақтау саласын тығырыққа тіремей ме? – Жоқ, бұл денсаулық сақтау саласы ақылы қызмет көрсетуге толықтай көшеді деген сөз емес. Мемлекет өз азаматтарының денсаулығынан пайда табуды көздемейді, керісінше адамға қолайлы медициналық қызмет көрсетуді жетілдіреді. 2016 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша медициналық қауымдастық арасында және жұмыс берушілер мен тұрғындарға да кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында МӘМС жүйесін түсіндіру мақсатында жалпы саны 1 107 300 тұрғынмен 4070 кездесу өткізілген. Ал облыстың медициналық мекемелерінде тиісті мамандар 10250 рет осы сақтандыру жүйесі туралы кеңес берді. Қазір «бас ауырып, балтыр сыздағанға» бола ем іздейтін уақыт өткен. Экология, техногендік төңкеріс адамзаттың денсаулығына да оң, теріс әсерін тигізгені анық. Демек, денсаулық сақтау жолындағы күресте медицина да жаңарып, өсіп, қайта жабдықталып отыруы керек. Бұл әлбетте қаржыны қажет етеді. Осы уақытқа дейін отандастарымыздың денсаулығын сақтауға мемлекет қана жауапты болып келді. Қазір өмір үшін күрес тым қымбатқа түсуде. Дерек бойынша, елімізде тәулік бойы ем алудың құны 1,5 есеге, ал күндізгі станционар бойынша 2,5 есеге өскен. Неге? Өйткені, медицина саласына қатысты технологияның қызметі қымбат. Қазір қолданысқа озық медициналық технологияның жемісі саналатын диагностиканың 450 түрлі әдісі пен құрылғысы еніп үлгерді. Мемлекет қаржысы медициналық қызметті реформалауға міндетті болғанымен, науқастың ем-дом алуына қажетті шығынды өтей алмайды. Адамдар сол себептен де ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр. Соңғы 5 жылы ішінде адамдардың түрлі меншік түріндегі емханалар мен ауруханаларға жұмсаған қаржысы 680 млрд теңгені құрапты. Бұл – жеке адам жұмсауға тиісті шығынның 42 пайызына жетіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы талабы бойынша мұндай шығын 20 пайыздан аспауы тиіс. Демек, медицина саласына міндетті сақтандыру жүйесін енгізудің қажеттілігі де, тиімділігі осы. – Айталық, МӘМС бойынша қызмет алу тетігі қалай?    – Қызмет көрсету 2 пакеттен тұрады. Біріншіден, бұрынғыдай алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем шақыру, санитарлық авиация көмегі, басқа да науқастың өмірін құтқаруға қажетті дәрігерлік көмектің барлығы тегін көрсетіле береді. Екіншіден, науқастың дертін анықтау мен толықтай емдеуге қажетті шығынды жабу ендігі жерде МӘМС жүйесі арқылы іске асырылды. Бұған маман дәрігердің кеңесінен бастап, дертті анықтау мен емдеуге қажетті шараның барлығы кіреді. Стационарлық ем алу түрі мен дәрі-дәрмек тізбесі ұлғаяды. Қажетті диагностикалық құрылғылар мен қондырғалар қызметі де қол жетімді болмақ. Яғни, қазіргі күні тұрғындар қосымша қаржы шығындап отырған медициналық қызметтердің барлығы міндетті сақтандыру жарнасы есебінен төленеді. Азаматтар өз табысынан тиісті мөлшердегі соманы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының есебіне аудара алады. Жинақтау жүйесіне төлейтін жарна мөлшері сатылап өсетінін білесіздер. Мысалға, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті жарна табыстың 1 пайызын құраса, 2018-2019 жыл аралығында 1,5 пайызға өзгерді. Ал алдағы жылдан бастап жарна 2 процентке көбейіп, 2022 жылдан 3 пайызды құрауы тиіс. – Қызметкер үшін міндетті сақтандыру жарнасын жұмыс беруші төлейді. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер қайтпек? – Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай бірыңғай әлеуметтік төлем жасауы тиіс. Міндетті медициналық жарна осыған кіреді. Мемлекет қазір бірнеше әлеуметтік топты жіктеп, жарна төлеуден босатып отыр. Оларға балалар, жүкті әйелдер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, 3 жасқа дейін бала тәрбиесімен айналысушы ата-ана, мүгедектік тағайындалған жандар, мүгедекті күтіп,бағатын қамқоршы, соғыс ардагерлері, көп балалы аналар және тағы басқалар кіреді. Бұл топтағыларға тиісті медициналық қызмет тегін көрсетіледі.